Студопедия Главная Случайная страница Обратная связь

Разделы: Автомобили Астрономия Биология География Дом и сад Другие языки Другое Информатика История Культура Литература Логика Математика Медицина Металлургия Механика Образование Охрана труда Педагогика Политика Право Психология Религия Риторика Социология Спорт Строительство Технология Туризм Физика Философия Финансы Химия Черчение Экология Экономика Электроника

Сәкен Сейфуллин




(1894-1938)

XX ғасырда қазақтың ұлттық әдебиетінің жаңа жолмен дамуына үлкен үлес қосқан қаламгердің бірі — Сәкен Сейфуллин. Ол әлеуметтік төңкерістер тұсындағы жолайрықта большевиктер партиясы сапына қосылды да, әдебиеттің бетін соған бұруға себепші болды. Ақын халықтың азаттығы мен тәуелсіздігі мәселесін жаңа өкімет саясатымен байланыстыра қарады. "Езілгендер мен қаналғандарды қатарға қосамыз, қоғамның қожасы етеміз" деген идеяға сеніп, кызмет етті. Сондықтан ол өзінің коғамдық қызметімен де, шығармашылық еңбегімен де Қазақстандағы социалистік құрылыс ісіне берілгендік танытты және оны батыл жырлаушы болды. Сөйтіп, кеңестік әдебиеттің негізін салушы ретінде тарихқа кірді.

Сәкен (Садуақас) Сейфуллин 1894 жылы бұрынғы Ақмола облысына қарасты Ақмола уезіндегі Нілді болысының І-ші ауылында (қазіргі Қарағанды облысының Жаңарқа ауданы) туған. Сәкеннің әкесі Сейфолла орта шаруалы, өз еңбегімен күн көрген адам болған. Сәкен өзі: "Әкем саятшы, аң аулағыш, домбырашы, ақ жарқын адам, шешем әңгімеші еді", - дейді. Сәкен жасынан ел ішінде ақын-жыршылардың, әншілердің өлең-жырларын қызыға тыңдап, соған құмартып өскен.

Сәкен әуелі ауыл молдасынан оқып, хат таниды. 1905 жылы ол Нілді мыс қорыту зауытына келіп, кісі қолында жұмыс істеп жүріп, орысша үйренеді. Келесі жылы (1906) осындағы орыс-қазақ мектебіне түсіп, екі жылдай оқиды. 1905 жылы желтоқсанда болған Нілді мыс қорыту зауытындағы жұмысшылардың патша өкіметіне қарсы ереуілін көреді. Жұмысшылар ереуіл кезінде жалақыны арттыруды, еңбек пен жұмыс жағдайларын жақсартуды талап етеді. Жұмысшылар ереуілі болашақ жазушының ой дүниесінде із қалдырады.

1908 жылы С.Сейфуллин Ақмола (қазіргі Астана) қаласына барып, Приходская школаға түсіп оқиды. Онда екі жыл оқып, кейін үш сыныптық училищеге түседі. Мүны ол 1913 жылы бітіреді.

1913-1916 жылдары С.Сейфуллин Омбы қаласындағы оқытушылар семинариясында оқиды. Бұл кезде болашақ ақынның саяси-қоғамдық көзқарасы қалыптаса бастайды. Ол қараңғы халық, ішіне мәдениет тарату мақсатын көздейтінстуденттердің "Бірлік" атты үйірмесінің жұмысына белсене қатысады. Үйірме мүшелері саясат мәселелеріне де араласып отырған. Осы үйірменің көмегімен 1914 жылы Қазан қаласында Сәкеннің "Өткен күндер" атты алғашқы өлеңдер жинағы басылады.

1916 жылы жазда Сәкен Ақмола маңында халықтың патша өкіметіне қарсы ұлт-азаттық көтерілісін қарсы алады. Көтерілісті қуаттап өлең жазады. Сол жылы күзден 1917 жылдың ақпанына дейін ол Ақмола уезіндегі Сілеті-Бұғылы деген жерде ауылдық мектепте мұғалім болып қызмет істейді.

