Студопедия Главная Случайная страница Обратная связь

Разделы: Автомобили Астрономия Биология География Дом и сад Другие языки Другое Информатика История Культура Литература Логика Математика Медицина Металлургия Механика Образование Охрана труда Педагогика Политика Право Психология Религия Риторика Социология Спорт Строительство Технология Туризм Физика Философия Финансы Химия Черчение Экология Экономика Электроника

Даму. Диалектика ілімі




Диалектика – сөзі ертедегі гректің екі - диа (екеу), лог (ұғым, мағына) сөзiнен тұрады. Диалог екеудің әңгімесі. Диалектиканың пайда болуы пiкiрталастық іс-әрекетке байланысты болды. Себебі, ертедегі гректің ақылды, шешен кісілері сенатта, сотта сөз сөйлеп жұртты өз пікіріне қарататын, диалог арқылы өз мақсатына жететiн, өзіне жақтастар таба алатын. Шындықты табудың көзі - айтыс, қарама-қарсылық пікір және сөз таластыру арқылы ақиқатқа жету. Диалектика белгілі бір процесс, ақыл-оймен дүние мәңгі қозғалыста, қимылда деп түсіндіру әдісі.

Гераклит (грецияда, б.з.б. V ғ.), дүние мәңгілік қозғалыста, қозғалмайтын нәрсе жоқ деді. Болмыс пен болмау - өзара байланыста, біріне-бірі тәуелді және біріне-бірі өтіп отырады. Бұның диалектикалық ойдың тарихына қосылған зор үлес екендігінде дау жоқ. Кратил ұдайы өзгеріп отыратын, қозғаушы күштің үзілмейтінін көрсетсе, Зенон, оның қарсы жағын, үзілетінін атап көрсетеді. Мұны Гегель: тезис - антитезис - синтез дейді.

Қайта өрлеу дәуірінде қарама-қарсылықтардың үйлесімділігі туралы диалектикалық идеяларды Николай Кузанский мен Джордано Бруно ұсынды. Жаңа дәуірде метафизиканың үстемдігіне қарамастан, Декарт өз космогониясында, Спиноза өзіне-өзі себеп болатын субстанция ілімінде диалектикалық ой үлгілерін жасады. Декарт: «Құдай дүниені жарата отырып, оған импульс немесе түркі болады, яғни сағат жөндеуші, сағаттың механизмін бұрай отырып, қозғалысты хабарлайды. Бұл пікір қоғамдық құбылыстарды талдауға қолданылмайды»[7], - деген.

XVIII ғасырда француз ағартушылары Вольтер мен Руссо тарихтың даму идеясын ұсынды. Қоғамды дамытушы рухани күш немесе рухани фактор - мораль, дін және идеялар болады деп есептеді. ХІХ ғ Маркс пен Энгельс: «Идеяны тудыратын данышпандар, қозғаушы күш – халық», – деп түсіндірді.

Диалектикалық әдіске қарама-қарсы метафизикалық ойлау әдісі бар. Бұл әдісті Софистика (софизм) мен эклектика ағымдары қолданды. Софизм бір нәрсені дәлелдеп, пікір айтуға логика қағидасын бұзатын теріс тәсілдер қолданады және бұл дәлелі дұрыс секілді болып көрінетін әртүрлі айла-шараны пайдаланды. Әрине, бұл кезде объектінің ішкі болмысын, табиғатын шынайы ашпай, сыңаржақтылыққа ұрынады. Ал, эклектика(гр. Eklego- таңдаймын) - әртүрлі бағыттар немесе шындықтардың негізгі шешуші жағын айқындап алмай, түрліше қарау жолдарын принципсіз, қалай болса солай біріктіре салу.

Софистика мен эклектика метафизиканың ерекше бір түрлері болып табылады. Өйткені, екеуіне тән нәрсе: сыңаржақтылық, құбылыстардың арасындағы нақты байланыстарды елемеушілік, негізгінi ажырата білмеушілік. Оларға төменгiлер де жақын.

Релятивизм (лат. Relativus - қатынастылық) танымның дайын жауаптарын интерпретациялау (түсіндіру, талдап беру). Релятивизм адам танымының шарттылығы мен субъектілігі туралы ілім. Релятивизм білімінің салыстырмалылығын мойындап, танымның объективтілігін жоққа шығарады, біздің білімімізде объективті дүние бейнеленбейдi деп есептейді.

Догматизм- ойлаудағы икемсіздікке сүйеніп, қабылданған қағиданы дәлелсіз, абсолюттік ақиқат деп санайды. Теориялық және саяси мәселелерді зерттеп шешуде нақтылы жағдайларды ескермейтін абстрактілік әдіс.

Диалектика- ойлаудың ең икемдісі, дүниені жан-жақты зерттеудің, яғни әртүрлі байланыстардың әрқайсысын ашып, қарама-қарсы күштердің даму барысындағы өзгерістер мен процестердің негізін табу. Диалектика - ойлаудың объективтілігі, софистика - ойлаудың субъективтiлiгi.

Диалектика ұғымы үнемі тарихи дамуда болып, мазмұны тереңдей береді. Сондықтан оның тарихи формаларын ажырата білу керек: стихиялық немесе қарапайым диалектика - дүниенің сезімде берілетін сырт бөлгінің мәңгі өзгерісіне сүйенеді; идеалистік диалектика - ақыл-ойдың жалпы ұғымдарының бір-біріне ауысып отыратынына негізделген; идеалистік-тарихи диалектика - ұрпақтар санасындағы қайшылықтардың болуына жүгінеді; материалистік диалектика - қайшылық пен даму санада ғана емес, дүниенің өзінде де барын дәлелдейді. Осыны нақтылау үшін объективтік диалектика (санадан тыс дүниенің дамуы) және субъективтік диалектика (сана-сезімнің дамуы) деп бөлеміз. Жалпылай келгенде, диалектика бүкіл болмыстың (материя мен сананың) дамуы туралы ілім. Содықтан оны табиғаттың, қоғамның, адам санасының жалпы заңдылықтарын ашатын ілім деп санаймыз.

Жүйелік принцип және осымен байланысты жүйелік әдіс - қазіргі заманда, өзіне көптеген диалектика теориясының идеяларын енгізіп, ғылым мен практикадағы өте маңызды әдістемелік бағыт болды. Әрбір жүйелік зерттеудің негізі - зерттеу жүйесінің тұтастығы, туралы түсінік, жүйелік принцип. Жүйелік зерттеуде объектінің сыртқы ортамен арақатынасы мен өзінің ішкі құрылымын жіктеуі арқылы элементтерін, қасиетін, қызметін, олардың тұтастықтағы орнын бөлуде көп қолданылады. Жүйе тұтастығы байланыс түсінігі арқылы түсіндіріледі. Заттар арасындағы байланыс түрлі сипатта болады: бір-бірімен тікелей байланысты, бірқатар жанама буындар арқылы байланысы, әрдайым өзара тәуелдік, өзара әрекеттестік түрінде көрінеді.

