Студопедия Главная Случайная страница Обратная связь

Разделы: Автомобили Астрономия Биология География Дом и сад Другие языки Другое Информатика История Культура Литература Логика Математика Медицина Металлургия Механика Образование Охрана труда Педагогика Политика Право Психология Религия Риторика Социология Спорт Строительство Технология Туризм Физика Философия Финансы Химия Черчение Экология Экономика Электроника

Тұқымның себу (егістік) сапасы




Қазақстанда тұқымды себу сапасына талдау біріңғай әдістемелермен мемлекеттік тұқым сапасына сараптама жасау лабороторияларында (зертханаларда) жүргізіледі. Себу сапа көрсеткіштерін екі топқа бөлуге болады:

1. Мемлекеттік үлгі қалыптармен (МҮҚ) мөлшерленетін себу сапа көрсеткіштері (тұқымның қоспалардан – қоқыстардан - тазалығы және санмен есептегендегі қоспалар мөлшері; лабораториялық өнгіштік; тұқымның ылғалдылығы; аурулар және зиянкестермен зақымдануы);

2. Мемлекеттік үлгіқалыптармен (МҮҚ) мөлшерленбейтін себу сапа көрсеткіштері (тұқымның ірілігі мен біркелкілігі; тұқымның тіршілікке қабілеттілігі;тұқымның өсу күші; 1000 тұқымның массасы; тұқымның себуге жарамдылығы т.б.).

І. Мемлекеттік үлгі қалыптармен мөлшерленетін (МҮҚ) себу сапа көрсеткіштері. Тұқымның тазалығы - егістік жадығаттың негізгі көрсеткіштерінің бірі. Егістік жадығаттың (тұқымның) тазалығы деп ондағы негізгі дақылдың пайызбен көрсетілген массасын атайды. Тазалықты анықтағанда көптеген дақылдарда (шөптерден басқа) 1 кг тұқымға есептегендегі басқа мәдени өсімдіктер мен арамшөптердің тұқым санын ескереді.Тұқым тазалығы , қоспа мөлшері мен саны әрбір дақыл үшін жеке-жеке МҮҚ- мен мөлшерленеді. Неғұрлым қоспалар аз болса, солғұрлым тұқым тазалығы жоғары. Таза тұқымдар өзінің биологиялық белгілерін (өнгіштік, тіршілік ұзақтығы т.б.) жақсы сақтайды және себуге аз мөлшерде жұмсалады.

Тұқымдық жадығатты тазалаудың міндеті- мүмкіндігінше, барлық қоспаларды негізгі дақыл тұқымынан аластату. Қазіргі заманғы тұқымтазалағыш машиналарда мұны толық іске асыру мүмкін болмай тұр. Сондықтан тұқымның себу және сорттық сапа көрсеткіштерінде аздаған мөлшерде қоспалар рұқсат етілген. Мысалы, дәнді дақылдардың 1 және 2 –сыныптарында (кластарында) тиісінше 1 және 2 % қоспа болады. Тұқым тазалығын немесе негізгі дақылдың сандық және сапа көрсеткішін тұқым тобынан сұрыпталған орташа үлгіден бөлініп алынған белгілі бір мөлшердегі екі шөкім бойынша анықтайды.

Талданып отырған дақылдағы қоспаға (қоқысқа) бөтен қоспалар мен кемтар тұқымдар жатады. Бөтен қоспаларға мыналар жатады: басқа мәдени өсімдіктердің тұқымдары; арамшөп өсімдіктерінің тұқымдары; қара күйе қапшықтары және олардың бөліктері; қастауыш( спорынья) және басқа саңырауқұлақ склероцийлері; тірі зиянкестер мен олардың балапан құрттары; бидай нематодасы мен галдары; топырақ кесектері, өсімдіктердің сабақ және басқа бөліктерінің сынықтары; өлі зиянкестер мен олардың балапан құрттары (личинкалары). Кемтар тұқымдарға жататындар: ұсақ және семген тұқымдар; езілген (жаншылған) тұқымдар; өнген тұқымдар (тамыршасы немесе өскіні тұқым ұзындығының кем дегенде жартысына жеткендері); шіріген тұқымдар; ұрылған және зиянкестермен жарақаттанған (тұқымның жартысы және одан көп бөлігі жоғалған) тұқымдар. Қолданыстағы үлгіқалыптар бойынша карантинді арамшөп тұқымдары бар тұқымдық жадығат себуге (отырғызуға) рұқсат етілмейді. Карантинді арамшөптер тізімі еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігінің ( ҚР АШМ-нің) ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің карантині жөніндегі мемлекеттік инспекциясымен (комитетпен) тұрақты түрде қайта қаралып отырады.

