Студопедия Главная Случайная страница Обратная связь

Разделы: Автомобили Астрономия Биология География Дом и сад Другие языки Другое Информатика История Культура Литература Логика Математика Медицина Металлургия Механика Образование Охрана труда Педагогика Политика Право Психология Религия Риторика Социология Спорт Строительство Технология Туризм Физика Философия Финансы Химия Черчение Экология Экономика Электроника

Таным теориясы




Сананың негізінде білім жатыр. Философияда сол сананың пайда болуына байланыста объективтік шындықты білуге болады. Таным адамға не үшiн керек? Практикалық күнделікті іс үшін. Білу арқылы адам дүниеде өзiн жоғары санай отырып, өмірге өз білімімен әсер етiп, белгілі мақсатқа жетедi. Философияда таным барысында екi көзқарас қалыптасты: гностицизм және агностицизм.

Гностицизм – танымның бүгiнi мен ертеңiне оптимистiк түрде қарайды. Олардың пiкiрiнше, әлемдi тануға болады. Адамның дүниенi танудағы мүмкiндiгi өте зор. Танымның жалпы мәселелерi: оның табиғаты, бiлiм мен нақтылықтың қатынасы, оның ақиқаттылығының шарты, философияның негiзi зерттеу тарауында таным немесе гносеология (гр. gnosis – бiлiм, logos – iлiм, сөз) деп аталады. Шетелдiк әдебиетте бұл терминмен қатар “Эпистемология” (гр. episteme – бiлiм, logos – iлiм, сөз) деген терминдi қолданады. Гносеология – бiлiм туралы iлiм ретiнде әлемдi тануға болатындығына күмән келтiрмейдi.

Агностицизм (гр. agnostos – а – жоқ, терiске шығару, gnosis- бiлiм) – танымның нақты екендігіне күмән келтіреді, тану мүмкіндігін толық немесе ішнара теріске шығаратын ілім. Оның тарихы ұзақ.

Танымға қарсы алғашқы iлiмнiң бiрi - антика заманының скептицизмi. Олар көрiнген пiкiрге қарсы пiкiр табуға болады деп ақиқат бiлiмдi мойындамайды. Скептицизм(гр. skeptikos - қарастырушы, зерттеуші, сынаушы) – объективтік шындықты танып білу мүмкіндігіне сенбейтін күдікке орын беретін философиялық концепция. Скептицизм - теориядан бас тартып, практикада мүмкiн болатын парасаттылыққа, әдет-ғұрыпқа сүйенедi. Бұл бағыт агностицизмге, нигилизмге алып келедi. Скептицизмнiң негiзiн қалаушылар Пиррон мен Тимон болды. Олардың iлiмiн Секст Эмпирик, т. б. жалғастырды.

ХIХ ғасырда “агностицизм” деген терминдi 1869 жылы жарытылыстану ғылымдарын зерттеушi ғалым Т. Гексли енгiздi. Агностицизмнің теориялық негіздері XVIII ғ. Д. Юмның еңбектерінде кездеседі. Оның пiкiрiнше, кез келген бiлiм шын мәнiнде нақты емес, бiлiмдi ғылыми зерттеудің объектісі ретінде қарауға болмайды. Практикалық іс-әрекет үшін негіз ретінде білімді емес, сенім мен әдетті алуды ұсынды. Кант iлiмiнде «өзіндік зат» ұғымын тануға болмайтын заттың iшкi мәнi десе, заттың сыртқы көрiнiсiн “бiзге берiлген зат”, таным арқылы білуге болады деп жариялады. Кант агностицизмдi тану мүмкiндiгi жоқ деп мойындайды.

