Студопедия Главная Случайная страница Обратная связь

Разделы: Автомобили Астрономия Биология География Дом и сад Другие языки Другое Информатика История Культура Литература Логика Математика Медицина Металлургия Механика Образование Охрана труда Педагогика Политика Право Психология Религия Риторика Социология Спорт Строительство Технология Туризм Физика Философия Финансы Химия Черчение Экология Экономика Электроника

Сырбай Мәуленов




(1922-1993)

Қазақтың озық ақындарының бірі – Сырбай Мәуленов 1922 жылы Қазіргі Қостанай облысының Жангелдин ауданында туған. Әкесі Мәулен ел арасындағы өлең-жырларды жақсы білетін көзі ашық адам болған.

Болашақ ақын алғаш Торғай мектебінде, кейін Қызылорда қаласында білім алады. 1938 жылы Қызылорда педагогика институтына түседі. 1940 жылы институтты бітіріп үлгермей әскер қатарына шақырылады. Бірақ денсаулығына байланысты көп ұзамай әскер қатарынан босатылған Сырбай 1942 жылға дейін Қостанай облыстық радио комитетінде әдеби қызметкер, ауылдық мектепте мұғалім болып істейді. Содан Ұлы Отан соғысы майданына аттанады.

Сырбай Қызылордада оқып жүрген кезден ақындық өнерге ұмтылады. Оның алғашқы өлеңі 1938 жылы Сырдария аудандық газетінде жарияланады. Кейін біраз өлеңдері облыстық газет бетінде жарық көреді.

Алайда Сырбайдың ақындық жолына шындап бет бұруы Ұлы Отан соғысы кезінен басталады. Майдан өмірінің қат-қабат шындығы оның дүниетанымын да, көзқарасын да, өнер жолындағы талабын да қалыптастырады. Оның майдан жырларында отаншылдық сезім, азамат бойындағы ерлік, ізгілік қасиеттер, оқ астындағы солдат өмірінің алуан түрлі шындығы мен туған ел, жер сағынышы тәп-тәуір көрініс береді. Ақын өлеңдерінің лирикалық кейіпкері майданға үлкен сеніммен аттанады. «Қош бол, сәулем» өлеңінде:

 

Қош бол, сәулем, қан майданға жөнелдім,

Жаным барда жаудың жолын бөгермін.

Бұлт астынан шыққан күндей жарқырап,

Күте бер сен, мен оралып келермін, –

(«Қош бол, сәулем»)

 

дейді ол.

«Ұйқысыз өткен түнде», «Кек», «Солдат сыры», «Боранда», «Шуылдайды қара орман», «Есіңе ал» сияқты өлеңдері майдан өмірінің ауыр шындығы мен солдаттың өліммен бетпе-бет келіп, оны талай рет жеңіп шыққанын бейнелейді.

 

Оқ борандай түтесе де,

Қар астына көмілмедім.

Болашаққа сенгендіктен,

Мен майданда жеңілмедім.

(«Боранда»)

Болдың ба сен Волховта?

Көрдің бе оның орманын?

Сол орманның әр талын

Өз жанымдай қорғадым.

 

Январьда майданда,

Ақ денемнен тамды қан.

Алып соқтым ажалды,

Алдымды орап аңдыған.

(«Есіңе ал»)

 

Соғыстан кейін Сырбай Қостанай облыстық газетінде, Алматыда «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз» журналының редакцияларында жауапты қызметтер атқарады. Ақын поэзиясы бұл кезде тақырыбы жағынан кеңейіп, көркемдік шеберлік жолындағы ізденісте еркін тыныс алып, жетіле түседі. Ол соғыстан соңғы еліміздің бейбіт өмірін, халық шаруашылығын қалпына келтіру кезіндегі еңбек адамын, халықтар достығын жырға қосады. Ел өміріндегі елеулі оқиғалардың бәріне де ақын үн қосып отырады.

60-жылдан бастап Сырбайдың ақындық ізденістерінде жаңа бір кезең туады. Оның өлеңдерінде өмір фактілерін ойшылдықпен қорыту, жинақтау, ойды жанды образ арқылы, тереңдіктен бейнелеу және өлең жолдарын шешендікпен құйылта жасау молырақ көзге түсе бастайды. Бұл – ақынның кемел тартқанының, шабытының шаңқай түс тұсына келгенінің белгісі. Ол бір үлкен жинағын «Шаңқай түс» (1966) деп те атады.

