Студопедия Главная Случайная страница Обратная связь

Разделы: Автомобили Астрономия Биология География Дом и сад Другие языки Другое Информатика История Культура Литература Логика Математика Медицина Металлургия Механика Образование Охрана труда Педагогика Политика Право Психология Религия Риторика Социология Спорт Строительство Технология Туризм Физика Философия Финансы Химия Черчение Экология Экономика Электроника

Тіл мен ойлау




Тіл мен ойлаудың арақатынасы.

Ой тіл арқылы айтылған мазмұнның негізін құрайды. Ой арқылы, адам өз миының сәулелендіруші әрекеті арқылы тіл единицаларының объективті дүниедегі заттармен, құбылыстармен байланысқа түседі, мұнсыз адамдардың бір-бірімен тілдесіп, қатынас жасауы мүмкін де болмас еді. Белгілі бір тілдің дыбыстық комплекстері объективті дүние элементтерінің ойда сәулеленетін сигналдар ретінде қызмет етеді де, бұл дыбыстық комплекстерде адам танымының нәтижелері орнығып бекітіледі. Осы процестің нәтижелері адамның тіл арқылы ақпаратты танып білуіне негіз болады. Сондықтан да тіл ойлаудың қаруы, тетігі ретінде, ал ойлаудың тілмен байланысы органикалық бірлік ретінде түсіндіріледі.

Қоғам мүшелерінің өзара пікір алысуы сөз не жазу арқылы жүзеге асады. Тыңдаушы да сөйлеушінің ойын сөйлеу тілі арқылы түсінеді. Ой жарыққа шығып, іске асуы үшін ол тіл материалына негізделіп, сөздер мен сөз тіркестері және сөйлемдер түрінде болуы шарт. Тіл дегеніміз – ойдың тікелей шындығы. Ой шындығы тіл арқылы, айтылған сөздер мен сөйлемдер арқылы көрінеді. Демек, тіл – пікір алысу құралы, ойлаудың қаруы, ойды білдіру құралы. Ойлау мен тіл бір-бірімен өзара тығыз байланысты. Тіл ойлаудың шығуымен бірге бір мезгілде шығып қалыптасқан және онымен бірге дамып отырады.

Ойлау мидың материалдық-физиологиялық процестерімен тығыз байланыста бола отырып, тек тілдің негізінде ғана жарыққа шығады. Осымен байланысты В. Гумбольдт, Б. Уорф, т.б. ғалымдар “тілден тыс ойлау мүмкін емес, тіл мен ойлау бір-бірінен бөлінбейді” деп тұжырымдайды. Сонда тіл мен ойлау бір бүтіннің екі қыры: бірі – материалдық жағы болса, екіншісі – мазмұндық жағы екендігіне көз жеткіземіз. Ал тіл единицаларының мағыналық жағы тілді ойлаумен ұштастыратын дәнекер. Тіл мен ойдың арасындағы байланыс, бірлік олардың тепе-теңдігінің де кепілі бола алмайды. Ойлаудағы мақсат ақиқатты тануға, қоршаған ортаны, болмыстың мәнін түсініп, заттар мен құбылыстардың өзара қарым-қатынасын ашуға бағытталса, тіл ойды реттеп, жарыққа шығару немесе қалыптасқан таным-білімді кейінгі ұрпаққа жеткізу міндетін атқарады. Құрылымы мен логикалық формасы жағынан алғанда ойлау – жалпы адамзаттық та, тілдің грамматикалық құрылысы, сөз түрлендіру, сөз туғызу сөйлем құрау заңдылықтары – жеке халыққа, ұлтқа тән стандарттар бойынша жүзеге асады. Сондықтан, әрбір этникалық топ өкілі өз тілі тұрғысынан ойлайды.

Ойлау мен тілдің өзара тығыз байланыстылығы туралы мәселелерге келетін болсақ, олардың ішінде әлі де болса толық шешімін таппаған мәселелердің немесе талас пікірлердің бар екенін айтуымыз керек. Бұлардың қатарына, мысалы, тіл мен ойлау арасындағы байланыстың нақтылы формасы: тіл форма болып, ал оның мазмұны – ойлау болатындығы рас па? деген сауал төңірегінде біз тілдің әр түрлі сапалары – материалдық, дыбыстық жақтары және осылармен тығыз байланысты мағыналық белгілерінің ойлауға қатысы жайында, логикалық және грамматикалық категориялардың өзара ішкі байланысы жайында, сөздің мағынасы мен ұғымның ара салмағы және т.б. туралы ой жүгіртуіміз заңды. Аталған сауалдардың барлығы да лингвистиканың бүгінгі таңдағы күн тәртібіне қойылып та, талқыланып та келеді. Тілге (ойдың материалдық қабығына), біріншіден, – жағынан, ойлаудың абстракт мазмұнының, екіншіден, – қабылдау (восприятие) мен елес (представление), сезінудің, көрнекілік образының қатысы туралы проблема да талқылауды және айырықша назар салуды қажет етеді.

Ойлауды екі түрлі аспектіде қарастыруға болады: зерттеушілер ойлау туралы айтқанда, біріншіден, оны ұғым, пайымдау формаларына тән абстракт (дерексіз) мазмұн, қиялдағы процестер түрінде қабылдайды, екіншіден, қабылдау мен елестің образы тәрізденген сезімдік образдардың мазмұны ретінде таниды. Кейбір мамандар ойлаудың осы аталған екі түрлі жағының тілге катысы бірдей деп есептейді. Олардың пікірінше, тіл қабылдау мен елестің образдарымен тікелей байланыста болатындықтан, сөз ұғымды ғана білдірмейді, сонымен бірге елесті де бейнелейді. Ойлау мен тілдің тарихында ойлау қабылдау мен елестің образы ретінде ғана өмір сүрген дәуір де болған, тіл тек солардың қызметін ғана білдірген. Бұл көзқарас Гумбольдттан кейін Леви-Брюльдің «Алғашқы қоғамдағы ойлау» («Первобытное мышление») деген кітабында және Н.Я. Маррдың еңбектерінен орын алған.







Дата добавления: 2015-10-19; просмотров: 743. Нарушение авторских прав

codlug.info - Студопедия - 2014-2017 год . (0.095 сек.) русская версия | украинская версия