Агностицизмнiң ғылымдағы бiр түрi конвенционализм (лат. conventio – келiсiм). ХIХ–ХХ ғғ. арасында француз математигi Анри Пуанкаре конвенционализм концепциясын ұсынды, ол ақиқатты шартты келiсiмдiк нәтижесi ретiнде қарады. 70-ші жылдардағы ғалымдар арасындағы түсiнiктер мен терминдер туралы дискуссияда “ғылыми техникалық революция” терминi туралы келiсiмге келдi. Бұл секілді келісімнің обьективтік негізін жоққа шығармайды, олардың шегі обьективтік шындықтың өзінде болады. Конвенциализмнің гнесологиялық негізі бір құбылысты зерттеу және оны теориялық жағынан қайта құру үшін әртүрлі теориялық амалдарды пайдаланудың нақты мүмкіндігі болып табылады.

Эмпириокритицизм – (гр. empeirio – тәжiрибе, сынау) бiлiмнiң объективтiк маңызын жоққа шығаратын Мах пен Авенариустiң идеалистiк, субъективтiк философиясы. “Ойлау жүйесiнiң экономиясы” пiкiрлерiнде, “ойды үнемдеу” үшiн танымның негiзгi заты - санада берiлген бейненi ғана зерттейiк, оның артында нақты зат бар ма, жоқ па оны бiлудiң еш қажетi жоқ деп есептедi. Екiншiден, ойлап түбiне жете алмайтын “материя” деген ұғымнан бас тарту керек. Оны сезiм элементтерiне бөлшектеу қажет, сонда бәрi де өз орнына келедi.

Қазіргі замандағы позитивизм Юм, Мах, Авенариустің философиялық жолын жалғастырып отыр. Философ Рассел «Мен тікелей столды танымаймын, менің танитыным – тек қана маған әсер ететін бір белгілі әрекеттері ғана» – дейді. Ағаш, стол, үй менiң денемнен тыс, өздiгiнен өмiр сүредi, бiрақ бұл құбылыстар маған әсер еткен жоқ, оны сезiмдерiм тудырды. Олар менiң ғана емес, барлық адамдардың сезiмiне байланысты.

Маркстiк философия – практика танымның мақсаты – негiзгi қозғаушы күшi және ақиқаттың өлшемi. Бiлуге ұмтылу, практикалық қажеттiлiктен туады. Геометрия – жер өңдеу үшiн, астрономия – теңiзде жүзу үшiн керек болады. Бiлiмдi болу, бiлiм үшiн емес, оны практикада пайдалану үшiн керек.

Таным мен практика қашанда бірлікте. Ең бастысы шындық, оны практика ғана көрсетедi. Шындық дегеніміз – біздің санамызда қалыптасқан ойдың объективтік нақтылығы. Дүниенi ұғыну алдымен: эмоция, сезiну, сезiм (адамдар мен жануарлардың өз айналасындағы ортамен қарым-қатынасы негiзiнде пайда болатын шағын ситуациялар, көңiл-күйлер), ес-жад, нану, сенуге байланысты. Адам – тану арқылы білімін кеңейтеді. Таным дегенiмiз – өмiр шындығын жай селқос аңғарып қана қою емес, оны қызу түрде. мақсатқа сай бейнелеу, iс-әрекетке араластыру. Білім ақпаратқа байланысты, ал адам білімі ақпараттан алынады. Ақпаратты білімге айналдыратын, адамның сезімі мен ақыл-ойы. Біздің танымымыз үшін субъект қана қажет емес, сондай-ақ объект қажет. Олар бір-бірімен өзара әрекетке түседі:

Субъект – адамның биологиялық емес, әлеуметтік мәнін білдіреді. Ол практикалық іс-әрекет пен білім иесі. Индивид, әлеуметтік топтар, таптар және тарихи нақтылы қоғам - объектіні өзгертудің белсенді көзі.

Объект - табиғат, қоғам, қоғамдық қатынастар, яғни, объект дегенiмiз – материалдық ақиқатты дүниенi практикалық және теориялық тұрғыдан нақты тарихи іс- әрекет барысында субъекті игерген бөлігі. Мысалы, электрон Демокрит заманында да нақты бар болғанымен, адамның ол кезде электронды өз ойы мен әрекетінің объектісі ретінде айтуға қабілеті болмады.

