Студопедия Главная Случайная страница Обратная связь

Разделы: Автомобили Астрономия Биология География Дом и сад Другие языки Другое Информатика История Культура Литература Логика Математика Медицина Металлургия Механика Образование Охрана труда Педагогика Политика Право Психология Религия Риторика Социология Спорт Строительство Технология Туризм Физика Философия Финансы Химия Черчение Экология Экономика Электроника

Тұқымның өнуі, көктеуі және танаптық өнгіштігі, оларға әсер ететін факторлар мен жағдайлар




 

Тұқымның өнуі және егін көгінің пайда болуы. Дақылдың өнуі — өсімдік тіршілігіндегі маңызды құбылыс.

Түкымның (жемістің) өнуі — күрделі физиологиялық үрдіс, эндоспермдегі қорлық қоректік заттарды пайдалана отырып ұрық өскінге айналады. Әрі қарай дамудың нәтижесінде өскін астотрофты қоректену қабілетіне ие болатын егін көгіне айналады.

Тіршілікке қабілетті тұқымның өнуіне су, жылу және міндетті түрде оттегі кажет. Жинап алғаннан кейінгі пісуін өткен (биологиялық тыныштық) тіршілікке қабілетті тұқымдар ғана қолайлы жағдай туғанда қалыпты өне алады.

Өну судың әсерінен тұқымның бөрткен кезінен басталады. Құрғақ топырақта тұқым өнбейді. Судың әсерінен ұрықтағы ферменттік үрдістер белсендіріледі де суда ерімейтін қоректік заттардың ұрықта сінімді түрге айналуы тездетіледі. Тұқымның бөртуіне қажетті судың мөлшері оның химиялық кұрамына байланысты, өйткені оған кіретін заттар әртүрлі мөлшерде су сіңіреді: белоктар - 150, крахмал - 70, қатайып кеткен клетчатка - 30 % (В. В. Гриценко, 3.М. Калошина, 1984). Тұқымның өнуіне қажетті судың ең аз мөлшері дәнді дақылдар мен астық тұқымдас өсімдіктерде тұқымның ауалы құрғақ массасының шамамен 50 пайызына тең, дәнді бұршақ дақылдар мен бұршақ тұқымдас шөптердің тұқымдарында 100 %-дан артығырақ. Майдың суды жұтпайтындығынан майлы дақылдар тұқымына қажетті су ондағы белок пен крахмалдың мөлшеріне және жамылғы тканьнің ерекшелігіне байланысты.

Ылғалмен қатар тұқымның калыпты өнуіне қолайлы темпе­ратура жағдайлары қажет. Температура дәрежесінің 3 түрі ажыратылады: ең аз (минимум), одан төмен болғанда тұқымның өнуі мүмкін емес; оңтайлы (оптимум), өсіп-өнуге ең қолайлысы, ең көп (максимум), бұдан жоғары болғанда тұқымның өнуі тоқтайды. Әр дақылда өзінің минимум, оптимум және максимум өсу температурасы болады. Қолайлы (оптимум) температура бөрту жылдамдығын арттырады және ферменттер қызметін күшейтеді.

ХІХ ғасырдың 70-жылдарындағы Ф. Габерландтың зерттеулері көрсеткендей, екпе дақылдардың жылуға қажеттілігі жөнінен бір-бірінен айырмашылықтары анағүрлым көп. Ол тұңғыш рет көптеген екпе дақылдар тұқымының ең аз, колайлы және ең жоғарғы өну температураларын белгілеп берді. Кейінірек В.Н. Сте­панов (1948) зерттеулерімен екпе дақылдар тұқымының өнуіндегі температура шегі егжей-тегжейлі анықталды.

Тұқымның ең төменгі өну температурасы: бидай, қара бидай, арпа, сұлы, асбұршақ, ноғатық, сиыр жоңышқа үшін 1-20С, қарақұмық пен ноқатта – 3-40С, тары мен жүгеріде – 8-100С. Көптеген ғалымдардың тұжырымы бойынша әртүрлі танаптық дақылдарда оңтайлы температура да әртүрлі: астық дақылдарының бірінші тобында (бидай, қара бидай, арпа, сұлы) және кейбір дәнді бұршақ дақылдарында (ноғатық ж.б.) – 20-220С, астық дақылдарының екінші тобында (тары, жүгері, шәй жүгері ж.б.) – 26-280С. Ең жоғарғы (мах) температура – тиісінше астық топтарында 30-32 және 38-400С.

Дала жағдайында егін көгінің пайда болуына қажетті ең аз температура лабораториялық жағдайғы тұқым өну температурасынан анағұрлым жоғары болатындығы. Көптеген дақылдар үшін бұл айырмашылық 2-3сС деңгейінде.

Тұқымның өнуіне ең кажетті жағдайдын бірі тұкымның тыныс алуына және эндоспермдегі қорлық қоректік заттардың тотығуына жеткілікті мөлшерде оттегінің кажеттігі болып табылады. Оттегі жетімсіз болғанда анаэробтық тыныс күшейеді, мұның өзі өсуге кедергі келтіретін тотықпаған метаболиттердің жинақталуына әкеліп соғады. Аэрацияның болуынан және көмірқышқыл газының 17%-ға дейін кобеюінен тұқымның өнуі қысымшылықпен өтеді, ал ол 35%-ға жеткенде тұқымдар өліп қалады (Қ. М. Фирсова, 1969).

Өну кезінде тұқымда қоректік заттар гидролизге ұшырайды да өсу нүктесіне оның өнімдері түседі. Өсу, жаңа құрылымның пайда болуы көп энергия қажет етеді. Бұл энергия тұқымда оның тыныс алуы кезінде бөлініп шығады (бұл кезде қорлық қоректік заттар – көмірсулары, майлар - тотығады). Сондықтан өну-өсу кезінде тұқымның тыныс алу қарқыны артады.