Сәкеннің коғамдық, шығармашылық қызметінің жаңа дәуірі 1917 жылдан басталады. Патша өкіметі құлатылғаннан кейін, ол Ақмола қаласына келіп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Ақмолада ұйымдасқан Совдептің (депутаттар кеңесі) оқу-ағарту комиссары және президиумының мүшесі болып сайланады. "Тіршілік" атты алғашқы уездік газет ұйымдастыруға және шығаруға қатысады.

1918 жылы маусым айында ақ казактар мен контрреволюцияшыл чехословактардың көтерілісі кезінде Ақмолада Кеңес өкіметі құлап, Сәкен бір топ жолдастарымен революция дұшпандарының қолына түседі. Ол Ақмола, Петропавл түрмелерінде, атаман Анненковтың "Азап вагонында", Колчактың Омбы лагерінде ауыр азаптар шегеді. Оған "қоғам мен мемлекет қауіпсіздігіне қатерлі адам" деген айып тағылады. Осы азаптан Сәкен 1919 жылы жазғытұрым қашып шығып, "Дүйсенбі" деген жалған ат жазылған құжатпен жаяу Павлодар, Баянауыл арқылы туған еліне жетеді. Одан кейін Әулиеата (қазіргі Тараз) қаласына келіп, Совдептің көмегімен Сарысу, Шу өзенінің бойындағы елдерде советтендіру (кеңестендіру) жұмысын жүргізеді. Бұдан кейінгі дәуірде ол елді Колчак үстемдігіне қарсы көтеріліске ұйымдастырып, Ақмола уезінде Кеңес өкіметін орнатуға қатысады. 1920 жылы көктемнен бастап, Ақмола уездік атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет істейді.

1920 жылдың қазан айында Қазақтың Автономиялық Республикасы құрылған съезде Сәкен Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің Президиум мүшесі болып сайланады. 1922 жылы Қазақстан халық-ағарту комиссарының орынбасары, "Еңбекші қазақ" (қазіргі "Егемен Қазақстан") газетінің редакторы болып істейді. 1922 жылдың қазан айында Кеңестердің қазақстандық III съезінде Қазақстан Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы болып тағайындалады. 1923 жылы қаңтарда Кеңестердің X съезінде Бүкілодақтық Атқару Комитетінің мүшелігіне сайланады.

1925-1937 жылдары С.Сейфуллин Қазақстандағы әр түрлі мәдени-ағарту орындарында - Жазушылар Одағында, "Әдебиет майданы" (қазіргі"Жүлдыз") журналының редакцияларында басшы қызметтерде болады. 1930-1937 жылдары Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтында қазақ әдебиеті тарихынан лекция оқиды.

Үлкен қоғамдық-саяси жұмыс пен әдеби шығармашылығын қанаттаса жүргізе отырып, С. Сейфуллин жиырмасыншы жылдардың өзінде көрнекті ақын болып қалыптасты. 1922 жылы оның "Асау тұлпар" атты өлеңдер жинағы, "Бақыт жолына", "Қызыл сұңқарлар" атты пьесалары жеке кітап болып басылды. Кейін ақынның "Домбыра" (1924), "Экспресс" (1926), "Тұрмыс толқынында" (1928), "Көкшетау"(1929), "Альбатрос" (1933), "Қызылат" (1934), "Социалистан" (1935) атты өлең-поэмалары жарық көреді.

Проза жанрында Сәкен Сейфуллин "Тар жол, тайғақ кешу" (1927) романын, "Жер қазғандар" (1928), "Айша" (1922 жылы жазылып, 1935 жылы өңделіп басылған), "Жемістер"(1935) атты повестер мен көптеген әңгімелер жариялайды.