Құрамында улы арамшөп тұқымдары бар тұқымдық жадығат себуге (отырғызуға) рұқсат етілмейді.

Көптеген армшөптер тұқымдары мәдени армшөптер тұқымдарынан жеңіл ажыратылады, әсіресе ірі тұқымды дақылдарда, алайда, қиын бөлінетін арамшөптер тұқымдары да бар. Олардың тұқымдары пішіні, мөлшері және аэродинамикалық қасиеттері бойынша ластанатын мәдени өсімдіктер тұқымдарымен ұқсас, сондықтан тазалағанда оларды бөліп шығару қиынның-қиыны. Атап айтқанда Қазақстанда бидай мен қарақұмық дақылдарында қиын бөлінетін (ажыратылатын) арамшөпке татар қарақұмығы, ал арпа мен сұлыда-қара сұлы жатады. Бұл арамшөптер апробация кезінде мемлекеттік үлгіқалыптармен мөлшерленеді және олардың үлесі 5%-дан асып кеткенде егістік сорттық топтан шығарылып тасталады (жарамсыз деп танылады).

Жиі түрде егін жинау кезінде жоғары ылғалды арамшөптер тұқымы бүкіл тұқым тобының ылғалдылығын арттырады.

Басқа мәдени өсімдіктердің тұқымдары да МҮҚ-пен мөлшерленеді, өйткені әрбір келесі ұрпақпен бұл тұқымдар мөлшері артып отырады, әсіресе бұл ластаушылардың көбею коэффициенті айтарлықтай жоғары болғанда. Сонымен қатар қиын бөлінетін мәдени өсімдіктерге ерекше көңіл аударған дұрыс – бидайда бұл арпа мен қарақұмық, ал арпада – бидай мен сұлы.

Егістік жадығатта тірі зиянкестер мен олардың балапан құрттары да (личинкалары) болмауға тиіс, тек қана 3-сыныпта (класта) тұқымға әр килограмға шаққанда астық кенесінің 20 данадан аспағаны рұқсат етіледі.

Қазіргі кездегі МҮҚ талаптары бойынша бүтін, қалыпты дамыған, толық тұқымдармен қатар талданып отырған дақылда таза тұқымдық жадығатқа төмендегідей кемтар тұқымдар да жатқызылады: ұрықсыз тұқымдар;қабықтары, ұрықтары мен эндоспермісі жарақаттанған тұқымдар; тұқымдарының жартысынан көбі ұрылған тұқымдар; жалаңаш дәнді, аяз ұрған және шоқылған (өне бастаған) тұқымдар; өнген (өскіні немесе тамыршасы тұқым ұзындығының жартысынан аспағанда) тұқымдар.

Кемтар тұқымдардың не себептен және неліктен таза тұқымға жатқызылатынын қарастырайық.

Негізгі дақылдың тұқымдарына ұрықсыз және ұрықтары мен олардың қабығы жарақаттанған тұқымдар жатады: ұрықсыз тұқымдар табиғатынан болуы мүмкін - тозаңдану үрдісі бұзылғанда және механикалық ұрылудан немесе ұрықтың желінуінен( зиянкестер немесе басқалармен); ұрықсыз тұқымдардың табиғатында ұрықтың орнында терең ойық және ұрықты жауып тұратын болады. Табиғатынан ұрықсыз тұқымдар сирек кездеседі. Атап айтқанда, мысалға бидайда мұндай тұқымдар бір пайыз шамасында болады. Сондықтан мұндай тұқымдар тұқым сапасын бағалауда айтарлықтай рөл атқармайды.

Ұрықтың механикалық жарақаттануы комбайнмен егін жинағанда байқалады: барабан айналымы, дека мен барабан арасындағы саңылау және барабанға берілетін астық массасының мөлшері дұрыс реттелмегенде. Ұрықтың механикалық жарақаттану түрлері «Тұқымның себу(егістік) сапасы» бөлімінде егжей-тегжейлі баяндалған.

Ұрықсыз тұқымдарды қазіргі қолданыстағы тұқым тазалағыш машиналарда бөліп алу мүмкін емес, осыған орай оларды таза тұқымдарға жатқызады. Тұқымның өнгіштігін анықтағанда мұндай тұқымдар аталған көрсеткішті азайтады.