Физиологияда тұқымның өнуі түп тамырлардың ұшы пайда болғанда аяқталады деп есептеледі, ал өсімдік шаруашылығында – егін көгінің пайда болуы мен тамамдалады.

Тұқымның өсіп-өну үрдісін И.Г. Строна 5 кезеңге бөлді:

1. Су сіңіру кезеңі – тұқым суды ылғалдылықтың шегіне дейін сіңіреді. Бұл кезде әлі биохимиялық үрдістер жүрмейді, белсенділігі артпайды және морфологиясында ешқандай өзгеріс байқалмайды. Бұл кезеңде тұқым суды орасан зор күшпен сорады және ол ондаған атмосфераға дейін, ал арамшөп өсімдіктерінде тіпті жүздеген атмосфераға жетеді. Кезеңнің ұзақтығы тұқым күйіне, температураға және субстрат (тұқымның жанасу орны) ылғалдылығына байланысты өзгереді: топырақта, басқа ылғалды ортада – ұзағырақ, ал суда – қысқарақ.

2. Тұқымның бөрту кезеңі тұқымда бейтарап ылғалдың пайда болу кезінен (шекті ылғалдылыққа жеткен кезден) басталады. Бұл кезеңде жазушалардың тіршілік қызметі, гидролиздік үрдіс күшейеді, ферменттер жүйесі белсенді күйге ауысады. Бөрту үрдісінің мәні мынада: судың молекулалары жоғары молекулалы қосылыстар ортасынан енеді де, жекелеген молекулалар тізбегін ығыстырады, нәтижесінде гидролиз жүреді, де бүкіл тіршілік үрдісін белсендіреді және тұқымның көлемі ұлғаяды. Әрбір дақылдың тірі тұқымдары осы түрге тән мөлшерде ғана су сіңіреді: тары тұқымының өнуіне шамалы ғана су қажет (құрғақ–ауа массасының 25%-дай) көптеген дәнді дақылдар бөртіп өне бастауына тұқым массасының 50%-дай су сіңіреді, қант қызылшасы - 120%, ал сілемайлы (слизистые) тұқымдарда (зығыр ж.б.) ол көрсеткіш екі есе көп. Судың әсерінен қорлық қоректік заттар еріген түрде айналады да өсу нүктесіне жылжиды.

3. Түп тамыршалардың өсу кезеңі түп (біріншілік) тамыршалар жасушаларының (клеткалардың) бөлінуінен басталады, алайда морфологиялық бірінші көрінетін белгісі – шоқылуы және тұқым қабығының сыртында тамыршалардың пайда болуы болып табылады. Бұл кезең тамыршалардың өсуімен бірге жаңа сапалы биохимиялық үрдістер жүреді де келесі кезеңнің - өскіннің (өркеннің) дамуына жағдай жасалады. Тамыршалардың ұзына бойына өсуі олардың ұштарындағы өсу аймағында жүретін қарқынды клетка бөлінуі арқылы іске асады. Астық дақылдарының бірінші тобы (бидай, қара бидай, арпа, сұлы) бірнеше ұрықтық тамыршалармен өнеді, ал екінші тобы (тары, жүгері, шәй жүгері, күріш, қонақтары) жалғыз ұрықтық тамырмен өнеді.

Тұқым сапасына, өсіру ерекшеліктеріне қарай түп тамыршалардың саны әртүрлі болуы мүмкін. С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің өсімдік шаруашылығы кафедрасының зерттеулерінде (Қ. Әрінов, 1998) жаздық бидайдың ірі тұқымдары 4-5 тамыршамен өнгенде, ұсақ тұқымдар 3-4 тамырша ғана қалыптастырды.

Бұл кезең өскіннің дамуына дайындығымен аяқталады.

4. Өскіннің (өркеннің) даму кезеңі өскіннің пайда болуымен басталады, түп тамыршаларадың одан әрі өсуі жүреді, өскіннің дамуына барлық мүмкіндіктер бар, өскін пәрменді түрде өсе бастайды. Дәнді дақылдарда бұл кезең «колеоптиле» деген қорғаныс қабатының пайда болуымен аяқталады. Бұл кезең өскін тіршілікке кіріскен уақыт, алайда тұқым күйі де емес, жаңа өсімдік те емес.

5. Өскіннің жетілген кезеңі. Дамып келе жатқан өскін экологиялық жағдайда күрделі тәуелділікте болады, әлі тұқыммен байланысын үзген жоқ және одан қоректік заттармен кейбір арнайы қосылыстар физиологиялық белсенді заттарды, әлі де болса пайдаланады. Автотрофты қоректенуге дейінгі осы кезеңді Н.Н. Кулешов өскіннің жетілген немесе толған кезеңі деп атаған. Бұл кезең де экологиялық ортаға (ылғал, температура ж.б.) белгілі бар талаптарымен ерекшеленеді.

Сонымен, әуелі түп тамыр, соңынан өскін өседі, одан әрі қарай сабақ өркені өсе бастайды, ал ол жоғарыда атап өткеніміздей, «колеоптилемен» қапталған болады (ол түр өзгерісіне ұшыраған өсімдіктің алғашқы жапырағы болып табылады). Оның жоғарғы ұшы сүйірленген, топырақты жеңіл жарып шығады. Топырақ бетіне шықсымен «колеоптиле» өзінің тіршілігін тоқтатады да бірінші жапырақтың қысымымен жарылады да жапырақ пайда болады. Міне осы кезең егін көгінің пайда болу немесе көктеу кезеңі деп есептеледі. Егер дәнді дақылдарда егін көгі өркеннің (өскіннің) ұзаруы есебінен жүрсе, көпшілік қос жарнақты өсімдіктерде тұқым жарнақтың астыңғы қалтасы жайыла өседі де жарнақтарды топырақ бетіне шығарады, басқаша айтқанда егін көгі нағыз жапырақтар емес, жарнақты жапырақтар түзеді (қарақұмық, астра, асқабақ т. б. туыстар).