Дүние бірқалыпты емес, сан қилы. Заттар қалай орналасса да, дүниеде барлық заттар бір-бірімен байланысты. Оның түрлері: күрделі - жай, тұрақты - кездейсоқ, уақытша - қайталанған, негізгі (мәнді, маңызды, елеулі) - ішкі - қосалқы, сыртқы, қажеттi - қажетсіз. Дүниедегі шексіз байланыстардың ішінде, нақты әлемде философиялық тұрғыда тануда, жалпылық әмбебептық байланыстар қарастырылады, олар мынадай тарихи типке бөлінеді: жекелік-жалпылық, көптік-бірлік, ұқасастық-ерекшілік, сапа-сан, жай-күрделі, бөлік-бүтін, шекті-шексіз, түр-мазмұн, т.б. осындай байланыс түрлері болмыстың құрылымдық категориялары тобына кіреді.

Танымның тарихында басқа да категориялар катары - әмбебаптық детерминациялық байланыстарды білдіреді: құбылыс-мән, себеп-салдар, қажеттілік - кездейсоқтық, мүмкіндік- шындық.

Әмбебаптық байланыстың алғашқы талдау тәсілін шартты түрде «горизонтальдық», екіншісі – «вертикальдық» деп атайды.

Детерминизм (лат determinio - анықтау) - табиғат пен қоғамда кездесетін оқиғаны, құбылыстарды және адамның еркі мен мiнезiнiң өзара байланысының себептерін, себептілігінің заңдылығын зерттейтін ілім.

Философиялық танымда детерминизм принципінің орны бөлек. Дүниені материалистік түсіну және ғылыми таным негізінде себептілікті мойындау және құбылыстардың заңдылығын iздеу жатыр. Детерминизмдегі себептілікті түсінбеу, адамды басқа жағдайлар «ғажап» құбылыстарды мойындауға алып келеді. Қазіргі кезде детерминизм ұғымы, ұзақ тарихи даму арқылы себептілік - салдар және заңдылық принципi болып қалыптасады. Себептілік (каузальдық - лат caus - себеп деген сөз) құбылыстардың жалпылама заңды байланысының түрі.

Себеп - құбылыстың тууы, оның күйінің өзгеруіне, жойылуына жағдай туғызады. Себептің нәтижесі - салдар. Басқа оқиғаның алдында болатын, оның пайда болуына мүмкіндік жасайтын, бірақ тудырмайтын және анықтап бере алмайтын оқиға - сылтау саналады, ол сыртқы болмашы байланыс. Себеп пен салдардың әрекеті, айналысындағы құбылыстарға әсер етеді. Бұл құбылыстардың жиынтығын – жағдайлар деп атайды. Жағдайлар тиісті оқиғаның болуы үшін қажет.

Дүниені ғылыми тану ұғымдар арқылы іске асады, олардың күнделікті сөздер мен терминдерден айырмашылығы, жалпылығы (көп зат, құбылысқа ортақ қасиеттердi, сапаны, т.б. белгіленуі) мен бір мәнділiгінде. Философия өте жалпы байланыстарды, заңдылықтарды қарастыратындықтан, өте жалпы ұғымдарды қолданады. Оларды –категориялар деп атайды. Диалектика категориялары дүниенің дамуын көрсете білуі үшін, дамудың көзі қарама-қайшылық екенін ескертіп, әрқашан қосалқы қарама-қайшы ұғымдар ретінде беріледі. Мұндағы негізгі мақсат: қарама-қайшы ойлар, зат, құбылыстар бір-біріне өтіп отыратынын көрсету, дүниенің шынайы үзіліссіз байланысын үзілістен тұратын логикалық ойлауда бейнелей білу. Осы себепті категориялардың байланысын, заңдылықтар деп қарастыру орынды. Диалектика заңдары да қос категориялар арқылы жасалады, бiрақ категорияларға қарағанда тұрақты, қайталана беретін, негізгі қасиеттердің байланысын білдіреді.

Қарама-қарсылықтың бірлігі мен күрес Заңы. Бұл заң дамудың түп негізі құбылыстар мен процестердің қайшылығында, оларға тән iшкi қарама-қарсылықта, әсіресе олардың күресінде болатынын көрсетіп, дамудың өзiндiк себебін ашып береді. Қарама-қарсылықтың бірілігі мен күресі – қозғалыстың және барлық болмыстың дамуының бастауы, көзi. Гегель қайшылықтар туралы ілімді диалектика тұрғысынан талдап жасады, бірақ ол идеализмге толы. Тек, марксизмде ғана Гегель философиясының шектелгенi жойылып, диалектика ғылыми ілімге айналды. Қарама-қарсылықтардың бірлігі мен күрес заңының мазмұнын түсіндіру үшін, ең алдымен оның жақтары мен элементтерін анықтап алу керек.

1. Сәйкестік (үйлестік) әрбір объектінің өз-өзiне (элементтерiнiң бiр - бiрiне) немесе басқа заттармен теңдігі, сәйкес келуі.

2. Айырмашылық - бұл заттардың элементтерiнің ара-қатынасы тепе-теңдiктен кетiп, бiрдей болмайтындығын көрсететін ұғым.

3. Қайшылық - қарама-қарсы элементтердiң, заттардың, құбылыстардың бір-біріне шартты қарсылығын көрсетедi, олардың бір-біріне алшақтау қатынастарының өскенiн бiлдiредi.

Қайшылықтардың түрлері:

· Мәнге қатынасы: а) мәнді; ә)мәнсіз;

· Жүйедегі орны: а) ішкі; ә) сыртқы;

· Қоғамдағы түрі арқылы: а) антагонистік; ә) антагонистік емес;

· Дамудағы рөлі арқылы: а) негізделген; ә) негізсіз.

4. Қарама-қарсылық - ол табиғаттағы, қоғамдағы, адам санасындағы бірін-бірі жоққа шығаруы, зат сапасының жойылуы, бір – бірінсіз өмір сүре алмайтын заттар, элементтер, құбылыстар, тенденциялар арасынағы қатынастардың күрес дәрежесiне көтерiлуi.