Ұрылған және зиянкестермен жарақаттанған тұқымдар, егер оларда тұқымның жартысы немесе жартысынан көбі жоғалған болса, қоқысқа( қоспаға) жатқызылады, ал мөлшері тұқымның жарты ұзындығынан көп болғанда оның ұрығының бар жоқтығына қарамай ондай тұқымдар тазаға жатқызылады. Тіпті ұрығы болғанның өзінде ұрылған тұқымдар толыққұнды бола алмайды, себебі тұқымның кесілген (жұлынған) жері микроағзалардың қоректік ортасына айналады, әрі мұндай тұқымдар белсенді түрде тыныс алады және айтарлықтай гигроскопиялы болады. Тұқымдық алқаптарды құрғақ ауа райында жинағанда комбайнды дұрыс реттемегенде ұрылған тұқымдар көп болады. Зиянкестермен жарақаттанған тұқымдар дақылға тән алғашқы пішінін сақтағанда оларды да негізгі дақылдың тұқымдарына жатқызады.

Тұқымдардың ірі жартыкештерін ұрықсыз тұқымдар сияқты тұқым тобынан осы заманғы тұқым тазалағыш машиналарда бөліп алу өте қиын. Тұқымдық жадығаттың сапасы өнгіштігін анықтағанда ескеріледі.

Ұсақ, семген тұқымдар қалыптасу және толысу кезеңдеріндегі қолайсыз жағдайлардың әсерінен, әрі «ыстық ұру» нәтижесінде түзіледі. Тұқымның нашар толысуынан жеткіліксіз толыққан, шамалы мөлшерлі, жеңіл және әжімделген тұқымдар қалыптасады. Мұндай тұқымдарды қоқысқа (қоспаға) жатқызады.

Егін жинау кезеңінде болатын жауын-шашынның әсерінен тұқым тобында өнген тұқымдар жиі кездеседі. Тамыры мен өскіндері негізгі дақыл тұқымдарының жартысынан кем өнген тұқымдар МҮҚ талаптары бойынша негізгі дақыл тұқымдарына қосылады. Мұндай тұқым тобының ебуге жарамдылығы өнгіштікті анықтағанда белгілі болады. Егер тұқым өнгіштігі төмен болса, ондай тұқымдар себуге жарамсыз деп есептеледі. Көптеген ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда өнген тұқымдар көп жағдайда егін жинағаннан кейін қайтадан өнуге қабілетті болады. Екінші рет бидай мен қара бидай тұқымдары жақсы көктейді, ал сұлы, арпа, жүгері, асбұршақ, зығыр т.б. тамыршалардың қайта қалпына келуі қиынырақ. Дәнді бұршақ дақылдарының өнген тұқымдары астық тұқымдастарға қарағанда өнгіштігін қайта қалпына келтіруге қабілеті төмен.

Жалаңаш немесе қабықтары опырылған тұқымдар, басқаша айтқанда, қабықтарынан ажыратылған тұқымдар, гүл қауыздарынан айрылған арпада, сұлыда, тарыда, жеміс қабығынан аластатылған қарақұмық тұқымдарында байқалады. Жалаңаш тұқымдар тазалау кезінде тұқым тобынан қиын ажыратылуына байланысты негізгі дақылдың таза тұқымдарына жатқызылады. Әсіресе тары, одан кейін қарақұмық тұқымдарының қабықтары жеңіл опырылады, оған арпа тұқымдары төзімдірек. Оңтайлы мерзімде жинағанда және сақтағанда жалаңаш тұқымдар қалыпты өнгіштікпен ерекшеленеді. Тұқымдық жадығатта көп мөлшерде жалаңаш тұқымдарды болдырмау мақсатында мемлекеттік үлгіқалыппен оларды жеке есепке алады (сұлы, тары, қарақұмық). Жалпы жалаңаш тұқымдар толыққұнды емес-қабықпен қорғалмаған тұқым қоршаған ортаның қолайсыз жағдайларына (ылғал, ауаның температурасы, зиянды микроағзалар) жеңіл ұшырайды, тез бүлінеді. Ондай тұқымдарды сақтық қорына құймаған дұрыс.