Егін көгі кезеңінің басталуы деп алқаптағы өсімдіктердің 10 пайыз бірінші жапырақтар пайда болған күнді, ал толық көктеуі деп 75 пайыз бірінші жапырақтар пайда болған кезеңді есептейді.

Өну-көктеу кезеңінің ұзақтығы (сонымен қатар себу-көктеу) топырақ пен ауаның температурасына, тұқым ірілігі мен себу сапасына, топырақтың механикалық құрамы мен ылғалдылығына, тұқым себу тереңдігіне т. б. факторларға байланысты.

Тұқымның далалық (танаптық) өнгіштігі және егін көгінің толықтығы. Ауыл шаруашылығы іссанасында оңтайлы жиіліктегі толыққұнды егін көгін мезгілінде алып сақтаудың маңызы зор. Алайда жоғары лабораториялық (зертханалық) өнгіштігі бар тұқымды белгіленген себу мөлшерімен (нормасымен) сепкенде жақсы егін көгін бере бермейді. Далалық жағдайда лабораториялық өнгіштігі жоғары тұқымдардың барлығы бірден көктеп шықпайды және егінің жиілігі мен сабақ бітіктігі себу мөлшерімен ғана емес, сонымен бірге оның далалық өнгіштігімен анықталады.

Далалық өнгіштік— далалық жағдайда пайда болған егін көгінің себілген өнгіш тұқым санының қатынасымен көрсетілген пайыз мөлшері. Далалық өнгіштікті «барлық себілген тұқым санымен» анықтауды құптаған кейбір авторлармен келісуге болмайды, өйткені бұл ұғым егін көгіне тек қана далалық жағдайдың әсерін ескеруді талап етеді. Мұны мысал келтіріп түсіндірейік: лабораториялық өнгіштігі 95 % тұқымның 1 га егістігіне 3,0 млн тұқым себілгенде 1 шаршы метр (м2) алаңға 300 дана болады. Оның лабораториялық өнгіш тұқымы – 285 дана. Айталық, 1 м2 алаңда 240 қалыпты егін көгі шықты делік. Барлық себілген тұқымнан есептегенде бұл 80 % құрайды (300-ден 240), ал лабораториялық өнгіш тұқымнан есептегенде – 84,2 % (285-тен 240).

Арнайы әдебиеттерде «танаптық өнгіштік» түсінігі орнына кейде «егін көгінің толықтығы» түсінігі қолданылады. Бұл екеуі синоним емес.

Егін көгінің толықтығы деп бір өлшем егістіктегі нақты жағдайда егін көгінің қажетті оптимумының пайыз мөлшерін атайды. Мысалы, 100 кг/га себу керек еді (шамамен 1м2 алаңнан 200 егін көгін алу мақсатында) нақты себілгені 80 кг/га өнгіш тұқым болды да 160 дана егін көгі шықты. Кем себілудің нәтижесінде егін көгінің толықтығы 80% ғана болды (100 %-дың орнына). Кейде өте дәл себілгенде танаптық өнгіштік пен егін көгінің толықтығы сәйкес келеді.

Далалық өнгіштік барлық жағдайларда лабораториялық көрсеткіштен төмен және көптеген факторларға тәуелді. Н.Н. Кулешов (1963) бұл факторларды бес топқа бөледі: тұқым сапасы, метеорологиялық жағдайлар, топырақ жағдайлары; агротехника; тұқым мен өскінді зақымдайтын аурулар мен зиянкестер.

Тұқымның далалық өнгіштігінің төмендеуі белгілі бір дәрежеде дәнді және басқа дақылдардың өнімін азайтады. Есептеулер көрсеткендей, далалық өнгіштік 1 пайызға төмендегенде егін өнімінің төмендеуі жаздық дақылдарда 1,5-2,0 пайыз, ал күздіктерде — 1,0-1,5 пайыз. Өнімнің азаюы әрі сабақ бітіктігінің есебінен, әр өсімдік өнімділігінің төмендеуінен болады. Далалық өнгіштік төмен болғанда, аңызға себілген көп тұқым зая кетеді.

М.Қ. Сүлейменов (1981) бұрынғы БАШҒЗИ (Шортанды) зерттеулерін қорытындылай келіп, топырақтың беткі қабатында жеткілікті ылғал қоры болғанда және қарықтап себу (бороздковый посев) жүргізілгенде жаздық бидайдың танаптық өнгіштігі мен өнімі арасында тығыз байланыс байқалмайтынына назар аударады. Сонымен қатар ол мынаған көңіл бөлуді ескертеді: қолайсыз жағдайларда толыққұнды егін көгін алу өнімді қалыптастыруда шешуші рөл атқарады (әсіресе төменгі себу мөлшерін пайдаланғанда).

Көптеген зерттеушілердің деректері бойынша Солтүстік Қазақстан аймағында дәнді дакылдардың далалық өнгіштігі бірталай факторларға байланысты 67-78 пайыз шеңберінде, майлы дақылдарда 41-81, мал азығындық шөптерде 36-69, мал азығындық тамыржемістерде 31-60 пайыз. Сондықтан тұқымның далалық өнгіштігін арттыру —оңтайлы егіс жиілігін кұраудың маңызды шарты және ауылшаруашылық дақылдарының өнімін молайтудың басты көзі.

Тұқымның далалық өнгіштігіне әсер ететін көптеген фактор-лардың ішінен ауылшаруашылығында ерекше маңызы бар мыналарды бөліп алуға болады: тұқым сапасы, топырақ жағдайлары, дақылдың өсіру ерекшеліктері ж.б.

Тұқым сапасының танаптық өнгіштікке әсері.Толық бағалы әрі біркелкі егін көгін алу көп жағдайда тұқым сапасына байланысты: өну энергиясы мен өнгіштігіне, жарақаттануына, физикалық пісіп-жетілуіне, біркелкілігіне, ірілігіне т. б.