С.Сейфуллин қазақ әдебиеті нұсқаларын жинаушы және зерттеуші есебінде де елеулі қызмет атқарды. Орта және жоғары мектепке арнап әдебиеттен окулықтар жазуға қатысты. 1936 жылы Қазақстан жұртшылығы Сәкен Сейфуллиннің әдеби қызметінің 20 жылдығын атап өтті. Жазушы көркем әдебиетті дамытуда сіңірген еңбектері үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.

Коммунистік партия мен Кеңес өкіметіне сеніп, оның жолын әділдік, теңдік жолы деп ұққан Сәкен ұлт саясатын бұрмалау, халық мүддесінен бұра тарту фактілерін көрген кезде, әрқашан қарсы шығып, өз пікірін білдіріп отырған. 20-жылдар ішінде ол бұрын "қырғыз" аталып келген ұлттың "қазақ" аталынуы, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуы мен іс-қағаздарының қазақ тілінде жүруі үшін күрескен. Большевиктердің патшашыл отаршылдықты жалғастыруына наразылық білдірген. Қазақстанды 1925-1933 жылдары басқарған Голощекин саясатына ашық қарсы шыққан. Шындықты бұрмалаушылық жайларды ол кейбір көркем шығармаларында ("Совет баласы", "Отарбаның жұмсақ вагонында", "Қызыл ат", "Біздің тұрмыс", т.б.) да суреттеп жазған. Сондықтан мемлекеттік басқарушы аппарат С.Сейфуллинді ұната қоймады. Оны әрдайым сынап, партиялық тазалаудан өткізіп отырған. Ақьн 1937 жылы "халық жауы" есебінде тұтқындалды. Ол 1938 жылы 25 ақпанда түрмеде, өзі орнатысқан өкіметтің қолынан атылды.

Сәкен Сейфуллин өлеңді 1910 жылдардан жаза бастаған. Оның алғашқы өлеңдер жинағы 1914 жылы "Өткен күндер" деген атпен басылған. "Өткен күндерден" кейін де Сәкен көптеген шығармалар жазған. Бірақ сол кездегі саяси жағдайдың ауырлығынан ақынның өлеңдері жиналып кітап болып басылмаған. Сәкеннің бірқатар өлеңдері мен мақалалары "Айқап" журналында, "Тіршілік" газетінде, т.б. баспасөз беттерінде жарияланған. Олардың бірқатарын ақын 1922 жылы шыққан "Асау тұлпар" деген жинағына кіргізген.

Сәкеннің алғашқы шығармалары, негізінен, сол дәуірде өмір сүрген демократ ақын-жазушылардың ой-пікірімен үндес келеді. Ақын надандық пен ескі феодалдық әдет-ғұрып заңдары езіп, тоздырған қараңғы қазақ қауымының күн көрісін суреттейді. Халықтың тағдыры туралы ойланады. "Түс" деген өлеңінде ескі өмірді қорғансыз бақша күйінде, қазақ халқын сол бақшадағы қураған ағаштар түрінде бейнелейді. Елді болашаққа сүйрер күшті жастар бойынан танып, оларды сол бақшадағы көк шыбыққа теңейді.

 

Ойынды қой, інішегім, алға бас.

Жарқыраған ақ нұрменен көңілді аш.

Балалыққа жас миыңды алдатпа,

Ғылым үйрен, нұрға толсын, кеудең жас,

– дейді "Інішегіме"деген өлеңінде. Ақын қазіргі қазақтың халін қараңғы үйде отырған адамға теңейді. Оларды басқа жұрттар сияқты жарыққа шығып, қараңғы үйге шырақ жағуға үндейді. Надан байдың малына өнерді қарсы қояды.

Бірқатар өлеңдерде жастай білім қуып, елден алыс жүрген жас адамның елге, туған жерге дегенсағынышы, ауыл тұрмыс-тіршілігінің суреттері беріледі. ("Туған ел", "Нұра", "Жайлауға көшу", т.б.).