Аяз ұрған тұқымдар да тазалықты анықтағанда негізгі дақыл тұқымдарына жатқызылады, өйткені тазалау кезінде оларды тұқым тобынан толығымен аластату мүмкін емес. Жекелеген жылдары Қазақстанның солтүстігінде, әсіресе Солтүстік Қазақстан облысы, Қостанай, Ақмола облысының кейбір аудандарында (2009 жыл осыған дәлел) тұқымды толысу және пісу кезеңдерінде аяз ұрады, мұндай тұқымдарды сыртқы белгілері бойынша жеңіл ажыратуға болады. Аязға(үсікке) шалдыққан тұқымдардың үш деңгейі (дәрежесі) белгіленеді:

- бірінші дәрежесі - дәннің пішіні мен мөлшері қалыпты; тұқымда, көбінесе арқа жағында, ұсақ көлденең әжімдер және күңгірт түс байқалады;

- екінші дәрежесі - тұқым қалыпты мөлшерде, бірақ көлденең әжімділік дәннің бүкіл өн бойында анық көрінеді, жылтырлығы жоғалады, саусақпен ысқылағанда қабықтың жоғарғы қабаты кейде опырылады;

- үшінші дәрежесі - тұқым семген, деформацияланған, шала дамыған, түсі өзгерген, күрт әжімді, саусақпен ысқылағанда қабығы опырылып кетеді.

Тұқымның аяздан зақымдануы олардың пісу деңгейі мен аяздың қуатына байланысты өзгереді. Аяз ұрған тұқымдарда күрделі биохимиялық үрдістер жүреді де оның егістік сапасы нашарлайды: өну қуаты (энергиясы) мен өнгіштігі төмендейді. Аязға ұрынған тұқымдардың өнгіштігін анықтау кезінде қалыпсыз тұқымдар болуы мүмкін. Аяз ұрған тұқымдар нашар сақталады және саңырауқұлақ ауруларымен жеңіл залалданады.

Аязға шалдыққан тұқымдар негізгі дақылға жатқанымен бидай мен қара бидайдың үшінші дәрежелісі мемлекеттік үлгіқалыптармен мөлшерленеді. Бірінші сыныпты тұқымда аяз ұрған тұқымға рұқсат етілмейді, ал екінші және үшінші сыныпты тұқымдарда 3 және 5% шамасында рұқсат етілген.

Жоғарыда аталған тұқым фракцияларынан басқа (ұсақ, семген, ұрылған, өнген) негізгі дақылдың қоқысына (қоспасына) шіріген және жаншылған тұқымдарда жатады.

Тұқым тазалығы себу сапасының негізгі көрсеткіштерінің бірі болғандықтан ол МҮҚ- тда тиісті сыныптарына (класына) байланысты мөлшерленген және үш немесе екі сынып белгіленген, әрі ондай тұқымдар кондициялы деп есептеледі де егістікке пайдалануға рұқсат етіледі; танаптық (екпе) дақылдардың көпшілігіне (бидай, тары, арпа, асбұршақ, күнбағыс және басқалары) үш сынып (І-сынып тазалығы - 99%, ІІ-де - 98%, ІІІ-де - 97%), ал мал азықтық шөптердің көпшілігінде (еркекшөп, егістік жоңышқа, түйе жоңышқа, судан шөбі т.б.) – екі сынып (дақылына қарай І-де 98-95%, ІІ-де-96-90%).

Басқа өсімдіктер тұқымының қоспасы. Мемлекеттік үлгіқалып (МҮҚ) талаптары бойынша тұқымның тазалығын пайыз өлшем бірлігімен негізінен жалпы қоспалар (қоқыс) мөлшерін анықтайды. Сонымен қатар тұқымның егістік сапасына 1кг тұқым үлгісіне есптегендегі мәдени өсімдіктер мен арамшөптер тұқымдарының жеке-жеке сандары ескеріледі және ол көптеген танаптық дақылдар үшін МҮҚ–пен мөлшерленген. Атап айтқанда, І,ІІ,ІІІ-ші сыныпты (класты) бидай тұқымдарында тиісінше барлығы - 10, 40, 200 дана/кг тұқым рұқсат етілсе, оның ішінде арамшөптер тұқымдары – тиісінше 5, 20, 70 дана/кг; тарыда - І, ІІ және ІІІ - сыныптарында барлық басқа қоспалар тиісінше - 16, 100және 200 дана/кг; ал тек қана арамшөптер саны тиісінше - 10, 75 және 150 дана/кг; күнбағыста бұл көрсеткіштер тиісінше - 5, 15, 35 және 2, 5, 15 дана/кг, ал майлы зығырда – тиісінше сыныбына қарай 200-150, 550-500 және 1550 дана/кг. Ал жекелеген дақылдарға (жоңышқа, еркекшөп, судан шөбі т.б.) басқа өсімдіктер тұқымдары (мәдени, арамшөп) сыныбына қарай санмен емес пайызбен белгіленген.