Бірлік - осы алуан түрлі байланыстардың жиынтығы. Қарама-қарсылықтың бірлігі мен күрес заңының мәні таным үшін өте зор. Адам ұғымдарында қозғалыс пен өзгерістiң көзi мен бастауын бір күйден екінші күйге өтуді қайлай көрсету – философия мен ғылымның даму барысында адамзаттың озат ақыл-ойын толғандырған әрі толғандырып отырған мәселелердің бірі. Сан мен сапа өзгерістерінің бір-біріне өту заңы, заттар мен құбылыстардың бір-бірімен бірлікте өмір сүретін белгілі бір сапалық және сандық сипаттамалары болатынын анықтайды.

Сапа - объектіні анықтаушы. Заттар жаратылысының айырмашылығын, ұқсастығын, ерекшелігін, өз-өзімен тепе-теңдігін және тұтастығын білдіретін маңызды белгілерiнiң жиынтығын. Сапада, заттың барлық аса маңызды қасиеттерінің ажырамас байланысы жүзеге асады.

Қасиет - бір заттың басқа заттармен өзара әсерінен пайда болатын сапаның көрінісі, затты қандай да болсын бір жағынан сипаттайды.

Сан - белгілі бір сапаның шамасын, даму қарқыны мен дәрежесін білдіретін белгі. Заттың сандық және сапалық жақтарының бірлігі – өлшем деп аталады. Өлшем - қасиеттер мәндерінің белгілі бір сандық аралығы, ал белгілі сапа – осы аралықтың шеңберінде ғана болады. Сан өзгерістерін онан әрі сапалы өзгеріске бетбұрысын – өлшемнің шекаралары деп атайды. Сапа мен өлшем болмыстың жалпы, объективті сипаттамасы.

Сапалы өзгерістің қай-қайсысы болсын секірмелі түрде, секіріс түрінде болады. Секіріс - сапалық өзгеріс, құбылыстың немесе оның жағының бір сападан екінші сапаға көшуі. Секірістер өзінің сипаты, ұзақтығы, мәнділігі жағынан алуан түрлі болып келеді.

Біріншіден, қазіргі өлшемнің жоғалуы, екіншіден, жаңа өлшемнің пайда болуы.

Секірістi қоғамдық өмірге бейімдеп айтқанда, революция деген ұғым пайдаланылады. Бірақ, қоғам өміріндегі секірістің бәрін бірдей революция деуге болмайды, тек қоғамдық жаңа құрылысқа көше алатын секірістер ғана әлеуметтік революциялар болып табылады. Бірте-бірте болатын сан өзгерістерін философиялық әдебиетте көбінесе эволюция деп атайды. Эволюция (сандық-сапалық секіріс) - даму ұғымына сай келеді. Жаңа сапа тек даму қарқынындағы өзгерістерді ғана емес, сонымен қатар құбылыстың жаңа сандық жақтарын да туғызады.

Терістеуді-терістеу заңының мәнін түсіну үшін негізгі категорияны анықтап, байланысын зерттеу керек. Бұл заңының негізгі категориясы - терістеу. Терістеу мәселесі:

1. Жаңа – ескінің орнын басады, дамудың бір кезеңі екінші кезеңімен терiстеледi, ауысады.

2. Терiстеу – бөтен сырттан әкелінген емес, ол дамып келе жатқан процестің қандайына болсын іштей тән нәрсе. Теріске шығаруды даму процесіне іштей тән нәрсе деп түсіну, материалистік диалектиканы метафизикадан айырады.

3. Дамудың алдынғы кезеңдерінде болған прогресшіл элеметтерді сақтап қалу – сабақтастықты, жаңаның ескімен байланысын көрсетеді. Теріске шығаруды байланыс кезі деп, ескінің жойылып, сонымен бірге жаңаның орнығуы деп қарайды.

4. Ішкі факторлардың шешуші рөлі мен сыртқы жағдайлардың маңызы, ескінің жаңамен ауысуы, дамудың негiзгi заңы болып табылады.

5. Бұл ауысу таза түрде болмайтындықтан, жаңаның бойында ескінің дұрыс нәрсесінің бәрі бірдей сақтала бермейді. Сондықтан екiншi терiстеу қажет, сонда зат дамуындағы екi алғашқы кезеңдерiнің барлық табыстары, үшiншiде жинақталады. Сондықтан оны синтез, жетiлген деп санап, Гегель даму кестесiн «тезис-антитезис-синтез» деп белгiлеген. Оған ол спиральдiк суреттеменi де қосқан. Сонымен, материалистік диалектикада даму дегеніміз – жай қозғалыс емес, және ескіні қайталап отыратын шеңбер тәрізді айналмалы қозғалыс та емес, ол мұнда ілгерілемелі қозғалыс пен салыстырмалы қайталанудың диалектикалық бірлігі. Әрі ілгермелі қозғалыс – негізгі шешуші қозғалыс болады. Осындай тенденцияларды ұштастыратын даму, спираль бойынша жүретін даму секілді. Спираль бойынша даму, өмір шындығының барлық салаларында болып отырады.

6. Терістеуді-терістеу заңының ерекшiлiгi – оның кері қайтпайтындығы, яғни мұндай дамуда жалпы тенденция ретінде жоғарғы формадан төменгіге, күрделіден – қарапайымға қарай кері қозғалудың болуы мүмкін емес.

Диалектиканың бұл заңы осыған дейінгі өзімізге таныс негізгі екі заңды өзіне қоса отырып, дамудың тұтастығын және жалпы нақтылығын анықтайды.

 

Семинар сабағының жоспары:

1. Даму ұғымы. Даму концепциясы.

2. Диалектика – даму және жалпы байланыс туралы ілім.

3. Диалектиканың негізгі категориялары. Олардың универсалдық, құрылымдық және себептілік байлансытарды бейнелеуі.

4. Диалектиканың негізгі заңдары.

 

Әдістемелік ұсыныстар:

Диалектика – универсалды (әмбебап) байланыстар, өзгерістер және даму туралы ілім. Идеалистік және материалистік диалектика: Гегель мен Маркс. Обьективті және субьективті диалектика. Дамудың диалектикалық – материалистік теориясы. Диалектиканың заңдары мен категориялары туралы түсінік, олардың қалыптасуы.

Болмыстың әмбебап байланыстары: жалпылық, өзгешелік, жекелік. Мән мен құбылыс. Құрылымдық байланыстар: бүтін мен бөлік, мазмұн мен форма, элементтер мен құрылым категориялары. Жүйе түсінігі, жүйелік принципі.

Детерминистік байланыстар: себеп пен салдар. Кездейсоқтық пен қажеттілік, мүмкіндік пен шындық категориялары.

Қарама-қарсылықтың бірлігі мен күрес заңы. Үйлестік (сәйкестік), айырмашылық, қарама-қарсылық, қайшылық категориялары. Қарама-қарсылықтың бірлігі мен күресі. Қайшылықтардың көптүрлілігі. Болмыс пен танымның қарама-қайшылықты мәні.