Сәкен Абайдың ақындық өнерінен үйренген, соны үлгі тұтқан. "Ақын" деген өлеңінде ол Абайды "Сөздің нақышын қиыннан қиыстырған" ұлы ақын деп бағалайды. Абайдың ақындық стилі Сәкеннің жастық-махаббат жырларына да әсерін тигізген.

Сәкеннің бұдан кейін (1915-1916 жылдары) жазған өлеңдері де оның іздену, өсу жолы халық өмірімен тығыз байланыста өткенін дәлелдейді. Халық мұңын айту мен азаттықты аңсау тақырыбы бұл кезде ақын шығармаларынан мол орын алады. "Көңіл" деген өлеңде ол төңкеріс алдындағы халық көңіліндегі толқуды аңғартады. Лирикалық кейіпкерде іздену, жан-жақты шарқ ұрып, талпыну бар.

Сәкен алғашқы өлендерімен-ақ өзі өмір сүрген дәуірдің талаптарына жауап беруге тырысты. Сонымен бірге ақын ағартушылықтың тар шеңберінде калып қоймай, күрес дәуірінің от-жалынын кеше, жаңа әдебиетке өтті. Халықтың азаттық жолындағы күресі мен ерлік жорығын шығармаларына арқау ете білді.

"Асау тұлпар" жинағына (1922) жазған "Арнауында" Сәкен өз туындыларын коғамның жас күштеріне бағыштап:

 

Дүниенің құлдық шынжырын қиратып, Әділдік, тендік іздеген,

Тұрмыстың таршылық зынданын бұзып, Еркіндік, кеңдік іздеген, жастар!

Сендерге арналды бүл әндер!

Шақырыңдар арттағы ұйықтаған, именшек,

Бақыт жолын білмейтін бауырларыңды!

Шақырыңдар арттағы құлдықта жүрген

бауырларыңды! Қосыңдар дауыстарыңды!

Күшті дауыстар мен қызу ән

Жаңғыртсын дүниені!

Жаңғыртыңдар, жаңғыртыңдар

Ескі дүниені, Қайратты, ер жастар!

 

– деп жазған еді.

Осы өленде ақынның сол тұста ұстаған жолы, шығармаларының идеялық-эстетикалық мұраты айқын көрінеді. Оның күрескер жырлары "Әділдік, теңдік іздеуге" арналды.

1917 жылы жазған Сәкеннің "Асығып тез аттандық", "Кел, жігіттер" атты өлеңдері Кеңес дәуіріндегі азаматтық, саяси лириканың басы болып табылады. Бұл өлеңдерде ақын патша өкіметінің құлағанына қуана отырып, еңбекші халықты бостандық таңының атуымен құттықтады, өзі оны қарсы алуға аттанады. "Тұлпарым", "Қамаудан", "Сағындым", "Қамыққан көңілге", т.б. өлеңдерінде Сәкен күрес шындығының сұсты келбетін аша отырып, сол жолда шыныққан күрескер тұлғасын бейнеледі. Бұл өлеңдердің лирикалық кейіпкері бостандық жолына жанын қиған, жау қолында да жасымаған жан.

 

Темір торлы тас үйде, Көкірегім толды шерменен. Қанатты, тағы тұлпарым, Арқырап келші кермеден. ...Құтқаршы мені қамаудан, Шынжырлап ерік бермеген. Мініп ап, "шүу" деп кетейін, Жарысып соққан желменен, ...Өңкей сорлы езілген Көрісейін елменен,

– дейді ол.

Ақынның "Жас қазақ марсельезасы", "Жолдастар"өлеңдері төңкеріс жылдары халық арасына кең тараған. Сәкен оларда патшаның әділетсіз болғанын, ұлықтардың парақорлығын, байлардың мейірімсіздігін әшкерелеп, кедейлерді қол ұстасып, теңдік ұранын көтеруге шақырады.

 

Азамат, жүнжіме, жүрме бос,

Қол ұстас, бірігіп тізе қос.

Ту ұстап дұшпанға барайық,

Теңдіктің ұранын салайық.

Тізесін батырған залымнан,

Күн туды — біз тендік алайық!