Тұқымның өнгіштігі мен өну қуаты (энергиясы). Өнгіштік-тұқымның егістік (себу) сапасының маңызды бір көрсеткіші. Тұқымның өнгіштігі деп талдауға алынған үлгідегі қалыпты өскіндердің пайызбен көрсетілген санын атайды. Өнгіштігі жоғары тұқымдар өсіру технологиясын дұрыс қолданғанда жаппай, біркелкі, әрі қуатты егін көгін береді. Мемлекеттік үлгіқалып (МҮҚ) талаптарына өнгіштігі сай келмейтін тұқымдар себуге рұқсат етілмейді.

Далалық жағдайда лабораториялық өнгіштік пен өну қуатын анықтау мүмкін емес. Сондықтан бұл көрсеткіштерді негізгі танаптық дақылдар үшін қысқа мерзімде анықтауға мүмкіндік беретін лабораториялық әдістер зерттеп жасалынды және тұқымды көктету жұмыстары мемлекеттік үлгіқалыптар талаптарына сәйкес оңтайлы жағдайда жүргізіледі.

Тұқымды көктетіп,өнгіштікті анықтау үшін үш жағдай қажет: тиісті температура, ылғал және ауа. Көптеген танаптық дақылдарға көктету температурасы (дәнді астық дақылдарының бірінші тобы), дәнді бұршақ дақылдарының көпшілігінде (егістік жоңышқа, картоп, зығыр т.б.) +20 ºC, ал астық дақылдарының екінші тобы, көптеген жылу сүйгіш біржылдық шөптерде (судан шөбі, итқонақ т.б.), жекелеген көпжылдық шөптерде (еркекшөп, эспарцет т.б.), майлы дақылдарда (күнбағыс, қыша т.б.), тамыржемістерде -20-30ºC қажет; ауамен қамтамасыз ете отырып төсеніш ылғалдылығы көпшілік танаптық дақылдарға 60%-да қамтамасыз еткен жөн.

Өнгіштікті анықтау үшін тұқым тазалығын анықтағанда бөлініп алынған негізгі дақыл тұқымдары пайдаланылады. Тұқымды көктету үшін төсеніш ретінде кварцты құмды немесе сүзгіш қағазды қолданады.

Өнгіштікті анықтағанда өнген тұқымды есептеу әрбір дақылға белгіленген техникалық шарттарға сәйкес іске асырылады. Өнген тұқымды екі мерзімде есептейді: алғашқысында өну қуатын, ал екіншісінде өнгіштікті анықтайды. Өну қуаты (энергиясы) – белгілі бір уақыт аралығында қалыпты өніп шыққан тұқым пайызы, басқаша айтқанда, тұқымның жаппай өнуінің көрсеткіші болып табылады. Өну қуаты жоғары тұқымдар қоршаған ортаның қолайсыз жағдайларына төзімді келеді: мұндай тұқымдардың тұқымы тезірек өседі, дамиды және аурулармен аз залалданады. Бір ескере кетерлік жәйт, өну энергиясы мемлекеттік үлгіқалыптармен мөлшерленбейді. Сондықтан оқырман қауым аталған көрсеткішті осы бөлімде қарастырып отырғанымызды түсіністікпен қабылдайды деп есептейміз (өйткені бұл көрсеткіш «МҮҚ – пен мөлшерленбейтін себу сапа көрсеткіштері» бөлімінде баяндалуға тиіс еді).

Көптеген дақылдарда тұқымның өну қуаты үшінші немесе төртінші тәулікте, ал өнгіштігі - 7-8 тәулікте есептеледі, ал жекелеген танаптық дақылдарда лабораториялық өнгіштік (итқонақ, қатты бидай, еркекшөп т.б.) 8-10 тәулікте анықталады.

Тұқым өнгіштігін есептегенде қалыпты өнген, бөрткен, қатты, шіріген және қалыпсыз өнген тұқымдар ажыратылады. Алайда ескеретін бір жәйт, көптеген танаптық дақылдар ұшін өнгіштік пайызы тек қана қалыпты өнген тұқымдар көрсеткішімен анықталады.