Бұл кезеңде Сырбай поэзиясы көркемдік биікке көтеріле отырып, өзінің тақырыптық мазмұнын кеңейтті. Ақын үшін адам өміріндегі, жер бетіндегі құбылыс пен тіршіліктің ұсақ-түйегі жоқ тәрізді. Ол бәрін де көре біледі, одан ой түйе алады, шебер суреттер жасайды. Әсіресе, ақынның өзі жүрген ұзақ жолдың іздері оның шығармаларында сайрап жатады. Бұл жылдары Сырбай туған өлкесінің ойы мен қырын аралады. Алтынды Алтайда, көмірлі Қарағандыда, сұлу Көкше мен астықты тың дала, Оңтүстік мақташылары мен Сыр малшыларының арасында болады. Туысқан республикалар өмірімен (Өзбек, Қырғыз, Тәжік, Түркімен, Әзірбайжан, Беларусь, Қарақалпақ, Татар, Башқұрт республикалары) танысады. Волхов жаққа барып, өзі майдан жолын кешкен даланың бүгінгі өмірін көреді. Осылардың бәрі санасында жаңа әсер қалдырады, жаңа жыр болып туады.

Волхов – Ленинград (Санкт-Петербург) сапары солдат Сырбайдың ойындағы көп нәрсені жаңғыртады, ол ұрыс даласын, солдат өмірі мен соғыс шындығын қайта еске алады. «Құлын» деген өлеңінде ақын майданда Волхов батпағында, фугас бомбасы өртенген жерде биенің толғатып жатқанын есіне түсіреді. Сол биенің бүйіріндегі бүлкілдеп жатқан құлынды ол өлмес өмірге балайды.

 

Ал оттың ортасында,

Шіркін өмір,

Құлын боп кісінейді, –

 

деп қорытады өлеңін.

«Жастығым, сені жоғалттым» өлеңінде Сырбай балғын жастық шағы сұрапыл соғыста қалғанын айтса, «Мың қолдар сау болсын» деген өлеңінде ел қамы, халық тіршілігі үшін қанын төккен патриот ердің образын жасайды.

 

Мың қолдар сау болсын деп, –

Мен бір қолымды бердім.

Мың жолдар жалғансын деп, –

Мен бір жолымды бердім.

 

Мың гүлдер солмасын деп, –

Гүлдей жастық күнімді бердім.

Мың ақын толғансын деп, –

Мен бір жырымды бердім.

 

Соғыстың халық басына түскен ауыртпалығы мен қайғысы «Соғыстан қайтқан солдаттар» өлеңінде психологиялық тұрғыда жақсы шешілген. Осы бір шағын өлеңде баласын күткен ата-ана, жарын күткен ару, әкесін күткен сәби қайғысы солардың «көрдің бе?» деген сұрағына жауап таппай үнсіз түнерген солдаттың сезіміне қосылып, үлкен ойлы суретке айналады.

Ақын өлеңдерінде бейнелілік басым келеді. Ол нақты көріністі жадында сақталған елестер, естеліктер арқылы жаңғырта, жаңарта суреттейді. Соның мысалын «Түбірлер» өлеңінен көруге болады. Түбір арқылы ақын соғыс апатын, оның адамзатқа әкелген алапатын еске салады, көзге елестетеді.

Осы аталған өлеңдердегі заман трагедиясы, адам басына түскен салмақ, өмір үшін арпалысқан адам еңбегі, тіпті жаңа мазмұн тудырған шығарманың түр өзгешеліктеріне дейін Сырбай қаламының құдіретін танытады.

Сырбай өз заманының көп ізденгіш, ой-өрісі кең, көзі қырағы ақыны болды. Ақын көргені мен білгенін ұшқыр қиялымен әрлеп, ой елегінен өткізіп, жанды суретке айналдыра білді. Өмірмен тығыз байланыстылық, шығармашылық сапарлар оған көп материалдар берді, сезімін байытты. Ол жырлаған сұлу өмір суреттері – осындай шикі материалдың шығармашылық електен өткен көріністері. Сырбай жасаған табиғат суреттерінен осыны анық тануға болады. Оларды шындықтың өзі деп қабылдау аз. Ақын өмірде көргенін қиялмен, бейнелі сөздермен өріп, жаңа көркем шындық ұсынады. Ондай өлеңдерден жалт еткен сезім күйін, найзағайдай жарқ еткен көңіл әсерін, жазғы шықтай немесе жанардан үзіліп түскен тамшыдай мөлдірлік танылады.

 

Шатырлап аспан шарт сынып,

Лақтырды жерге ақ сырық.