Күрес дәуірінің рухын сездіру, жаңашыл күштің басымдығын аңғарту, күреске үндеу ұраны бұл өлеңдерді дүние жүзілік төңкеріс ән-ұрандарымен ("Марсельеза", "Интернационал") туыстырады.

Қоғамдық дамудың өзгешеліктерін бейнелеу, оны бұрынғы өмірдің мешеу көріністеріне қарсы қою СәкенСейфуллин поэзиясының ең бір өзекті тақырыбы. Төңкеріс тудырған қоғамдық өмірдегі қарқынды өзгерістер ақын шығармаларына негіз болған. 1922 жылы басылып шыққан өлеңдерінің жинағына Сәкен "Асау тұлпар" деген атты тегін тандамаған. Асау тұлпар – мешеулік пен меңіреу тыныштық басқан қазақ даласын ұйқыдан оятқан, оған жаңа дүниенің дүбірін жеткізген өзгеріс үні.

Сол тұстағы Сәкен жырларының барлығында да астына асау тұлпар мініп, жорыққа аттанған, кең даланы дүбірлетіп ән шырқаған күрескер адам бар. Тұлпар үні ескі өмірдің тыныштығын бұзып, жаңа дәуірдің ұранын таратады. Асау тұлпарды жаңа өмірдің айбынды асаулығын, ерлігін танытарлық образ есебінде пайдалана отырып, ақын оған жаңаша сипат береді. "Қызыл шашақ оқа ұстап, айдарына қызыл шоқ" тағады. Бұл арқылы ақын қазақтың халықтық әдебиетіндегі дәстүрлі тұлпар образына жаңа заман өзгерістерін танытар тың мазмұн береді.

Жиырмасыншы жылдар ішінде іске асқан қоғамдық өмірдегі өзгерістер, жаңа заман дамуының қарқындылығы, тарихи оқиғалардың жедел ауысып отыруы Сәкен поэзиясында жаңа заман бейнесін берерлік екінші образ – жүйрік поезд-экспресті тудырды. Ақын "Біздің тұрмыс – экспресс" деп жырлады. Жаңа елді болашаққа қарай тоқтамай зырлап бара жатқан экспресс образында бейнелеу акынның "Советстан" поэмасында кең орын алды.

Сәкен халық жаңа қоғам орната алады деп сенді. Өйткені, оның бойында күш мол.

Кімде-кімнің тасқын судай қайраты,

Күркіреген бұлтты аспандай айбаты.

Екпін күші асау, тағы тұлпардай,

Серпіндісі тас түлекті сұңқардай.

 

Қиырсыздың қиырына жетейік,

Өлшеуі жоқ көк мұхиттан өтейік.

Аспандағы алыс қызыл жұлдызды,

Жерге әкеліп, жердің көркі етейік.

 

Асуы жоқ асулардан асайық,

Ашылмаған тас қақпаны ашайық.

Болмағанды болдырайық дүниеге,

Жаңа тұрмыс жаңа жерге жасайық,

– деп жар салды ақын.

Жаңа заманды қиялдаған, өмірді романтика көзімен көріп бейнелеген Сәкен жаңа күштің бәрінен өмірді өзгертушілік сипат табады. "Қара айғыр", "Аспанда" өлеңдерінде "дауылмен ойнап", "бұлттан асып, қызыл күнге" қол созады. Осы биіктіктен әлемге ерлік пен еңбек ұранын таратады. "Бұлшық ет" өлеңі еңбекте шыныққан жұмысшының сұлу мүсінді ер түлғасын ашуға арналады.

Сәкен өлеңдері дүниені өзгерте алатын адамның тегеурінді күшін нақты шындыққа негіздеген ақынның астарлы, көркемдік бейнелі ой жүйесінен туған. Сонымен бірге бұл жырларда болғаннан гөрі, боладыға сену, төңкерістің лепті үміті байқалмай калмайды.