Мөлшерлік және сапалық өзгерістердің өзара ауысу заңы. Сапа, мөлшер, қасиет, секіріс категориялары. Сапалық және мөлшерлік өзгерістер диалектикасы.

Терістеуді-терістеу заңы. Диалектикалық терістеу. Даму бағытының спиральдік сипаты.

 

Бақылау сұрақтры:

1. Даму мәселесі. Сандық және сапалық өзгерістер диалектикасы.

2. Болмыс пен танымның қарама-қайшылығы. Диалектикалық қарама-қарсылық.

Қарама-қарсылықтың бірлігі мен күресі.

3. Диалектикалық терістеу. «Терістеуді-терістеу». Циклдік және бірте-бірте өзгеру.

4. Қазіргі замандағы «қоғам-табиғат» жүйесінің қайшылықтары.

5. Даму ұғымы. Даму концепциясы.

6. Диалектика – даму және жалпы байланыс туралы ілім.

7. Диалектиканың негізгі категориялары. Олардың универсалдық, құрылымдық

және себептілік байланыстарды бейнелеуі.

8. Диалектиканың негізгі заңдары, дамудың қайнар көзі.

 

Баяндамалар мен рефераттар тақырыбы:

1. Диалектиканың тарихи дамуы.

2. Метафизика мен диалектика қайшылықтары.

3. Категория ұғымы, оның түрлері.

4. Диалектика заңдарының ерекшеліктері.

5. Диалектика – жалпы байланыс және даму туралы.

6. Обьективтік және субьективтік диалектика.

7. Әртүрлі байланысты қарастыратын категориялар.

8. Диалектика заңдарының өзара байланысы.

Философиялық мәтіндермен жұмыс істеу:

1. Ленин В.И., Карл Маркс. полн. сбор. соч. Т. 26.

2. Маркс К. Капитал. Т.1. Гл. ХХІҮ. Маркс К., Энгельс Ф. соч. 2-е изд. Т. 23,25.

3. Маркс К. Теория прибавочной стоимости. Маркс К., Энгельс Ф. 2- изд. Том. 26.

ч. ІІ.

4. Энгельс Ф. Анти – Дюринг. Маркс К., Энгельс Ф. соч. 2-е изд. Т. 20.

5. Энгельс Ф.Диалектика природы. Маркс К., Энгельс Ф. соч. 2-е изд. Т. 20.

6. Энгельс Ф.Людвиг Фейербах и конец классической немецкой философии.

Маркс К., Энгельс Ф. соч. 2-е изд. Т. 21.

 

Әдебиеттер тізімі:

1. Алексеев П.В., Панин А.В. Диалектический материализм. М.: 1987.

2. Алексеев П.В., Панин А.В. Теория познания и диалектика. М.: 1991.

3. Аскин Я.Ф. Философский детерменизм и научное познание. М.. 1977.

4. Бунте М. Причинность. М.: 1962.

5. Диалектика материального мира. Л.: 1985.

6. Диалектика познания Л.: 1988.

7. Идеалистическая диалектика в ХХ столетия. М.: 1987.

8. Кішібеков Д., Сыдықов Ұ. Философия. Алматы, 2003.

9. Мәдени - философиялық энциклопедиялық сөздік. Құр. Т.Х.Ғабитов,

А.Т.Құлсариева. Алматы: Раритет, 2004.

10. Материалистическая диалектика как общая теория развития 4-х кн. М.: 1982.

11. Материалистическая диалектика. Краткий очерк теории. 2-е изд. М.: 1985.

12. Фролов И.Т. Генетика идиалектика. М.: 1968.

13. Философский энциклопедический словарь. М.: 1994.

14. Философиялық сөздік. Алматы, 1996.

 

2.3. Адамның рухани әлемі. Сана

Сана- ғажап дүние. Бүкіл өнер, дін, әдебиет, философия техника әлемі және ғылым, адам санасының нәтижесі. Сана - құдіретті күш, әлемді билейтін де сана. Сана бүкіл философияда, ғылымда және дінде әртүрлі ой-пікір туғызып, оларды бір-бірімен салыстырып қояды. Сана – дүние, қоғам, адам, т. б. материя жүйелерінің бәріне нұр төгіп тұр.

Сана қалай пайда болады? Бұл туралы ғылымда пікірталас көп. Адам баласына ой қалай келеді және рухани дүние мен денелік дүниенің арасындағы айырмашылық қандай? Жеткілікті білім болмағандықтан, алғашқы адамдар сананы адам денесінен бөлек өмір сүретін «жанның» қасиеті дейді. Мысалы, қазақтар оны шыбынға теңеп, жан ұшып жүреді, бақыттың болуы, оның қонуына байланысты деп санаған. Діни-идеалистік түсініктерде осы дәстүр сақталып, сана материалдық емес, «жан» субстанциясының көрінісі, ол жалпы алғанда материядан (мидан) тәуелсіз өмір сүретін, өлмейтін және мәңгілік құбылыс деп есептеледі.

Танып-білудің алғашқы негізі ретінде «жан» туралы идея ежелгі заманнан келеді: түс көру, талып қалу, өлім барысын, түрлі таным және эмоциялық ырықтың процестерін табиғи себептермен түсіндіре алмағандықтан, адамдарда әрқашан жалған көзқарас көп болды. Ұйқы кезінде жанның денені тастап, түрлі жерлерде болуы – періштелер мен жын шайтандарды “көріп” қорқу, бірдемелерге сену әсерінен туатын осы құбылыстар шынайы өмір сүреді деп есептелді.

Алғашқы грек философтары космостың өзін тірі организм - адамнан тәуелсіз, өзінше өмір сүреді деп санаған. Сана тікелей ғарыштың нәтижесі, бірыңғай, өзінің мәнінде бүтін, бөлінбейтін, Құдайдың ақылына байланысты туады деп есептелді. Тейяр де Шарденнің теориясы бойынша сана – адамнан жоғарғы мәні, мидың, материяның ішкі жағы. Орта ғасыр философиясының өкілі Дунс Скоттың пікірінше, тіпті таста ойлай алады-мыс. Мұндай көзқарасты гилозоизм(hule- материя, zoe- тіршілік) дейді.