Қоғамның тарихи өзгеруi объектiнiң де, субъектiнiң де өзгеруiне алып келедi. Екеуiнiң жетiлу дәрежесi де, сәйкес: зерттеудiң танитын объектiсiне қарап субъектiнiң кiм екенiн айтуға болады: “досың қандай болса, өзiң де сондайсың” деген осыдан шығады. Метафизикалық материализм, идеализм олардың диалектикалық байланысын, тарихи қосарлана дамуын ескермейтіндіктен субъектiнi жай қабылдаушы не ешбiр шектеуi жоқ белсендi таным иесi деп көп қателерге ұрынады. Субъектінің әсер ететін объектісі де қоғамдық сипатқа ие болу үшін, адамның практикалық қызметінде көрінуі керек. Осы қызметтің арқасында мәдениет жасалады, ал білім – сол мәдениеттің элементі болып табылады.

Сана танымның нәтижесі ретінде екі дәрежеде қаралады:

· Сезімдік таным (тікелей аңғару).

· Рационалдық таным (абстрактылық ойлау).

Философия тарихына үңілсек, бiлiмдi сезімдік дәрежемен шектеу немесе сенсуализм (лат. sensus - сезім, түйсік) жаңа заман философы Джон Локктан басталады. Ол: «Ақылда ештеңе жоқ, білім тек сезім арқылы өткенде пайда болады» – деген ілімін ұсынған. Локк: “Әуел баста сезiмдерде болмаған нәрсе парасатта болмайды”, - дедi. Локктың бұл ілімін өзінен гөрі, оның жолын жалғастырушылар терең зерттеді. Олар XVIII ғ материалистері Дидро, Гольбах, Гельвеций болды.

Эмпиризм (гр. empeiria – тәжірибе деген сөз) – бiздiң бiлiмiмiздiң қайнар көзi – сезiмдiк тәжiрибе, адамның түйсiктерi мен қабылдауларынан пайда болған деректердi ретке келтiредi. Эмпиризм қазiргi кезде неопозитивизм формасында өмiр сүредi. Неопозитивизмде ойды сезiмдiк тәжiрибелермен салыстыру арқылы тексередi. Егер тәжiрибе, бiлiм немесе логикалық сараптау арқылы дәлелденсе немесе терiстелсе (верификацияланса), онда ол ғылымға жатады да, қалғандары жалған болып шығады. Неопозитивизмді, Беркли мен Юм, – соңғы субъективтік идеализмде, ақыл-ой білімді түйсіктен, жай сезiнуден алады деген пікір айтып, түйсіктен ары бара алған жоқ.

Сезімдік дәрежеде болатын құбылыс үш түрлі болады: түйсік, қабылдау, елестету. Дүниені бейнелеудің алғашқы түрі – түйсік, - ол объективтік заттардың, құбылыстардың сезім мүшелеріне тікелей әсер еткен кездегi жеке қасиеттерінiң (ыстық-суық, дәмді-қышқыл, т.б.) бейнесі. Объективтік дүниенің біздің санамыздағы субъективтік бейнесі. Түйсіктер біздің барлық білімдеріміздің қайнар көзі. Олар сезім мүшелері арқылы - көру, есту, дәм, иіс, терімен сезіну ретінде пайда болады: көру - әртүрлі түр мен реңін, жарықтың күштілігін, т. б. толып жатқан қасиеттерін айырады. Есту - серпінді ортаның дыбыс тербелістерін ажыратады. Дәм мен иіс – құбылыстардың химиялық қасиеттерін бейнелейді. Тері арқылы әртүрлі механикалық және температуралық қасиеттердi ажыратамыз.

Түйсік (сезіну) өзінің түрі жағынан субъективтік, оның себебі – пайда болуы субъектінің сезім мүшелерінің қызметімен байланысты. Түйсіктің мазмұны – объективтік, себебі ол заттардың объективтік, бізден тәуелсіз қасиеттерін бейнелейді. Сезімдік танымның күрделі түрі - қабылдау. Ол жеке заттар мен құбылыстардың сыртқы көрінісін, бағытын толық бейнелейді. Қабылдау жеке адам білімінің дамуында, танып-білу барысында ерекше саты болып табылады.