Қалыпты өнген тұқымдарға өскіндері мен тамыршалары сау, әрі зақымданбаған тұқымдар жатады: тұқымы бірнеше ұрықтық тамыршалармен көктейтін дақылдардың (дәнді дақылдардың бірінші тобы) қалыпты өнген тұқымдарында екі және одан да көп ұрықтық тамыршалар дамиды, әрі олардың ұзындығы тұқым ұзындығынан кем емес және тұқым ұзындығының жартысынан кем емес өскіні болады; тұқымдары жалғыз тамыршамен өнетін дақылдардың (дәнді астық дақылдарының екінші тобы, дәнді бұршақ дақылдары т.б.) қалыпты өнген тұқымдарында жақсы жетілген, тұқым ұзындығынан қалыспайтын басты ұрықтық тамыршамен өскін қалыптасады.

Бөрткен, қатты тұқымдар өнбеген тұқымдарға жатады. Көптеген бұршақ тұқымдас дақылдарда (жоңышқа, түйежоңышқа, бөрібұршақ т.б.) өнгіштікті есептеу кезінде тұқымдар бөртпей қалады, мұндайларды қатты тұқымдарға жатқызады да бөлек есептейді.

Шіріген, қалыпсыз өнген тұқымдарды (өскіндері немесе тамыршалары кемтар, өскіні болса тамыршасы болмайды, немесе керісінше т.б.) өнбеген қатарына жатқызады.

Тұқымның қалыпсыз өсіп-дамуы әртүрлі себептерге байланысты, негізгісі - тұқымның ұрық бөлігінен жарақат алуы. Дәнді дақылдарда әдетте тамыршалар түзілмей қалады және бірінші кезекте басты тамырша болмай қалады. Тұқымды дәрілеу сапасы да (улы химикаттың артық мөлшерін пайдалану) әсер етеді:ұрықтың көктеуі кешігеді де тамыршалар мен өскіндердің қалыптан тыс жуандауы байқалады. Аязға шалдыққан тұқымдар (бидай тұқымдары) өнгенде ұзын,жіп тәрізді, түксіз тамыршалар қалыптастырады да кейіннен нашар дамиды. Аурулармен залалданған тұқымдардың (зең саңырауқұлақтарымен) өскіндері тығын пішінді болады, колеоптилесі үзіледі, ал жапырақшалары бұратылып кетеді де дамымай қалады.

Мемлекеттік үлгіқалыптармен (МҮҚ) тиісті тұқымдық сыныптарға сәйкес маңызды ауыл шаруашылығы дақылдары үшін төмендегідей лабораториялық өнгіштік мөлшері белгіленген (%):

- жұмсақ бидай,арпа, сұлы, асбұршақ т.б.- І-сыныпта – 95, ІІ-сыныпта - 92 және ІІІ сыныпта - 90;

- қатты бидайда - І, ІІ және ІІІ-сыныптарда тиісінше - 90, 87 және 85;

- күнбағыс тұқымының 3 сыныбында тиісінше -95, 93 және 90;

- екі сыныпты дақылдарда: егістік жоңышқа, судан шөбінде тиісінше - 80 және 70; еркекшөпте - 80 және 65; қылтықсыз арпабаста -75 және 65 %;

- картопта – екі сынып қарастырылған, үлгіқалыптарда өнгіштік % көрсетілмеген (барлық түйнектер өнуге тиіс);

- мақта тұқымында – 3 сынып қарастырылған, олардың өнгіштігі тиісінше – 95, 90 және 85%.

Тұқымның ылғалдылығы - сақтау мүмкіндігін анықтайтын тұқым сапасының басты көрсеткіштерінің бірі. Жоғары ылғалдылықтағы тұқымның тыныс алуы күшейеді, температурасы жоғарылайды, соның салдарынан тұқым өздігінен қызады да өнгіштігін жоғалтады. Ылғалдылық деп пайызбен көрсетілген тұқымдағы судың мөлшерін атайды. Негізгі әдіспен тұқым ылғалдылығын анықтағанда кептіргіш шкафтар пайдаланылады, бөлінген өлшеуіштерді белгіленген температура ережесінде Мемлекеттік үлгіқалып талаптарына сәйкес (МҮҚ) кептіреді. Жалпылама талдауда тұқым ылғалдылығын электрлі ылғал өлшеуіш аппараттарда анықтайды. Даулы жағдайда тұқым ылғалдылығын тек қана негізгі әдіспен анықтайды.