Фрейд бойынша психика үш қабаттың қосындысы: 1. «Мен» адамның санасы, психиканың барлық құрамындағы бөліктерінің арасындағы келістіруші. 2. «Ол» (оно) - санасыздық әлемі, онда адамның жасырын ойы, арманы, тілегі бар. 3. «Шектен тыс - Мен» - жеке адамдарға қысым жасап, әсер ететін сыртқы орта, «сыртқы цензура»: заңдар, тыйм салу талаптары, мораль, мәдениет дәстүрлері. «Мен» өзіне «Оны» бағындыруға тырысады. Бірақ бұл жерде нәтижеге сирек қол жетеді. Әдетте «Ол» жасырын немесе ашық түрде «Менді» бағындырады. Фрейд мұны былай суреттейді: ат және оның үстіндегі адам, Адам «Мен» - атты бақылайды, әмір береді, ал ат (Ол) болса адамнан басым, себебі оны алып бара жатыр. Кейде адам бақылауды жоғалтып алғанда, ат оны ала жөнелді, қайда алып кететіні белгісіз.

Адам психикасын анықтаушы факторлар: негізгі фактор - қанағаттану, адам психикасын басқарады және бағыттайды. Көңіл көтеру - психикадағы компас секілді, қалай болғанда да, көңіл көтеруге жол іздейді. Психикада қабылданбайтын, тыйм салынған тілектер мен идеяларды (қоғамға қарсы істерді, жыныстық қатынастарды) ығыстырады. Санасыздыққа ығыстырылған, сыннан (цензурадан) өтпеген тілектер, ойлар сублимацияға ұшырайды, яғни «рұқсат етілген» әлеуметтік әрекет типіне өтеді және мәдени шығармашылық болып өзгереді.

Сана ми арқылы пайда болады. Адам ақыл-ой арқылы пайымдайды, жоспарлайды. Ми - материя. Ми жануарларда да бар. Жануарлардың өмірі спонтандық емес, өзінің санасына бағынған, мәні бар. Жануарлар өз тәжірибелерін жинақтап, оны ебін тауып қолданады. Жануарлардың бірқатар әрекеттері күрделі, әрі саналы болады. Бұл негізінен жоғарғы сатыдағы мысық, ит және приматтарда айқын көрінеді. Жануарларда өздеріне тән «мораль», тәртіп, жетекшілік-бағыныштылық қатынастар, күрес жолдарын саналы таңдау бар. Инстинктің өзі де тек туа біткен емес, өмірде пайда болған, яғни өмірде игерілген тиімді әрекеттердің сана деңгейінде сақталып отыруы.

Ми – дегеніміз – шындықты психикалық бейнелеудің жоғарғы формасы болып саналатын сана органы. Қазіргі ғылымда адам миы екі үлкен бөлшектен тұратындығын айтады, мидың оң және сол жақ жарты шарлары. Сол жақ - адамның көтеріңкі күйіне, қуанышына жауап береді, өнер иелерін - суретшілікті, әншілікті, жазушылықты оятады. Оң жақ: уайым, үрейлену, ренжуді туғызады, ғылыми ойлар, теория мен тұжырымдамалар жасауға жетелейді.

Сананың пайда болуының екі жағы бар: биологиялық шарттары, әлеуметтік негізі.

Биологиялық шарттарға:

1. Маймыл тәрізді хайуанаттардың, адамға аз да болса ұқсас биологиялық түрдің пайда болуы.

2. Бастағы ми, нерв жүйесінің күрделенуі. Екінші сигналдың - объективті затты алмастырушы субъективтік бейнелердің сырт белгілерінің (дыбыс, қимыл, т.б.) дамуы.

3. Дене құрылымы, тік тұрып жүруі, аяқ-қолдарының жетілуі, қолдың босап, ойда туғандарды істе тексеру мүмкіндігінің артуы.

Әлеуметтік негізге:

1. Еңбек құралдарын жасап, заттарды өңдеу күштің көбеюі.

2. Сөз, тілдің пайда болуы. Еңбек құралдары табиғатта дайын түрде жоқ, оны жасауда жас ұрпаққа үйрету, тілді жетілдірудің қажеттілігін тудырады. Сөз өз кезегінде абстракциялық ойлауды (бейнелермен алдын-ала мида жұмыс істеу) дамытады.

3. Адамдар арасындағы материалдық, рухани қатынастардың жетіліп, сүйіспеншілік, өзара көмек, келісе шешуі өседі.

4. Адам санасынан тыс өмір сүретін құбылыстардың - өндіріс, отбасы, ұлт, тіл, т. б. әлеуметтік құрылымдардың күрделенуі, әртүрлі ілімдердің пайда болуына әкеледі.

Тірі материя мен өлі материя арасында табиғи байланыс бар, ол барлық материяға тән – бейнелеу қасиеті. Бейнеулеу (шағылысу – отражение) заттар мен құбылыстардың жан-жақты байланысы (тікелей немесе аралық заттар мен құбылыстар арқылы) мен әсерлеуінің салдары. Дүниедегі көрінген заттың өзгерісі барлық басқа заттардың өзгеруіне әкеледі. Әрбір зат сол өзгерудің ізін өз бойында сақтайды, соған сәйкес өмір сүру тәртібін түзетіп отырады, сөйтіп қоршаған ортаға бейімділігін байқатады. Бейнелеу – әрекеттескен заттардың құрылымдық деңгейіне тәуелді болғандықтан, оны механикалық, физикалық деп ажыратып қарауға болады. Бейнелеудің екі түрі бар: 1) Изоморфизм (гр. ioog - бірдей форма) - объекті мен оның бейнесі арасындағы айнымас ұқсастық. 2) Гомоморфизм (гр. бір, тең) - объекті мен оның бейнесі арасындағы ұқсатық дәлме-дәл емес, мөлшерлі, жоба түрінде болуы.

Бейнелеудің жоғарғы түрі биологиялық түрлерде қалыптасады. Зат алмасу бар жерде, тіршілік өмір бар. Физиологиялық процесс, тірі организмнің өмірі тітіркенуден басталады (бір клеткалы құрылымдар, өсімдіктер дүниесі). Тітіркену ең қарапайым және жабайы организмдерден бастап, барлық тірі организмдерге тән қасиет.

Психикалық(жүйке жүйесі). Жеке сезім мүшелері арқылы бір нәрсенің жеке қасиетінің бейнесі пайда болады. Оны – түйсік (ощущение) дейміз. Объект келбетінің пайда болуын, шындықтың толық бейнеленуін, қабылдау деп атайды. Елестету дегеніміз – еске байланысты түйсік пен қабылдаудың бергенін мида сақтап, жаңғырту. Түйсік –қабылдау, елестету, бейнелеудің идеалдық түрі. Бірақ олардың барлығының шығар көзі материалдық. Сана материяның туындысы болғанымен материалдық емес, идеалдық. Оның себебі: бейне зат емес, ол әркімде әртүрлі және тарихи өзгеріп отырады. Бейне мидағы физиологиялық процеске де тең емес (оларды теңестіретіндер бар, оларға тұрпайы материалистер жатады). Сөздің де материалдық жағы (белгісі) және идеалдық жағы (мәні-бейнесі) бар. Сөйлеу мен ойланудың да айырмашылығы осындай: ойлау – ұшқыр болады, сөйлеу - материалдық болғандықтан, оған ілесе алмайды.