1. Тұқымның лабораториялық өнгіштігі айтарлықтай дәрежеде далалық өнгіштікті анықтайды. Әдетте, лабораториялык өнгіштік төмендеген сайын далалық өнгіштік те төмендейді. Н.Н. Кулешов (1963) белгілегендей, лабораториялық өнгіштіктің аздап төмендеуінің өзі далалык өнгіштікке қатты әсерін тигізеді.

Егістікті лабораториялык өнгіштігі төмен бірақ жоғары себу нормасымен себу мына себептермен ақталмайды: біріншіден, бұл үлкен тұқым шығынына әкеліп ұрындырады; екіншіден, өнгіштігі төмен тұқымдардың тіршілігіне қабілеттілігі нашар және жоғары өнгіштегі тұқымға қарағанда далалық өнгіштігі анағүрлым төмен болады. Сонымен қатар далалық өнгіштік пен егін сиреуінің арасында тікелей байланыс бар. Сондықтан кондициясыз тұқымдарды кондициялы тұқымға айырбастаған жөн.

2. Тұқымның жарақаттануы далалык өнгіштіктің төмендеуінің басты себептерінің бірі. Көп авторлардың көрсеткеніндей егін жинау кезінде және жинағаннан кейін өңдегенде жарақаттанған тұқымдар тұқымның өнуі мен қалыптасуына ғана зиянын тигізіп қоймайды, сонымен бірге өсу үрдісін кешеуілдетеді, өсімдік өнімін азайтады. Далалық өнгіштікті әсіресе тұқым ұрығының жарақатталуы төмендетеді және олар сепкеннен кейін қолайсыз өну жағдайына кездессе бұл құбылыс күшейе түседі (ылғал жетімсіздігінен, температураның төмен болуынан т. б.).

Кезінде қазіргі С. Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-нің оқу-тәжірибе шаруашылығында жүргізілген зерттеулерде жаздық бидайдың танаптық өнгіштігі бақылау вариантында 60,3% болғанда эндоспермісі жарақаттанғанда – 51,0, ал ұрығынан жарақаттанғанда 28,6%-ға дейін төмендеді [2].

Соған қоса, жарақаттанған тұқымдар, әсіресе қабықсыздары, микроорганизмдердің өнуі мен кебеюінің негізгі объектісі болып шығады. Олар қорлық қоректік заттарды шығындап, әр-түрлі аурулар қоздырады, ұрықтың өлуіне әкеліп соқтырады. Қазіргі заманғы егін жинау мен жинағаннан кейінгі астықты механикаландырылған әдіспен баптаудың нәтижесінде тұқым жарақаттануын болдырмау мүмкін емес, бірақ егін жинауды қолайлы және қажетті мерзімінде өткізу, барабанның айналу салын дұрыс реттеу, барабан мен деканың арасындағы кеңістікті және астық тазалағыш машиналардың дүрыс реттелуі аркылы жаракаттануды анағүрлым төмендетуге болады.

3. Тұқым ірілігі мен ауыр салмақтылығы далалык өнгіштікке айтарлықтай әсер етеді, бірақ әртүрлі жағдайларда бұл бір-
келкі байқалмайды. Тұқым эндоспермі қоректік заттармең неғұрлым көп қорланса, солғүрлым олармен ұрық жақсы қамтамасыз етіледі де қуаттырақ өркен пайда болады. Далалық жағдайда мұндай өркендер (өскіндер) қолайсыз кедергілерді жеңіл жеңеді және топырақ бетіне жылдамырақ шығады.

Бұрынғы Ақмола АШИ-ның өсімдік шаруашылығы кафедрасының деректеріне (1996) қарағанда тұқымның орташа, ірі фракциялары мен олардың қоспасы далалық өнгіштігі мен өніміне айтар­лықтай ықпал жасаған жоқ. Бірақ ұсақ тұқымдардың далалық өнгіштігі мен егін өнімі ерекше төмен болды, әсіресе тұқымды 10 см тереңдікке сіңіргенде. Тұқымның далалық өнгіштігі мен топыраққа сіңіру тереңдігі арасындағы, сонымен бірге далалық өнгіштік пен өнімнің арасындағы тікелей тәуелділік өте анық байкалады (3-кесте).

Бұл сұрақ төңірегінде соңғы жылдары жүргізілген зерттеулерді қорытындылай келіп мынаны еске салу керек: ұзақ уақыт бойы ірі тұқымның артықшылығы және оларды жеке бөліп алып тұқымдық мақсатқа пайдалану қажет деген кағиданы дәнді дақылдар үшін шешілген мәселе деп қарауға болмайды. Себу үшін ірі тұқымды бөліп алудың қажеті жоқ, жалпы кондициялы тұқымнан ұсақ және семген дәндерді аластатса жеткілікті. Ала­йда тұқым ірілігін мүлде есептен шығарып тастауға болмайды, өйткені өну күші мен әртүрлі фракциялар арасында анық шекара байқалады: тұқым неғұрлым ірі болса, солғүрлым өну қуаты мол (бір дақыл немесе сорт шеңберінде). Мүның өзі далалық өнгіштікке әсер етеді.