Мемлекеттік үлгіқалыптар (МҮҚ) бойынша тұқымның кондициялық ылғалдылығы еліміздің аймақтарына, жекелеген дақылдарға мөлшерленеді. Атап айтқанда, Қазақстанның солтүстік, батыс және шығыс облыстарында көпшілік дәнді дақылдардың тұқым ылғалдылығы 16-17%, жармалық дақылдарда (тары,қарақұмық) 15-16%, май дақылдарында 10-13%, астық-тұқымдас мал азығындық шөптерде 15% -дан көп емес, бұршақ тұқымдас мал азығындық шөптерде 13%-дан 1жоғары болмауға тиіс.

Тұқымның жоғары ылғалдылығы белгілі бір деңгейде тұқымның өну энергиясы мен өнгіштігін азайтады. Дақыл түріне қарай, жоғарыда келтірілген мөлшерлерден тұқым ылғалдылығы асып кеткен жағдайда, тұқымда еркін(бейтарап) ылғал пайда болады. Бейтарап ылғал немесе қиын – қыстау ылғалы тұқымдағы физиологиялық үрдістерді күрт белсендіреді де гидролитикалық ферменттердің қызметін күшейтеді. Дәнді дақылдар тұқымдарының ылғалдылығы қиын-қыстау ылғалдылығынан 2-3 % жоғарылағанда оның тыныс алу қуаты 10-20 есе артады. Мұндай тұқым үйіндісінде ылғал, көмірқышқыл газы жинақталады, температурасы артады, микроағзалардың дамуы күшейе түседі және тұқымның өздігінен қызуы жүреді. Осы үрдістердің нәтижесінде тұқымның өнгіштігі төмендейді немесе мүлде жоғалады.

ҚР А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының ҒӨБ РММ-нің зерттеулерінде жаздық бидай тұқымының өздігінен қызу пәрменділігіне ылғалдылыққа тікелей байланыстылығы байқалған. Үйіндідегі астық ылғалдылығы 16% болғанда ондағы температура бірте бірте төмендеген, ал өнгіштігі бір шамада қалған; ылғалдылығы 22% тұқымның 7 тәуліктен кейінгі температурасы үйіндіде 11ºC-ға артты, өнгіштігі 30%-ға төмендеді, ал 13-тәулікте тұқым өнгіштігін мүлде жоғалтты [33].

Тұқымның аурулармен залалдануы. Аурулармен зақымданбаған тұқымдық жадығатты егістікке пайдалану - ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол әрі сапалы өнім алудың бір кепілі. Тұқымтану іссанасында тұқымның аурулармен дерттенуін (залалдануын) анықтауға үлкен мән беріледі. Ауру тұқым жиі түрде дақылдың өсіп-дамуын әлсіретіп, кейіннен оның өнімі мен сапасын төмендетеді. Сондықтан да тұқымның аса қауіпті аурулармен залалдануына жол берілмейді, немесе мемлекеттік үлгіқалыптармен(стандарттармен) щектеледі.

Тұқымдық жадығаттың аурулармен залалдануын анықтағанда саңырауқұлақ және бактериялық аурулардың бар-жоғын, олардың түр құрамын, олармен залалдану дәрежесін белгілейді. Аурулармен залалдану нәтижелерін дақылға және ауру түріне байланысты массаның пайызымен немесе 1 кг тұқымдық жадығатқа есептегендегі санымен анықтайды. Тұқымның аурулармен залалдануын анықтаудың мемлекеттік үлгіқалыптармен (МҮҚ, МСТ) бірнеше әдістер қарастырылған. Төменде екі әдіс баяндалған.

Макроскопиялық әдіс. Тұқым тазалығын анықтағанда жай көзбен қарап немесе үлкейткіш (10-20 есе) шынылардың көмегімен ондағы қоспаларды да анықтайды: бидай,арпа, сұлы, астық тұқымдас шөптерде – қара күйе қапшықтары мен қастауыш (спорынья) склероцийлерін тұқым массасына пайызбен, ал бұршақ дақылдарында – ақ және сұр шірік склероцийлерін де тұқым массасына пайызбен есептейді.

Люминесценттік әдіс.Негізгі дақылдың тұқымдары қара қағаз бетіне салынып, ультра күлгін жарықтағыш аспаптың астына орналастырылады. Бидайдың сау тұқымдары көкшіл-жасыл немесе көкшіл – күлгін түспен жарықталады, ал қара күйе ауруымен жоғары дәрежеде залалданған тұқымдар қоңыр, көмескі түсте қалады.