Адам ойлауды, елестетуге сүйеніп жүргізеді. Елестетуде заттың негізгі және негізгі емес қасиеттері ажыратылады, ой негізгілерінің арасындағы тұрақты байланысты анықтап, зат дамуының заңдылықтарын ашады, оны практикада тексеріп бекітеді. Сананың негізінде білім, білу жатыр. Материалдық-практикалық қызмет адам өмірінің негізі, ол практикалық іс-әрекет, еңбек. Сана шындықты тек бейнелеп қана қоймай, оның заңдылықтарын ашып, оны жасайды да. Бұл оның белсенділігі, шығармашылығының негізі.

Адамды қоршаған қазіргі барлық әлем бұрынғы қаз қалпындағы табиғат емес, оның санасы, ақыл-ойы арқылы, мақсат пен мүддесіне сай өзгертілген жасанды орта, екінші табиғат, реттелген әлем. Әрбір адам туа салысымен өткен ұрпақ жасап кеткен дайын заттар дүниесіне, қалыптасқан қатынастар жүйесіне келеді. Яғни, оның объективтік шындыққа қатынасы – денесінің биологиялық құрылысына ғана емес, негізінен қоғамның тарихи даму деңгейіне, басқа адамдармен байланысу тәжірибесіне тәуелді.

Тарихи өзгеріп, жетіліп отыратын білім, этникалық, эстетикалық қағидалар мен нормалар, діни, ғылыми, құқықтың, саяси идеялар мен көзқарастар әрқашан адам мен қоршаған ортаның аралығында тұрады. Адамның шындыққа ең бастан-ақ бір түсінік, ұғыммен қарауы - оның саналығы, рухани жан ретінде қалыптасуының кепілі. Сондықтан, руханилықтың алғашқы белгісі дүниені санада пайда болған идеалдық-психикалық модель арқылы танып, соның негізінде мүддесін анықтап, жоспарлы іс-әрекеттер жасау деуге болады.

Жануарлар өз биологиясының, дене талабының құлы, соның заңдылықтарынан шығып кете алмайды, табиғатты соның бір құрамды бөлігі болуымен ғана өзгертеді. Санаға ие болған адам табиғатты өз білімімен, еңбегімен белсенді түрде өзгертіп, өзі де қоса өзгеріп отырады, табиғи-биологиялық заңдар шеңберінен шығып еркін даму жолына көшеді, тіпті өзінің дене құрылымын да өзгертуге мүмкіндік алады. Санасы берік, рухы күшті адамдар әулиелер деңгейіне дейін көтеріледі, өлімді де қасқая қарсы алып, елді тәрбиелеуге ерекше үлес қосады. Бұл олардың өзіндік санасының ерекшелігі.

Өзіндік сана - сананың жетілген дәрежесі. Оның негізгі көрсеткіші - өз ерекшелігіңді түсіну, өзіңді дүниеден, басқа адамдардан бөле қарап, қажеттілік, құштарлық, ұмтылыстарыңды талдап, іс-әрекеттеріне жауапкершілікпен қарау. Өзіндік сананың тұруының да тарихи кезеңдерін анықтауға болады. Алғашқыда адам жеке өзі емес, кіші қоғамның, рудың мүшесі ретінде қоршаған табиғаттан бөлінеді, тіпті басқа руларға табиғаттың бөлігі деп қарап оған қарсы тұрады да, мүшелерін аң ретінде аулайды (каннибализм). Кейін еңбек қарулары жетіліп, жеке семья ретінде өмір сүру мүмкіндігі туғанда, рулық сананың орнына жекелік сана, «біз» түсінігінің орнына «мен» ұғымы келе бастайды.

Жеке адам өзін-өзі енді көрінген басқа адамға, тіпті туыстарына да қарсы қоя бастайды. Қара күш, соғыс қаруының жетілуі, айлакерлік, алдап-арбау, шағыстыру, т. б. қасиеттер дамып, қоғамның тұрақтылығына қатер төнеді. Осыны тоқтату қажеттілігінен жақсылық пен жамандықты ажырату, оларды табиғаттан тыс күшке (әр елдің табиғаты әр- түрлі, құндылықтары ерекше болғандықтан) табынып бағыну, яғни алғашқы жүйелі идеология әлемдік діндер қалыптасады.

Кең ауқымды, жалпы көзқарастық идеалдық-психикалық модельдер діни ілімдердің жемісі, шынайы толық мәнді руханилық осы кезден пайда болады. Идея, идеал үшін өзіңнің табиғи ұмтылыстарыңды тежеу, өзіңді-өзің тәрбиелеу, өз-өзіңе жауапкершіліктер жүктеу, жаңа сапалыдағы адамның тұруына тың жол ашады. Бірақ діннің мазмұнында мифологиялық білім, о дүниедегі ең ауыр тәндік жазамен қорқыту, қара күш қолдану басым. Мұнда саналы ұстанымдардан гөрі басқаларға еліктеу, елдің сөзінен қорқу көп орын алады. Сондықтан нақты ғылымның, соған сүйенген рационалдық философияның жаңа замандағы айрықша дамуы, діннің рөлін күрт төмендетті. Осы кезден бастап руханилықтың ғылыми негіздемелері жасала бастады.

Руханилықтың негізгі мәні – саналы түрде қоғамның тұрақтылығын, келісімділік өмірін жетілдіріп, адамның еркіндігі мен шығармашылығына жағдай туғызуға ат салысу. Ол өз бастауын «қоғам болмаса - адамның да болмайтыдығын» интуитивтік деңгейде бағдарлаған алғашқы қауым адамынан, «өмірді-күрес» дейтін биология заңына қарсы тұрып, барлық күнәні табиғаттан іздеген, барлық адамдардың теңдігін паш еткен діни ілімдерден алады. Адамның рухани жан ретіндегі бақыты - өз өміріне риза болып өту, табиғаттың берген барлық мүмкіндіктерін өз бойынан ашып, оны елі, жері, халқы үшін жұмсау. Шығыс өзінің ұзақ тарихымен адамның руханилығын ту етіп, соны игеруге ұмтылды (медитация, күрес өнерінің ішкі мәні, т. б.), материалдық байлық, өткінші тән қызығуларына ұстамдылық көрсету, қанағаттылықты насихаттады. Қазақтың ұлы ойшылы Абайдың «Адам бол!» талабы бұған ақылды, білуді, үйреніп іскер болуды қосады, шығыстың руханилыққа ұмтылуын толықтырып, адамның белсенділігін оятады. Бірақ ол капиталистік жүйеден келген жалаң, арам, қылмысқа толы іскерліктен қашып, руханилық негізді қатаң ұстанғанды жөн санады.