Шығармаларының көбін еліміздегі жаңаруды бейнелейтін азаматтық пафосқа құрғанмен, Сәкен казақ поэзиясындағы көрнекті лирик ақындардың бірі болып саналады.

Сәкен лирикасы такырыптық және жанрлық сыр-сипаты жағынан әр алуан. Ол туған өлкенің бай табиғатын, жастық-махаббат сезімдерін, көңіл күйі әсерлерін бейнелейтін көптеген сыршыл өлендер қалдырды. Солардың бәрінде ақын адамның ішкі сезім байлығын терең ашуға, сол негізде жаңа коғамдық қарым-қатынастардың қалыптасуын көрсетуге ұмтылады. Адамның көңіл күйін әлеуметтік ортаның шындығымен байланыстыра суреттеу Сәкеннің лирикалық өлендерінде де мол байқалады. Ол табиғаттың әсем жыршысы болды. Республика табиғатының ең бір бай өлкесі Көкшетау – қазақ поэзиясындаСәкеннің, осы аттас поэмасы арқылы әсем де әсерлі жырланды. "Далада", "Қырда" атты өлеңдерінде ол даладағы өзгеріс үнін дала желі арқылы таратып, табиғаттың қуанышқа бөленген шат күйіне назар аударады.

Есіп кеп, майда желдер таудан асып, Құшақтап аймалайды, амандасып. Естіген, көрген-білген сырын маған Айтысты, қуанысып, сыбырласып.

 

...Күлімдеп гүл шашақтар басын иді,

Құшақтап майда ескек жел беттен сүйді.

Қуаныш сырын айтқан ғашығындай, Ескектің көкірегімен лебі тиді.

Табиғаттың кіршіксіз, адалдығын тамашалаған "Ақша қар" өлеңін ақын былғанышты ескі дүниеге қарсы қояды.

Табиғатты Сәкен тек ел байлығы мен ондағы өзгерістерді суреттеуге ғана емес, жастық-махаббат сезімдерін бейнелеуге де пайдаланады. Бұл тәріздес өлеңдерінде ол махаббаттың тәтті арман аңсаған құпия сырларына сұлу табиғатты куә етеді. Ақынның "Тау ішінде", "Біздің жақта", "Жазғы түнде" өлеңдері осы үлгіде жазылған. Табиғат аясындағы сезімнің сұлулығы мен тұрақтылығы, оны ардақтау, қадірлеу идеясы Сәкеннің "Аққудың айырылуы", "Ақсақ киік", "Сыр сандық" сияқты лирикалық шығармаларында кеңірек қойылады.

Сөйтіп, Сәкен лириканың мүмкіндігін молайта қарап, оны тек сезімнің көрінісі есебінде шектемей, оған азаматтық әуен, ойлы мазмұн бере дамытты. Ол ізгі адамгершілік сезімдердің, айнымас достық пен махаббаттың жыршысы болды.

Сәкеннің көлемді шығармаларыньщ бірі – "Көкшетау" поэмасы. Ел арасында Көкшетауға байланысты неше түрлі халық аңыздары, ертегі сипатты әңгімелер мол. Сәкен поэмасы, негізінен, осындай халық аңыздарының желісіне құрылған.

"Оқжетпес", "Жұмбақ тас" аңыздары – Сәкен поэмасының негізгі тараулары. Ақын сол дәуірдің шындығын, ондағы адамдар, таптар қарым-қатынастарын, ұнамды-ұнамсыз адамдар образдарын да осы тарауларда ашады. Бұл аңыздардың негізі – қазақ пен қалмақтар арасындағы ерте кездегі жауласушылық оқиғаларда болып табылды.

Сәкен көрші отырған екі ел – қазақ пен қалмақтың ұзақ жылдар жауласып келуінің негізі хандық құрылыспен, оның басында отырған феодалдардың мүддесімен байланысты деп ұғады. Олар халықтың қараңғылығын пайдаланып, сотқарлық істер жасаған. Момын, бейбіт екі халықты біріне-бірін жау етіп көрсетіп, айдап салған.