Елестету - қазіргі сәтте сезім мүшелеріне тікелей әсер етпейтін, бірақ бұрын болған оқиғалар мен заттардың сезімдік бейнесі. Елестеу: бiрiншiден, қабылдауға қарағанда бұлдырлау, тиянақсыз болып келеді екiншiден, қабылдауға қарағанда неғұрлым жалпылама сипатта болады, заттың негізгі және негiзгi емес, қосалқы қасиеттерін ажыратады; үшiншiден, бейнелердің түрін өзгертуге, оларды қайта құруға, жаңадан көрнекті бейнелер жасауға мүмкіндік туғызады. Елес – еске байланысты, есте сақтау – ми ерешелiктерiне байланысты. Ес-жад жатқа айту, еске түсiру қабiлетi – таным барысында өте қажет, әрi дүниенi дұрыс тануға мүмкiндiк жасайды, ұмытшақтық адам өмiрiнде көптеген ыңғайсыз жағдайға алып келедi.

Сезімдік танымның қатесі неде, олар неге байланысты? Негізінен сезім мүшелерінің әрқилылығына және адамның көңіл-күйіне: қуанышқа, ғашықтыққа, қызғаншақтыққа, т. б. байланысты болады. Сонымен бiрге адамдарда түйсiк, қабылдау және елестету әртүрлi дәрежеде болады. Олай болса, таным объектiсiне таным барысында оның субъективтiк интерпретациясы (түсiндiру, талдауы) сәйкес келмейдi.Егер танымдағы субъективизм ойлаумен түзетiлмесе, онда практикада волюнтаризмге алып келедi.

Ойлауға, сананың рационалдық дәрежесіне ерекше мән беретіндер - рационалистер (Декарт, Спиноза, Кант, Лейбниц, Гегель). Олар идея сезiмде берiлген түйсiк, қабыладаулардың жай қосындысы бола алмайтындығына сүйенедi. Тарихи-диалектикалық әдiстердiң қалыптаспаған кезiнде, ерiксiзден “туа бiткен идея”, “ойлаудың” тәжiрибеге дейiн берiлген априорлық “формалары” деген iлiмдер жасап, сананың белсендiгiн қорғап, идеалистiк философияны дамытты.

Сезімдік таным секілді ойлаудың да формалары бар - ұғым, пікір, ой қорту.

Ұғым – түйсік, қабылдау мен елес негізінде пайда болады. Ұғым - тіл арқылы құбылыстарды ажырату, сапасын түсіну. Ұғым сезімдік бейнелеудің жай жиынтығы емес. Ұғым жеке құбылыстарды, фактілерді, т.б. зерттеу ісін қамтитын күрделі және ұзаққа созылатын таным барысының нәтижесі, тарихи өзгеріп, жетіліп отырады.

Пікір немесе пікірлесу. Бір зат туралы бір нәрсені мақұлдайтын немесе теріске шығаратын ойлар - бейне, ұғымдарды салыстыру.

Ой қорыту – пікірлердi жинақтап, топтастыру нәтижесiнде жаңадан туатын ойлардың тиянақты жоғарғы формасы. Бұлар абстракциялық ойлау (заттың бейнесімен ойда алдын-ала әртүрлі іс-әрекет жасау) дәрежесінде iске асады. Бұл көрген, қабылдаған заттың мәнін, мағынасын терең талдауға, дамуын болжауға, мақсат құруға жеткізеді.

Түсіну және түсiндiру. Жетілген сананың болуы үшін оны түсіну керек.

1. Білім мен жүйелердің арасында терең әрі тығыз байланысты орнату. Бұл бізге жаңа заңдылық пен кейбір белгiсiз құбылыстарды ашуға көмектеседі;

2. Келешекті болжауға, не болатынын айтуға мүмкіндік жасайды.

Түсіндіру - ұзақ және көп қиындығы бар процесс. Түсіндіру білімнiң бір мөлшерiнен екіншіге ретпен көшіп отыруын талап етеді. Ғылыми ойлау мен түсiндiруде мынадай кезеңдер (қандай да болса бiр iстi атқару тәртiбi, орындау түрi) болып отырады.