Жетілген сана - өзіндік сана, өз ерекшелігіңді, қайталанбайтыныңды түсіну, ол тек адамға тән, өз-өзіне жауапкершілік жүктеудің басты себебі. Өзіндік сана - адамның танымдық, өнегелік, діни, эстетикалық және саяси салаларда өзінің іс-әрекетін субъект ретінде түсінуі. Басқа сөзбен айтқанда, өзінің адамгершілігін, мақсатын, идеалын және жүріс-тұрысының дәлелін білуі, өзінің басқа біреулермен салыстыру арқылы кім екенін анықтауы. Өзіндік сана әр уақытта жеке адамға байланысты. «Өзіндік сана - білім. Менен басқа жерде еркін өмір сүре алмайды», - дейді Гегель. Оның мәні кісінің сезіну, күйзелу, ойлау ерекшеліктеріне байланысты, өзіндік сананы объектендірудің қиындығы. Ол әр адамның бірегей құндылығын және біртума тұлға екенін, өзінің «Менің» табиғаттан және адам әлемінен бөлінуін түсіндіруді талап етеді. Кеңірек алғанда, өзіндік сананың әлеуметтік топтарға, этносқа, т.б. қатынасы болады. Теориялық ойлау дәрежесінде ол рефлексия (сананың өз-өзіне назар аударып, өзінің псикикалық күйіне ой жүгіртуі) түрін де қабылдайды. Өзіндік сана – тілдің дамуына да ерекше байланысты. Адам қабілетінің өсуі, ой-өрісінің шамасы ана тіліне көп тәуелді болады. Өзіндік сана бір жағынан танымдық, екінші жағынан әрекеттік рухани құбылыс, ол философия, социология, этика, психология, этнография, педагогика сияқты бірнеше ғылымның басын біріктіретін құбылыс.

Жеке және қоғамдық сана, олардың диалектикалық байланысы бар. Әр адам саналы. Қоғамдық сана жеке саналардың жай қосындысы емес, сонымен бірге жоғарғы күрделі жиынтық. Сана - әр адамның жеке басына, біліміне, өмір сүруі жағдайына, мінезіне, қабілетіне, тәрбиесіне байланысты қалыптасады. Оған болып жатқан жағдайлар, экономикалық, топтық, саяси, әлеуметтік мәселелер де әсер етеді. Бірақ жеке сананың өрісі, қоғамдық санаға қарағанда тар. Қоғамдық сана – көпшіліктің рухани құралына айналған ортақ, мазмұны терең сана және қоғамдық болмыстың бейнесі, оның туындысы. Қоғамдық сана - әлуметтiк ортадағы әрқилы сезiм, көңiл-күй, көркемдiк және дiни бейнелер, идеялар, көзқарастар мен теориялар жиынтығы. Қоғамдық сана құрамында өткен ұрпақтың білімі, идеологиялық жетістіктері, мәселелерді талдау әдіс-тәсілдері көп орын алады. Соның нәтижесінде қазіргі қоғамдық болмысты да біз тарихи сабақтастық тұрғысынан суреттеп зерттеуге икемдіміз. Бұл қоғамдық сананың ұлттық сипатының белгісі және жеке адам санасы тәрізді құрып кетпейтіндігінің куәсі. Қоғамдық сананы ары қарай дамытып жетілдіретін жеке тұлғалар, бірақ олар ол үшін қоғамдық сананың белгілі бір санасын жеткілікті түрде игеріп, оны ары қарай жалғастыра білуі керек. Тек осы жағдайда ғана ол тұлғалардың санасы да мәңгілікке өтеді, қоғамдық-ұлттық сананың ажырамас бір сипатына айналады.

Қоғамдық сана – бейнелеу түрі мен рухани дүниені жасау әдістері арқылы ажыратылады. Қоғамдық сананың адам санасына әсер етуінің екі жолы бар: 1. жеке адамдар санасы арқылы: 2. қоғамдық естелік (кітап, газет, теледидар, радио) арқылы. Қоғамдық сана - өте күрделi құбылыс. Олардың әрқайсысы өзiндiк салыстырмалы рухани құрлым, сонымен бiрге басқалармен жан-жақты тiкелей және жанама байланыста болады.

Қазiргi әлеуметтiк философияда қоғамдық сана құрлымы деңгейiнде: қарапайым және теориялық сана; қоғамдық психология және идеология; қоғамдық сана формалары болып бөлiнедi.

Қарапайым сана - ғылыми емес, бірақ тікелей күнделікті өмірден шыққан сана. Теориялық сана – белгілі бір деректерге сүйенген ғылыми ұмтылыстан туатын қорытындылар, қағидалар, заңдылықтар, көптеген мәселелер туралы ғылыми көзқарастар. Сонымен бірге тек болжамдарға сүйенген қате қағидалар да теориялық негіз құрайды. Бұл теориялар ғылыми бола алмайды. Теориялық сананы қоғамның идеалдық моделі деуге болады, ол әрқашан деректермен толықтырылып, жаңартылып отыруы керек.

Қоғамдық психология мен идеология – әлеуметтiк негiзде түрi және мазмұны болып бөлiнедi. Түрі - психологиялық, идеологиялық болса, мазмұны - жалпы халықтық, ұлттық, таптық, кәсіптік, жыныстық, т. б. болып келеді. Қоғамдық психология күнделікті өмірден туатын қоғамдық сананың төменгі түрі, идеология оның жоғарғы сатысы. Қоғамдық психологияның қалыптасуына қоршаған орта, климат, шаруашылық, кәсіп, жер байлығы, әдет-ғұрып, той-томалақ, ән-күй, т.б. әсер етеді. Қоғамдық идеология - ғылымға жақын. Идеология рухани өмірдің күрделі түрі, теориялық тұжырымы. Бірақ онда объективтік білімнен басқа субъективтік ұмтылыстар-белгілі бір топтың, ұлттың мүддесін қорғау бар. Сондықтан оны – прогрессивтік, реакцияшыл деп бөледі. Прогрессивтік деп – тарих процесінде сай келетін әлеуметтік топтардың санасы саналады.