Сәкен суреттейтін уақиға да – осы жауласушылықтың бір көрінісі.

Поэмада қазақ ханы Абылай бастаған қолдың қалмақты шабу кезіндегі оқиғалары суреттеледі.

Заман шындығына, адамдар ара-қатынасына таптық тұрғыдан қараған Сәкен Абылайды үстем таптың өкілі есебінде алып, жауласушылық тудырған қатыгез мінездерді соның қолымен жасатады. Ол Абылай ханның жоңғар қалмақтарына қарсы халықтық күресті ұйымдастырушы батыр есебіндегі рөліне соқпайды. Тек оның бейнесін қалмақты жаулап, еліне "олжа" (соның ішінде, қалмақтың сұлу қызы бар) әкелуші билік адамы ретінде алып жасаған. Ал Мағжан суреттеген ("Батыр Баян" поэмасында) Абылай, керісінше, қалмақ шапқыншылығына қарсы күресті басқарушы, дана, көреген, ел басшысы ретінде көрінеді.

"Көкшетау" поэмасының негізгі кейіпкерлерінің бірі – осы шапқыншылықта қолға түскен қалмақ қызы. Абылай қолға түскен олжаны бөліске салғанда, осы қыз үшін хан мен оның сарбаздары арасында талас туады. Бәрі де қызды алудан дәмелі болады. Сұлу қызды жорыққа катысушылар біріне-бірі қимай, ақыры таңдауды қыздың өзіне береді. Сәкеннің суреттеуінде, қалмақ қызы өзі сұлу, ақылды, мінезді, адамгершілік сипаты мол, сүйіспеншілігі тұрақты, байсалды жан болып көрінеді.

Қыз хан сарбаздарының мергендігін, күштілігін, тапқырлығын сынап байқау үшін үш түрлі шарт қояды. Бірінші шарт — биік шың басына байланған орамалға оқ тигізу болса, оған хан батырларының бірде-бірі оғын жеткізе алмайды. Шың "Оқжетпес" атанады. Екінші шарт етіп күш сынасуды, үшінші шарт ретінде өз өмірін жұмбақтап айтып, соны шешуді ұсынады. Төрт адамды арқалап мың қадам жүгіру арқылы күш сынасу кезінде хан нөкерлері бірінен-бірі оза алмайды. Бәйгеге түскен қырық адамның сегізі қыз тұрған тасқа қатар жетеді. Қайта талас туады. Енді қыз жұмбағы айтылады. Қыз жұмбағы – халықтың ауыз әдебиетінде көп ұшырасатын дәстүрлі жұмбақ. Ол өз басынан кешкен жайларды жұмбақтайды. Өзі және әңгімеге қатысы бар адамдар онда әр түрлі құстар түрінде бейнеленеді. Мысалы, ол өзін кептер етіп көрсеткен, киянатшыл адамдарды қарақұс, жапалақ күйінде, лашын – елдің қамқор ер адамдары, сұңқар – өзінің сүйген жары, жыртқыш бүркіт – хан бейнесінде суреттеледі. Су ішіндегі тас қыз жұмбағы сол жерде айтылғандықтан, "Жұмбақ тас" атанады.

Ақынның халықтық көзқарасы тек қыз басындағы мұңға ортақтаса білуі ғана емес, оны осы тордан құтқарар халық өкілін де суреттеп көрсете алуымен байланысты. Ең соңында, қазақ батыры Адақ қана қыз сынынан өтіп, оның жұмбағын шешеді. "Оқжетпес" үстіндегі аққу ілген бүркітті атып түсіреді, шың басындағы қыз орамалына оқ тигізеді. Өзінің үлесіне тиген қызды Адақ рұқсат беріп, елін қайтарады. Бұл арқылы автор зорлық пен қара күшті жеңген әділдікті, ақылдылықты паш етеді.