1. Интерпретация – ақпараттың негiзiнде жасалған алғашқы топшалау;

2. Реинтерпретация – алғашқы топшалауды өзгерту;

3. Конвергенция – алғашқы қабылданған мән мен мазмұнды жөнге келтiру;

4. Дивергенция – алғашқы қабылданған мазмұнды бөлiп тастау;

5. Конверция – алғашқы мән мен мазмұнды өзгертiп, қайтадан, жаңадан құру.

Танымның негізгі бiр мақсаты – шығармашылық, ол iс-әрекет рухани дүниенi дамытады: музыка шығару, кiтап жазу, әңгiме, өлең айту, сурет салу, т. б. шығармашылық қалыптасқан санаға тән құбылыс жаңа ой жасау, идея айту, ол интуициямен тікелей байланысты. Интуиция - адамның есінде толып жатқан құбылыстар, санасыз қатынастар мен бейнелер болады. Бұл құбылыстарды жүйеге келтіру арқасында үлкен ғылыми, мәдени жаңалықтар ашылады.

Ақиқат - алған білімнің шындыққа сәйкестігі. Егер сәйкес болмаса, білім жалған. Материализмде, идеализмде де осыны мойындайды, бiрақ шындық дегендi әртүрлi түсiнедi. Материализм үшiн, ол - бiзден тәуелсiз өмiр сүретiн объективтiк дүние болса, идеализм оны идеялар дүниесiнiң жай көмескi көлеңкесi, жалған дүние деп есептейдi.

Философия тарихында ақиқаттың бiрнеше теориясы жасалынған.

Корреспонденттiк (тiршiлiк немесе классикалық) ақиқат бiлiм ретiнде шындыққа сәйкес түсiндiрiледi.

Прагматикалық ақиқат. Қандай ой-пiкiр, немесе әрекет болса да, егер ол пайда әкелсе ғана – ақиқат (У. Джеймс).

Когеренттiк (лат. cohaerentia – тiркесу, байланыс) ақиқат дегенiмiз – ойлаудың өзiмен өзiнiң келiсуi, ондағы қайшылықтың жоқтығы (Кант, Гегель). Ең көп тараған, Аристотельден басталатын, бiлiмдi затпен сәйкестiретiн беделдi ақиқат теориясы - корреспонденттiк болып есептеледi. Аристотель: “ажыратылғанды - ажыратылған, байланысқанды - байланысқан деп есептейтiн адам шын сөйлейдi, ал жалған сөйлейтiн адам - заттардың нақтылығы туралы керi ойлайтын адам”- дейді.

Философиядағы ақиқат туралы ұшқыр ойлар: Бэкон:»Ақиқаттың атасы бедел емес, уақыт» (истина – дочь времени, а не авторитета);[8] Гегель: «Ақиқат - ұлы сөз, одан да жоғары ұлы зат, олай болса сау адамның бұл сөзді естігенде көкірегі көкке көтерілуі тиіс»2 – дейді. Ақиқат ешнәрсеге байланысты емес. Сондықтан ақиқат әртүрлі - объективтік, абсолюттік, салыстырмалы (относительдік), нақты:

Объективтік ақиқат деп – біздің білімімiздің субъектiге тәуелсіз өмір сүретін мазмұнын айтамыз. Мысалы, металдың бәрі электр тогын өткізеді деген тұжырымды келтiруге болады. Сонымен бiрге тану – субъектiге тәуелдi, яғни ақиқат субъективтiк. Объективтiк пен субъективтiк – бұл екi бөлек ақиқат емес, ғылыми теорияда, бiлiмде бiрiккен, екi қарама-қарсы сипаты бар, бiр ақиқат.

Абсолюттік ақиқат - шындықтың дәл және түгел бейнеленуі, ол объективтік ақиқаттың мызғымайтын беріктігі. Бұл білімнің болашақта теріске шығарылуы немесе анықталуы мүмкін емес, ол сөзсіз айқын нәрсе. Мысалы: «Қайнаған су буға айналады».