Қоғамдық сананың түрлері: 1. Саяси сана - таптар, ұлттар, әртүрлі топтардың, мемлекеттердің қатынасын қарастырады. 2. Құқықтық сана. Тек тәрбиелеу, адамға жетіліксіз. Құқықтың негізгі мақсаты - демократиялық заңдар арқылы теңдік, әдептілік қағидасын, адам бостандығын қорғау. 3. Моральдық сана (лат mores - әдет-ғұрып). Ар-ұждан, міндет-парыз, абырой, адамгершілік және әдептілікті өмір мақсаты тұтып, өмірдің барлық салаларында адамдардың мінез-құлқын, іс-әрекеттерін реттеу функциясын атқаратын әлеуметтік институт. 4. Эстетикалық сана. Өнер, әдемілік адам қызметінің өзгеше түрі. Көркемдік тұрғыдан берілетін шындықтың бейнесі, дүниені игерудің аса маңызды тәсілі. 5. Дiн және атеизм. Дiн дегенiмiз – күнделiктi өмiрде сыртқы күштердiң адам санасында қияли түрде бейнелеуi. Дiн әр уақытта табиғаттан тыс күшке сенуге мәжбүр етедi. Оны мифологикалық түсiнiктер әдет-ғұрып және мистикалық көңiл-күй арқылы негiздейдi.Атеизм - ғылыми негізге сүйене отырып, құдайды бекерге шығару, құлшылық етуден безу. 6. Философия - ой жүйесі, дұрыс ойлауды үйрету. Адамның қоршаған дүниеге қатынасының жалпы формалары мен заңдылықтарын зерттейтін ілім. 7. Ғылым - қоғамдық саналардың бәріне тікелей қатысты теориялар жиынтығы.

Қоғамдық сана қоғамдық болмыстың бейнесі, бірақ өз құрамында өткен ұрпақсанасының ерекшеліктерін сақтайды, яғни оның тура көшірмесі бола алмайды. Және ол болмысқа кері әсерін тигізіп, оның өзгеруіне ықпал жасайды. Сондықтан қоғамдық сананың салыстырмалы тәуелсіздігін мойындауымыз керек. Бұл қалыптасқан болмысты құптаушылардың, оған қарсы шығушылардың бар екендігімен дәлелденеді. Қоғамдық сана жеке сананың әсерімен ғана дами алатындықтан, ол әркімге ерекше жауапкершілік жүктейді.

Семинар сабағының жоспары:

1. Адамның санасы мен рухани әлемі туралы философиялық және діни түсініктер.

2. Сана және сана-сезім. Өзіндік сана және көзқарас.

3. Жеке және қоғамдық сана, олардың диалектикалық байланысы.

4. Қоғамдық сананың құрылымы, формалары мен қызметі.

 

Әдістемелік ұсыныстар:

Адамның санасы мен рухани әлемі туралы философиялық, діни және ғылыми түсініктер. Адам психикасының құрылымы: сана, санасыздық, өзіндік сананың қазіргі заманғы философиялық және ғылыми концепциялары. Сана бейнелеу және қызмет ретінде. Шығармашылық және интуиция мәселесі. Ғылым мен философия көзқарасындағы адамзат психикасының феноменалдық қасиеті.

Сана және өзіндік сана. Өзіндік сана – субьектіні тану әдісі, сыртқы әлем мен адам бірлігін сезіну. Өзіндік сана және адамның рухани әлемі.

Қоғамдық сана – қоғамдық болмыстың бейнесі. Қоғамдық және жеке сана. Қоғамдық сананың құрылымы. Қарапайым және теориялық сана. Қоғамдық психология және идеология. Бұрынғы КСРО құрамында болған халықтардың ұлттық санасының процесі.

Қоғамдық сананың формалары: саясат, құқық, мораль (имандылық), эстетика, дін және атеистік сана, философия. Саяси сананың, құқық мәдениетінің, имандылық нормаларының нарыққа өту жағдайындағы рөлі.

Рухани өндіріс. Рухани сұраныс. Рухани қазыналардың адам өміріндегі мәнін түсіну мәселелері.

Бақылау сұрақтары:

Адамның рухани дүниесінің діни, философиялық және ғылыми түсінігінің мәні?

1. Материалистік философия жүйесіндегі сана категориясының рөлі?

2. Сана – адамның өмір сүруінің формасы, рухани бағытын анықтау мен дүниені

өзгертудің тәсілі?

3. Сананың пайда болу негізі (генезисі) және сана бейнелеудің жоғарғы түрі

ретінде?

4. Сана – шындықты бейнелеудің әлеуметтік-мәдени формасы?

5. Сана және сана-сезім, өзіндік сана, ішкі сұхбат, өзіндік сананың механизмі?

6. Санасыздық психикалық феномен ретіндегі мәні?

7. З. Фрейд іліміндегі санасыздық концепциясы; ол, мен, жоғарғы Мен мәселелерін

түсінудің мәні?

8. К. Юнг концепциясындағы ұжымдық санасыздық пен оның «архетиптерінің»

философиядағы орны?

9. Жеке және қоғамдық сана, олардың диалектикалық байланысы.

10. Қоғамдық сананың құрылымы мен формаларын әлеуметтік қажеттіліктердің

бейнесі ретінде түсіну.

 

Баяндамалар мен рефераттар тақырыбы:

1. Философия тарихындағы адам санасы мен рухани әлемі мәселесі.

2. Бейнелеу – материяның жалпы қасиеті.

3. Ақпараттық бейнелеу түрлері.

4. Сана және тіл, олардың шығуы және өзара байланысы.

5. Сана және шығармашылық. Идеалдық мәселесі.

6. Саналық және бейсаналық.

7. Идеология және билік.

8. Дін – қоғамдық сананың түрі.

9. Идеология және қоғамдық психология.

10. Қоғамдық сананың формалары.

11. Қоғамдық сананың құрлымы, қызметі және түрлері.

 

Мәтіндермен жұмыс істеу:

1. Антология мировой философии. 4-х т.т. М.: 1969-1972.

2. Ленин В. И. Материализм и эмпириокретицизм // Полн. соб. соч. Т. 18.

3. Мир философии: Хрестматия 2-х частях. М.: 1991.

4. Фрейд З. Остроумие и его отношение к бессознательному;–П: М.: 1997.

5. Фрейд З. Тотем и табу. М.: 1997.

6. Энгельс Ф. Анти-Дюринг //Маркс К, Энгельс Ф. соч. 2-изд. Т 20.

7. Энгельс Ф. Диалектика природы // Маркс К, Энгельс Ф. соч. 2-изд. т 20

8. Энгельс Ф. Роль труда в процессе превращения обезьяны в человека // Маркс К,

Энгельс Ф. соч. 2-изд. Т 20.

9. Юнг К. Г. Душа и мир: Шесть архетипов. Киев, 1997.

 







Дата добавления: 2015-09-18; просмотров: 1052. Нарушение авторских прав

codlug.info - Студопедия - 2014-2017 год . (0.034 сек.) русская версия | украинская версия