Сәкен поэмасы Көкшетаудың бай, көркем табиғатын көрсететін әсем де сырлы суреттерге толы. Көкшетаудың табиғат байлығын, көлінің, тауының әсем көріністерін ондағы оқиғалармен байланыста алып суреттейді. Кейде тауға, шыңға, көлге портрет, мінездеме береді. "Жеке батырды" ол ұйықтап жатқан батыр күйінде көреді.

"Көкшетау" поэмасы – бүкіл қазақ поэзиясындағы көркем шығармалардың бірі. Оның халық арасына кең тарауы шын мәніндегі халықтық туынды екенін танытады.

Сәкен – әр жақты талантты ақын. Оның өлең-поэмалары ең алдымен, өз өмір сүрген күрес заманын жырлауға, оның бейнесін романтикалық көтеріңкі күйде жасауға арналды. Ол тарихи дамудың әр кезеңіне лайық ерекшеліктерді, дәуір тудырған жаңалықтарды поэзия тіліне кіргізіп отыруға тырысты. Сонымен қатар адамның көңіл күйін, табиғатты, махаббаты жырлайтын лирика қалдырды. Кейбір шығармаларын Сәкен дәуірдің маңызды мәселелерін саралай талдап беруге құрған. "Қызыл ат", "Лашын әңгімесі" сияқты поэмаларын ол тұспалдай айту арқылы жазған. Поэмадағы қызыл ат қоғамның даму заңдылықтарын бұзып, асыра сілтеуге жол берген өкіметтің - қызыл шындықтың бейнесі. Ол жүдеп, жадап, арқасы жауыр күйге жетеді. Ақын мен қызыл аттың сыры өмірдің қайшылықты күйлерін ашуға себеп болады. Сол негізде Сәкен шаруаларды ұжымдастыру кезіндегі қайғылы оқиғаларды суреттейді.

Өлең түрлерін жаңарту талабы Сәкеннің "Советстан", "Альбатрос" поэмаларында, бірқатар өлеңдерінде байқалады. "Советстанда" ол 11 буынды қара өлеңнің үшінші тармағының буын өлшемін өзгертіп, 4-5 буынды үш тармаққа айналдырады. Ал "Альбатроста" 1-2-4 тармақтарды да екі тармаққа бөледі. Бірақ буын санын сақтайды. Сәкеннің өлең жолдарын бұзып, шашырата пайдалануы сөзге дербес мағына беру арқылы іске асады. Сонымен бірге, ақын негізгі шумақтарда айтылатын ойды анықтай түсу үшін ұзақ ырғақты қосымша тіркестер жасайды. "Тоқу фабригінде" деген өлеңде ақын өлең үлгісін дөңгелектің айналып шыққан дыбысының ырғағына құрады. Сәкеннің бұл үлгілері өлең үлгісіне жасалған тәжірибенің бір көрінісі. Бұл тәріздес ізденістер орыс поэзиясында да (Маяковский) болған. Сәкен сонымен үндесуге тырысты.

Сәкен Сейфуллин – аса көрнекті қазақ ақыны және белгілі қоғам қайраткері. Ол жас қазақ кеңес әдебиетінің жетілуі мен идеялық қалыптасуына мол еңбек сіңірді. Азаттық жолындағы күрестің от-жалынын басынан кешкен табанды күрескер ақын есебінде ол қазақ әдебиетіне тұңғыш рет күрес рухын алып келді. Сәкеннің шығармалары арқылы ұлттық әдебиетте азаматтық сарын қалыптасты. Жан-жақты талант иесі Сәкен жас әдебиеттің барлық жанрында қызмет етіп, проза, поэзия, драматургия саласында елеулі шығармалар қалдырды. Әдебиет сынымен, зерттеу жұмыстарымен айналысты. Ол әдебиеттің дәуір талабына үндес болуы үшін күресті.

 

 







Дата добавления: 2015-09-15; просмотров: 1447. Нарушение авторских прав

codlug.info - Студопедия - 2014-2017 год . (0.016 сек.) русская версия | украинская версия