4) Өнімдегі тұқымның әртүрлі сапалылығы (әртектілігі)

Кестe 3. Жаздық бидай өнімі және далалық өнгіштігіне тұқым ірілігі мен оның топыраққа сіңіру тереңдігінің әсері (А.А. Цепенко, С.Қ. Мұқатова, Қ.К. Әрінов деректері бойынша, 1998)

 

Тұқым фракциясы Тұқым сіңіру тереңдігі, см Саратовская 29 сорты Харьковская 46 сорты
далалық өнгіштік, % өнім, г/м2   далалық өнгіштік, % өнім, г/м2  
Орташа 5,0
  7,5
  10,0
Ірі+орташа 5,0
  7,5
  10,0
Ірі 5,0
  7,5
  10,0
Ұсақ 5,0
  7,5
  10,0

 

тұқым бөлігіндегі далалық өнгіштіктің төмендеуі мен лабораториялық және далалық өнгіштіктің арасындағы айырмашылықтың себептерінің бірі. Тұқымдардың физикалық және физиологиялық қасиеттерінің әртектілігі олардың гүл шоғыры мен масақша орналасқан орынымен түсіндіріледі, сонымен қоса гүл шоғыры (масақ, сіпсебас) сабақ бітіктігінің қай қабатында қалыптасканына негізгі, қуатты дамыған, немесе шабан өркен (подгон) сабақтарда—байланысты.

Көптеген зерттеулермен ең ірі тұқымдар мен олардың жоғары себу сапасы сұлы мен тарыда сіпсебастың жоғары бөлігінде, кара бидай, бидай, арпада—масақтың орта бөлігінде, ал қарақұмық, ас бұршақ, ноқат, ноғатықта — төменгі бүршіктерде қалыптасатыны анықталды.

Тұқым әртүрлі сапалылығының далалық өнгіштігін арттыру үшін ірілігіне қарай ең жақсы фракцияларды іріктеу арқылы бөліп алу және ұсақ әрі семген тұқымдарды аластату қажет.

5. Тұқымның физиологиялық піскендігі далалық өнгіштікке айтарлықтай әсер етеді. Биологиялық тыныштық кезеңін өтпеген тұқымдарды егіске пайдаланғанда олардың далалық өнгіштігінің айтарлықтай төмендейтіндігі байқалады. Бұл құбылыс күздік астық дақылдарын жаңа жиналған тұқыммен сепкенде және жаздық дәнді дақылдарды еліміздің солтүстік-шығыс аудандарында тұқымның толысуы мен пісу кезеңінде температурасы мен ылғалдылығы құбылмалы ауа-райы қалыптасқанда байқалады.

Топырақ жағдайларының тұқымның далалық өнгіштігіне әсері.Топырақтың мәденилендірілген және құнарлық күйі, оның механикалық құрамы, физикалық-химиялық қасиеттері тұқымның далалық өнгіштігіне барынша әсер етеді. Әсіресе себу-көктеу кезеңіндегі топырақ жағдайларының (негізінен ылғалдылықпен, температуралық ережемен және топыырақ аэрациясымен байланысты) әсерін атап өткен дұрыс. Тұқымның өнуі мен көктеуіне қоршаған ортаның негізгі факторларының (ылғал, жылу, ауа) әсері, жоғарыда аталып өткендей, топырақ арқылы іске асады. Сондықтан тұқымның танаптық өнгіштігін арттырудағы егістік қабатының оңтайлы температурасын, ылғалдылығы мен аэрациясын білу өте маңызды.

Зерттеулерден белгілі болғандай дер кезінде жаппай және толық егін көгін алу үшін топырақтың тұқым сіңірілген қабатында пайдалы ылғал қоры жаздық бидай үшін 13-14 мм және күздіктер үшін 11-12 мм болғаны абзал.

Тұқым сіңірілген топырақ қабатының ылғалдылығы төменгі ылғал сыйымдылықтың (ТЫС) 70%-нан кем болмауы керек. Ылғалдылық 90%-дан асып кетсе топырақтағы ауаның жетімсіздігінен далалық өнгіштік төмендей бастайды.

Топырақтағы ылғалдың тапшылығы тұқымның танаптық өнгіштігін күрт төмендетеді. Сілтілі қара топырақтарда топырақ ылғалдылығы 17,05% болғанда бірен саран ғана егін көгі шықты, 19% ылғалдылықта –күздік бидай тұқымы 87,3% егін көгін берген, ал 21% және одан жоғары ылғалдылықта танаптық өнгіштік 96-97% жеткен ( ).

Тұқымның көктеуіне қажетті температуралық ереже «Тұқымның өнуі және егін көгінің пайда болуы» бөлімінде баяндалған. Бұл жерде мынаны атаған жөн: топырақтың тұқым сіңірілген қабатында жаппай және толық егін көгін алуға барынша оңтайлы температура: астық дақылдарының бірінші тобында - 16-18°С, екінші тобы үшін - 20-22 °С. Тым төменгі, сол сияқты тым жоғары температуралар тұқымның танаптық өнгіштігін төмендетеді.

Далалық өнгіштік кенеттен салқындап және ұзаққа созылғанда, толассыз ақ жаңбырларда жә­не сепкеннен кейін топырақтың тығыздалуынан ерекше төмендеп кетеді. Мүның бәрі өскіннің пайда болуын көп уақытқа дейін кешеуілдетеді.

Топырақтың физикалық, механикалық қасиеттері де тұқымның өнуі мен өсуіне тікелей де, өсіп келе жатқан өркендерге белгілі кедергі келтіріп, жанама түрде де, топырақтың су, жылу және ауа режемлерін өзгертіп әсер етеді.

Тұқымның өнуі мен өркеннің пайда болуына топырақтың егістік қыртысының тығыздығы маңызды рөл атқарады. Топырак қыртысының өзгеруіне қарай оның жылу, су және ауа режімдері де өзгереді, ал бұл өркеннің пайда болу динамикасы мен тұқымның далалық өнгіштігін өзгертеді. Қорытылған деректер бойынша көпшілік далалық дақылдар үшін орташа саздақ топырақтарда ең қолайлы тығыздык 1,1-1,2 г/см3. Мұндай тығыздықтағы топырақта тұқым мен топырақ бөліктерінің қабысуы, түйісуі жақсартады да өркендер біркелкі пайда болады.