Салыстырмалы (относильдік) ақиқат - ол біршама дұрыс, негізінен алғанда дәл білім, бірақ толық емес, танып-білу үстінде толықтырыла анықтала түседі, түзетіліп отырылады. Мысалы, Антика кезiнде Левкипп, Демокрит, Эпикур атом туралы бiлiмдi – материяның бөлiнбейтiн ұсақ бөлшегi деген, кейiннен атом күрделi құрылым болып шықты. Бұл салыстырмалы ақиқат. ХIХ ғасырда электронның бар екенiн, оның атомға кiретiнi белгілі болды, ал қазiргi кезеңде оның жүзден аса элементарлық бөлшектерi бар екендігі мәлiм болды, бiрақ бұл әлi де шегi емес.

Ақиқаттың нақтылығы дегеніміз - абсолюттік пен относительдік ақиқаттың диалектикасының бірлігі. Таным объектiсiне, фактілерге, оның жағдайына тарихи қарастырылу деңгейінде нақты тәсіл қолдану барысында нақты ақиқат принципі пайда болады.

Ақиқат критерийі (дәйегi) не? Практика танып - білудің негізі, оның стимулы ғана емес, сонымен бірге білімдеріміздің ақиқаттылығының өлшеушісi де болады. Практика барысында бiздiң ұғымдарымыз тексерiледi, олардың ақиқаттылығы немесе жалғандығы анықталады да, дұрыс емес теориялар шығарылып тасталады. Практика ұғымы өте кең түрде қолданылады, қазiргi ғана емес, келешектегi өмiрдi де қамтитындықтан, ол ең негiзгi, бiрақ өте жалпы ақиқат өлшемi болып келедi. Жаңа теория, iлiм, идеялардың ақиқаттылығын бүгiнгi күнде анықтау қажеттiлiгi ғылыми-техникалық прогресс кезеңiнде арта түседi. Сондықтан ақиқат өлшемі ретінде ғылыми тәжiрибеде бақылау, эксперимент жасау тәжiрибелерiн де қарастырамыз. Көп жағдайда, әсiресе, қоғам өміріне байланысты мәселелерді шешуде, тәжірибелер жасау мүмкіндігі болмайтындықтан, жаңа білімнiң ескі ақиқатқа логикалық сәйкестігін де ақиқат өлшемі ретінде пайдаланамыз. Оның да өз дәлелдемесі бар, Ленин айтқандай: “Логика - өткен ұрпақтардың миллион рет қайталанған тәжірибесінің қорытындысы», сондықтан оған да сенім білдіруіміз орынды.

Ғылыми таным және оның өзіндік ерекшелігі. Танымның эмпириялық және теориялық дәрежесі, құрылымы бар. Шындықты тану, белгілі бір түрде жасалады. «Таным түрі» түсінігі көп қырлы. Олар төмендегідей кезеңдерді қамтиды:

1. Адамның шындықты бейнелеуінің сатылары - сезімдік және рационалдық.

2. Білім түрі - эмпириялық және теориялық, ғылымға дейінгі (қарапайым) және

ғылым.

3. Білімнің құрылу тәсілі - ғылыми, болжам, абстракты теория, ғылыми жүйе.

Танымның жоғарғы түрі - ғылым. Ғылым дегеніміз не? Кейбір жеке ғылыми салалардың өкілдері анықтаманы нақты ғылыммен байланыстырады. Ғылыми білімнің басқа білім түрлерінен айырмашылығы - оның дәлелділігінде. Ғылыми таным, абстрактілік түсініктермен жасалады. Ғылым - теориялық білімдер жүйесі. Ғылыми білімнің әбден қалыптасқан түрі - теория. Ғылыми теорияның жасалуы нақты әлем туралы ақиқат білімді қоғамдық практикаға енгізу - адамзат мақсатының ең маңыздысының бірі.







Дата добавления: 2015-09-18; просмотров: 1027. Нарушение авторских прав

codlug.info - Студопедия - 2014-2017 год . (0.01 сек.) русская версия | украинская версия