Ақ сырық тағы шарт сынып,

Кемпірқосақ тартылды,

Жер мен көкті қапсырып, –

 

дейді ақын көктем табиғатының ғажайып бір құбылысын суреттеп. Бұл – өмірдің өз суретінен де әдемі, тапқыр айтылған.

 

Қып-қызыл боп тұтылып,

Бұлтқа кірді азалы ай.

Қара аспанда қанжардай,

Жарқылдады нажағай.

 

Бұл соғыс шындығынан алынған. Аза тартқан, қызарып барып батқан айдың артынан аспанды торлаған оқ суреттерін ақын осылай бейнелейді.

Сырбайдың өмір суреттерін бояулардан тануы ғажап. «Ақ түн» осы жолдағы ақын ізденісінің басы болды. Онда суреттелетін Ленинград ақ түні ол үшін әлемнің аппақ нұрындай елестейді.

 

Ақ түн –

Әлемнің аппақ адал нұры.

Ақ түн –

Қуады қуыстардан

Көлеңке,

Қараңғыны.

Ақ түн –

Жеткен талай жыл болдырып,

Аталардың ақ арманы.

Ақ түнді – ақ арманды

Тұр қондырып

Ленинград алаңдары,

Нева аралдары,

Кронштад қамалдары,

Смольный жалаулары.

 

Өлең тек түр жаңалығын қуып кетпейді, онда күшті мазмұн, рух бар. Ол сол «ақ түнді – ақ арманды қондырып тұрған Ленинград алаңдары, Нева аралдары, Кронштад қамалдары, Смольный жалаулары» деген сөздерімен өз заманының идеясын да терең жеткізеді.

Кейін де ақын осы үлгіге көп оралды. Ол түстерді өзара ойнатып, байытып, шындықты соның бояуымен тануға көтерілді, бояулары баттаспай, жарқын жігін сақтаған суреткердің қаламымен құбыла өрнектелді. Өз туған өлкедегі Ақкөл табиғатына арналған бір өлеңінде ол:

 

Жазығы да ақ сортаң,

Балығы да ақ шортан.

Қыздарының аты да –

Аспандағы Ақшолпан.

Ақ көлінде ақ қазы,

Ақ үйінде ақ тазы.

Ақ боз атын баптайды,

Ақ сақалды атпазы, –

 

деп жазды. Мұнда да «ақ» түсі ақ ниеттің, ақ пейілдің, таза, пәк өмірдің символына айналады.

Енді бірде боз түсін ойната жазған ақынның мына бір жолдарын оқимыз:

Боз даланың буылдыр тозағындай,

Бұлдырайды боз бұлттан бозарып ай.

Бозша қыстың бүркеген боз қырауы,

Боз бұтақтар боз саусақ созады жай.

 

Дүниенің бәрін бозартып тұрған бозша қыстың бейнесін көз алдыңызда тұрғандай.

 

Көгілдір өзен,

Көгілдір тал-қарағай.

Көгілдір таулар,

Көгілдір аспан шарадай.

Көгілдір жұлдыз,

Көгілдір күндіз,

Көгілдір дүние жағалай.

Көгілдір көкте

Көгілдір түсті ағады ай.

Көгілдір жолдар

Көгілдір көк белдерде,

Көгілдірлер шомылады

Көгілдір тартқан көлдерде.

Көгілдір бір нұр

Ойнайды менің кеудемде,

Көгілдір көктем келген бе?!

 

Бұл – көктем бояуы.

Өмірдің өз бояуымен тану, оның жалпы сәнін бұзбай дәл осылай суреттеу ірі ақындардың ғана қолынан келмек. Оның жаны нәзік, сезімтал, сол әсемдікті тану, сүю үшін жаралған. Ол – табиғаттың өз баласы. Сондықтан да Сырбай ақын:

 

Бүкіл аспан мені түнде күзетті.

Ай жымиды ару қыздай ізетті.

Дала желі саусағымен ақырын

Ауып қалған жастығымды түзетті, –

деп айта алған. Туған даламен тұтастық деген – осы.

Сырбайдың сезімтал лириктігі, өлеңдерінің шынайы көркемдік сипаттары, өмір шындығын қорыта, түйе білетін ойшылдығы оны қазақ өлеңінің шеберлері қатарына қойды.







Дата добавления: 2015-09-15; просмотров: 1683. Нарушение авторских прав

codlug.info - Студопедия - 2014-2017 год . (0.007 сек.) русская версия | украинская версия