Топырақ тығыздылығының өркендерге әсерін тексерген көптеген зерттеушілер топырақтың eгic қыртысының ылғалдылығы төмен болғанда топырақты тығыздау жақсы нәтиже беретіндігін дәлелдеді: соның әсерінен тұқымның топырақпен түйісуі, тұқымның топыраққа сіңірілу біркелкілігі, олардың сумен қамтамасыз етілуі жақсарады. Топырақтың қалыпты және мөлшерден тыс ылғалдылығында тығыздықтың қолайлы мөлшерден жоғары көтеру өскіннің пайда болуын бөгейді, әрі өнгіштікті төмендетеді. Сондықтан топырақты тығыздаушы құралдармен өндегенде олардың оған әсер ету дәрежесін, сонымен қоса қалыптасқан ауа-райы мен топырақ жағдайларын білген жөн.

Топырақ құрамына әртүрлі түрлі қосылыстар түрінде көптеген химиялық элементтер кіреді, олардың салыстырмалы мөлшері кең шеңберде өзгереді. Жоғары концентрациялы тұз ерітінділері тұқымның өнуіне, көктеуіне және танаптық өнгіштікке теріс әсерін тигізеді. Бидай басқа астық дақылдарына қарағанда топырақ ерітіндісінің реакциясына өте сезімтал, ал сұлы мен қара бидай тұқымдары айтарлықтай қышқыл ортада көбірек зардап шегеді.

Тұқымның танаптық өнгіштігін микроорганизмдермен кейбір арамшөп өсімдіктерінің (жабайы шомыр, кәдімгі майда шөп ж.б.) олардың теріс әсері әсіресе төменгі температура мен жоғары топырақ ылғалдылығында күшейе түседі. Топырақ токсиндерінің ықпалымен тамыршалар қысқарады және майысады, колеоптиле жарақаттанады, қысқарады, әрі өскіндер бұратылады. Токсиндерден төмен сапалы бидай тұқымдары (жарақаттанған, астық кенесімен залалданған) жоғары сапалыға қарағанда көбірек зардап шегеді.

Топырақка сіңірілген тұқымдар және олардың өркендері әртүрлі топырақ зиянкестерімен закымдалады, мұның өзі дала­лық өнгіштікті төмендетеді. Бүл орайда сымқұрттар (шыртылдақ коңыздың личинкалары) (жалған-сымқұрттар - қара қоңыздың личинкасы) өте қауіпті. Егер бір шаршы метрде 8-ден көп жоғарыда аталған коңыздардың личинкасы болса, онда олар көптеген өсімдіктердің далалық өнгіштігі мен тірі қалуын төмендетеді.

Сонымен топырақ жағдайлары тұқымның танаптық өнгіштігіне тұрақты әсер ететін фактор болып табылады. Оның ықпалының деңгейі топырақтың, су, температура, ауа ережелері, микробиологиялық, энтомологиялық, физикалық – химиялық қасиеттеріне тікелей байланысты. Тұқымның өніп көктеуі мен танаптық өнгіштігіне қолайсыз жағдайлардың әсерін нақты қалыптасқан жағдайға байланысты белгілі бір шараларды қолдана отырып азайтуға болады.

Өсіру жағдайлары мен агротехникалық шаралардың танаптық өнгіштікке әсері. Агротехникалық, экологиялық, метереологиялық және басқа жағдайлардың өзара күрделі қатынасы тұқымның танаптық өнгіштігіне әсер етеді. Агротехникалық жағдайлары жоғарылаған сайын, неғұрлым топырақ қасиеттері, ауа райы жағдайлары мен тұқымның көктетілуіне қажетті факторлары толығырақ ескерілсе, солғұрлым тұқымның танаптық өнгіштігі жоғары болады.

Көптеген зерттеулер көрсеткендей, тұқымның танаптық өнгіштігі алғы дақылға, топырақ өңдеу мен тыңайтқыш қолдану жүйесіне, себу мерзімі, тұқымның сіңіру тереңдігі мен мөлшеріне, егістікті күтіп-баптау шараларына байланысты өзгереді.

Дәнді және басқа танаптық дақылдарға алғы дақылды таңдағанда алғы дақылдардың биологиялық және морфологиялық ерекшеліктерін, олардың топырақтағы су-ауа ережелеріне, арамшөптермен ластануына, микробиологиялық, фитопотологиялық қасиеттеріне әртүрлі әсерлерін есте ұстаған дұрыс

ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің «А.И. Бараев атындағы АШҒЗИ ҒӨБ» РММ-нің, «С.Сейфуллин атындағы АТУ»-нің, облыстардың ауыл шаруашылығы тәжірибе стансалары мен сорт сынау телімдерінің (учаскелерінің) зерттеулері бойынша жақсы алғы дақылдардан кейін орналастырғанда нашар алғы дақылдарға қарағанда дәнді, майлы және мал азықтық дақылдардың далалық өнгіштігі 3-10% жоғары болды. Мәселен, жоғары да аталған университеттің өсімдік шаруашылығы кафедрасының көпжылдық деректеріне қарағанда Саратовская 29 жаздық бидайының далалық өнгіштігі сыдыра жыртқышты сүр танабында 62,5%, сүріден кейінгі екінші бидайда 56,1% болды және егін өніміне елеулі түрде әсер етті. Ақмола облысының Шортанды сорт сынау телімінде жаздық Саратовская 29 бидайының егін көгінің толықтығы таза сүр жерде 79%, жүгеріден кейін 71%. Қатты Харковская 46 жаздық бидайында тиісінше – 64 және 63% болды.

М.Қ. Сүлейменовтың көпжылғы ғылыми деректерінде жаздық бидайдың егін көгінің орташа көрсеткіші сүрі жерде 83%, ал жазықтілгішті сүдігерде 79% болды. Оның тұжырымы бойынша зерттелген сорттардың егін көгінің толықтығында айтарлықтай айырмашылықтар байқалмаған.

Көпжылғы байқаулар көрсеткендей, ғылыми тәжірибелерде, өндірістік егістіктерде дәнді астық дақылдарынан, көпжылдық шөптерден кейін орналастырғанда жаздық бидай тұқымының далалық өнгіштігі төмендейтіні дәлелденді, бұл әсіресе өте құрғақшылықты жылдары ерекше байқалады.

Мезгілінде және толық егін көгін алуда топырақты себуге сапалы дайындаудың маңызы зор. Топырақты өңдеу оның гидротермиялық және ауа ережелеріне айтарлықтай әсер етеді. Топырақты негізгі өңдеу тереңдігі мен егіннің көктеуіне үлкен ықпал етеді. Көптеген ғылыми мекемелердің , өндірістік ісссананың көпжылдық деректеріне қарағанда топырақты аудара жыртуды жазықтілгішті өңдеумен алмастырғанда топырақ жел эрозиясынан қорғалады, топырақ және атмосфералық жауын шашынды тиімді пайдаланудың нәтижесінде дәнді дақылдардың жаппай егін көгі қалыптасады да соңынан мол өнім жинауға мүмкіндік жасалады. Мұнда жиі түрде сүдігерді жазықтілгіштермен саяз өңдеу ылғалдың жақсы сақталуын, жаздық бидай мен басқа дақылдардың толық егін көгін алуды қамтамасыз етеді.

Себу алдындағы топырақ өңдеу–борпас және тұқым орналасатын тығыз төсеніш қабат жасайды. Еліміздің әртүрлі топырақ-климат аймақтарында жүргізілген зерттеулерге қарағанда себу алдындағы топырақты тығыздау тұқымның танаптық өнгіштігіне оң әсер ететінін көрсетті. Тығыздаудың нәтижесінде жоғары себу қабатына қарай ылғалдың капиллярлы жылжуы жүреді, топырақ жақсы қызады, тегістеледі және осылар тұқымның біркелкі тереңдікке сіңірілуін қамтамасыз етеді де жаппай егін көгін береді. Себу алдындағы тығыздау әсіресе жеңіл, нашар тығыздалған топырақта және ұсақ тұқымды дақылдарды сепкенде өте тиімді.

Ең қолайлы агротехникалық мерзімде себу — тұқымның да­лалық өнгіштігін арттырудың басты шарттарының бірі. Себу мерзімі дақылдардың биологиялық ерекшеліктеріне, сонымен қатар температура мен егілетін топырақ қыртысының ылғалдылығына байланысты. Сепкен уақыт пен өркеннің пайда болған кезеңіндегі топырақ пен ауаның температурасы арасында тура тәуелділік бар. Ал тұқымның топырақта жатқан мерзімінің ұзақтығы мен оның далалық өнгіштігінің арасында кері қатынас байқалады. Мәселен, оңтайлы (оптималды) уақыттан ерте, қызбаған, салқын топыраққа сепкенде тұқымдар бөртеді, бірақ сылбыр енеді, өркеннің пайда болу уақыты созылады. Мұндай егістіктер арамшөптермен ластанады, тұқымның дала­лық өнгіштігі қатты төмендейді.

Орта есеппен 9 жылда Ақмола облысы жағдайында жаздық бидайдың танаптық өнгіштігі 5-мамырда себілгенде – 76%, 20 мамырда - 80% және 5-маусымда - 77% болды. Ал Қостанай облысында аталған мерзімдерде себілгенде – тиісінше – 77, 86 және 76%-ды құрады.

Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасының зерттеулерінде қарақұмықтың себу мерзімі тұқымның танаптық өнгіштігіне, себуден егін көктегенге дейінгі кезең ұзақтығы, егіннің ластану деңгейі мен астық өніміне айтарлықтай әсер етті (Кесте 4).

 

Кесте 4. Қарақұмықтың себу мерзімінің тұқымның танаптық өнгіштігіне, себу–көктеу кезеңінің ұзақтығына, егіннің ластануы мен астық өніміне әсері (Б.А. Мұстафаев, 2003)

 

Себу мерзімі Танаптық өнгіштік,% Себуден көктеуге дейінгі тәулік саны Егінді жинау алдындағы арамшөптер саны, м2/дана Астық өнімі ц/га
25 мамыр 66,6 9,7
30 мамыр 74,2 12,5
5 маусым 75,7 12,8
10 маусым 74,4 11,7

 

Ерте себілген тұқымның далалық өнгіштігінің азаюы ұзақ уақыт салыстырмалы төмен температураның (+14,5°) әсерінен, ал кеш себілгенде — топырақтың беткі қыртысының кеуіп кетуінен болады.

Ақмола облысының қара-қоңыр топырақтарында С. Сейфуллин атындағы ҚазАТУ- нің өсімдік шаруашылығы кафедрасының жүргізген зерттеулерінде тарының егін көгінің жиілігі 20 және 30 мамырда себілгенде тыңайтқыш енгізілген танапта тыңайтқыш енгізілмегенге қарағанда анағұрлым жоғары болды және мол астық өнімін қалыптастырды.

Егіс нормасы мен себу әдісі де әртүрлі далалық өнгіштік көрсеткішіне әкеліп соғады.

Себу жиілігі соған сәйкес (қоректену алаңы) өсімдік тіршілігінің алғашқы күндерінен-ақ әсер ете бастайды. С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, ҚР АШМ-нің «А.И. Бараев атындағы ҚАЗАШҒЗИ ҒӨБ орталығы» РММ және баска ғылыми мекемелердің көп жылғы зерттеулерімен мынадай заңдылық анықталды: дәнді, дәнді бұршақ, май және кейбір мал азығындық дақылдардан басқаларында, әртүрлі тұқымдар және әдістермен сепкенде далалық өнгіштің өзгермегені байқалды.

Тұқым сіңіру тереңдігі далалық өнгіштікке айтарлықтай әс­ер ететін фактор. Оның өзі тұқымның ірілігіне, топырақтың механикалық құрамына, топырақтың егістік қыртысының ылғалдылығы мен тсмпературасына тәуелді. Н.Қ. Ижиктің деректері бойынша жаңбырдан кейін жеңіл сазданған ауыр топырақтарда дәнді дақылдар тұқымының ең жоғары далалық өнгіштігі оларды 1-2 см тереңдікке сіңіргенде байқалады. Сіңіру тереңдігін 4-5 см өсіргенде тұқымның далалық өнгіштігі жаздық бидайда — 26, арпада — 25, сұлыда — 16, қарақұмықта — 28 пайыз кемиді.

С. Сейфуллин атындағы Қазақ АТУ-нің өсімдік шаруашылығы кафедрасының зерттеулері көрсеткендей, егістік қыртысының қолайлы ылғалдылығына жаздық бидай тұқымының сіңіру тереңдігінің артуына қарай далалық өнгіштік азайды. Атап айтқанда, Саратовская-29 бидайының далалық өнгіштігі әртүрлі тұқым сіңіру тереңдігінде мынадай болды: 5 см — 70, 7,5 см — 58, 10 см — 34, Харьков 46 сортында тиісінше 68, 53 және 31 пайыз.

Егінді баптап-күтудің агротехникалық шаралары да тұқымның далалық өнгіштігіне үлкен ықпал жасайды. ЬІлғал жетімсіз, структуралы, жеңіл және орташа топырақтарда, немесе то­пырақтың егістік қыртысы борпылдақ болып келгенде себуден кейінгі топырақтың ережесін жақсартады, капиллярлық байла­нысты қалыпқа келтіреді. Себуге дейін және сепкеннен кейін топырақты тығыздау арқылы тұқымның далалық өнгіштігін арттыру еліміздің әртүрлі, оның ішінде Солтүстік Қазакстан аймағында көптеген ғалымдармен дәлелденді.

Жауын шашыннан кейін шаңдатылған сазды және саздақ топырақтарда қабыршақ пайда болады, оның үстіне ол кепкен сайын оның қалыңдығы мен тығыздығы арта береді. Тығыз қабыршақтан топыраққа ауаның енуі қиындайды да өскіндердің көп бөлігі қабыршақты жарып, жер бетіне шыға алмайды да опат болады нәтижесінде тұқымның танаптық өнгіштігі күрт кемиді. Топырақ қабыршағын оның түзіле бастағанында құртқан дұрыс. Жұқа қабыршақты жеңіл сеткалы тырмалармен оңай құртуға болады.

Тыңайтқыш кез келген танаптық дақылдардың өнімін арттыратын әсерлі фактор бола отырып егін көгінің қалыптасуына да ықпалдылық жасайды. Органикалық және минералдық тыңайтқыштардың әсерінен топырақтағы микробиолгиялық, физикалық-химиялық ережелер өзгеретіні белгілі. Аталған осы өзгерістер тұқымның танаптық өнгіштігіне әсер етпей қоймайды. Көптеген зерттеулер көрсеткендей, оңтайлы мөлшердегі органикалық тыңайтқыштар әдетте тұқымның танаптық өнгіштігін арттырады, өйткені олар топырақтың су- физикалық, химиялық қасиеттерін жақсартады.

Минералдық тыңайтқыштардың танаптық өнгіштікке әсері тыңайтқыш түріне, енгізілу мөлшері мен тәсіліне, сонымен қатар себу-көктеу кезеңіндегі метереологиялық жағдайларға байланысты өзгереді. Тұқымның көктеуіне барынша зиянсыз түрі – минералды тыңайтқышты топырақтың тереңірек қабатына енгізу (сүрі танабына немесе сүдігер дайындағанда) Мұндай жағдайда тұқымның танаптық өнгіштігі артатынын көптеген ғалымдар айқындады. Минералды тыңайтқыштарды топырақ бетіне, себу алдындағы топырақ өңдеумен қатар енгізу тұқымның танаптық өнгіштігін төмендетуі мүмкін.

Себу кезінде енгізілген тыңайткыштар, егер тыңайтқыш түйіршіктері мен тұқым арасында ауа қабаты болмаса, тіпті аз нормасының өзі тұқымның далалық өнгіштігін төмендетеді, бұл топырақ ерітіндісінің концентрациясы тұқым мен тыңайтқыш түйірлерінің түйіскен жерінде жоғары болуынан.

Өсімдік өскіндері мен көктеріне аса қауіптісі минералды тыңайткыштарды тұқыммен араластырып топыраққа енгізу болып табылады (экономикалық тиімді болғанмен). Бұл жағдайда тұқым мен тыңайткыштардың түйісу мүмкіндігі егін себуге дейін де, сепкеннен кейін де аса зор. Тұқымды тыңайтқыштармен араластырып қана себу қажеттігі туса, онда мұңы дәл себер алдында жүргізген дұрыс. Осы мақсат үшін бейтараптанған (нейтралданган) суперфосфат пайдаланылады. Ол үшін тұқым құрғақ болуы қажет. Тұқымды азот және калий тыңайтқыштарымен араластыруға болмайды. Тұқым мен суперфосфатты күні бұрын араластырғанда тұқымның далалық өнгіштігі, әсіресе жалаңаш тұқымды астықтардың, барынша төмендейді.

Далалық өнгіштікке себу алдында, егін көгі пайда болғанға дейін және алдыңғы дақыл үшін енгізілген топырақ гербицидтері (егер олардың улылығы топырақта ұзақ уақыт сақталса) әсер етеді. Сазданатын ауыр топырақтарда суару мен жаңбырдың әсерінен қабыршақ пайда болуы себепті егін көгінің пайда болуы тежеледі де танаптық (далалық) өнгіштік төмендейді.

 







Дата добавления: 2015-09-04; просмотров: 3031. Нарушение авторских прав

codlug.info - Студопедия - 2014-2017 год . (0.013 сек.) русская версия | украинская версия