Асбұршақ тұқымының кесел (аскохитоз) және фузариозбен залалданған жерлері көмескі қызыл-қоңыр түспен жарықталады.

Қант қызылшасының тұқымдары құрғақ шірікпен (фомоз) дерттенгенде тұқымның бетіндегі саңырауқұлақ пикнидалары ақ-күңгірт түспен, ал фузариозбен залалданған жүгері тұқымы ашық қызғылт – сары, немесе қызыл күрең түспен жарықталады.

Тұқымның зиянкестермен жарақаттануы. Зиянкестердің тұқымда жарақаттануынан егіннің көктеуі, дақылдың өсіп дамуы әлсірейді де өнім мен оның сапасына әсер етеді. Тұқымның зиянкестермен зақымдануын айқын және жасырын түрінде анықтайды. Оның үстіне пакетпен алынған орташа үлгіні тұқым сапасын талдау лабораториясына түскеннен кейін екі тәуліктен кешіктірмей талдау қажет. Егер талдау жылдың суық кезінде жүргізілсе, онда тұқым үлгісі бөлме температурасында 1,5-2,0 сағ. ұсталады. Кенелерді қозғалысқа келтіру мақсатында тұқым үлгісін 25-28 ºC-да 20-30 мин. бойы жылытады.

Тұқымның айқын жарақаттануын анықтағанда тұқым үлгілерін диаметрі 2,5 және 1,35 мм дөңгелек саңылаулы екі елеуіште елейді. Ұсақ тұқымды дақылдарға саңылау диаметрі 1,0 мм елеуіш қолданылады. Тұқым 3 мин. еленеді, елеуіштен өткен массаны астына қара қағаз салынған шынының үстіне төгеді де кенелердің бар-жоғы тексеріледі. Саңылау диаметрі 1,5 және 1,0 мм елеуіштерде қалған тұқымда бізтұмсық, зауза қоңыздары және олардың балапан құрттарының (личинкаларының) бар-жоғы қаралады; саңылау диаметрі 2,5 мм елеуіште қалған ірі зиянкестер және олардың балапан құрттары мен гусеницаларының бар-жоғы қаралады.

Талдау кезінде табылған тірі зиянкестердің әр түрінің санын 1 кг тұқымға есептейді. Кенемен зақымданудың үш дәрежесі белгіленген: бірінші дәрежеде - 1 кг тұқымда 20 данадан аспайтын тірі кенелер болады; екінші дәрежелі зақымдануда - 1кг тұқымда тірі кенелердің саны 20-дан артық және олар колония түзбейді, әрі еркін қозғалады; үшінші дәрежелі зақымдануда – кенелер киізденген тұтас масса түзеді және олардың қозғалуы қиындайды.

Тұқымның бізтұмсықпен жасырын зақымдануын бидай, қара бидай, күріш, арпа тұқымдарының тұқым үлгісінде тірі зиянкестер болмағанда, оның есесіне өлі бізтұмсықтар немесе олармен зақымданған тұқым болғанда анықтайды. Жасырын зақымдануын (жарақаттануын) анықтау үшін шөкімнен негізгі дақылдың 200 данасы сұрыпталады, абайлап оларды тілік бойымен екіге жарып кеседі және үлкейткіш шынының астында балапан құрттар, қоңыздар және куколкаларды айқындайды. Зақымданған тұқымдарды санап, олардың пайызын анықтайды.

ІІ. Мемлекеттік үлгіқалыптармен мөлшерленетін себу сапа көрсеткіштері. Тұқым ірілігі мен біркелкілігі. Тұқым ірілігі мен біркелкілігінің алынатын өнімге әсері ғалымдар мен диқан қауымын ертеден ойландырған. Көптеген шетелдік ғалымдар (Ф. Любарский, 1901; А. Новицкий, 1881; Габерлант, 1880; Вольни, 1881; және басқалар ірі тұқымдармен сепкенде өнімнің артатынына ертеден көңіл аударған. П.А. Костычевтың (1887) еңбектерінде тұқымдық жадығаттың ірілігіне айтарлықтай мән берілген. Ол өзінің «Тұқым сапасының өнімге әсері» деген монографиясында былай деп жазған: «Егістікке барынша жақсы, басқаша айтқанда жақсы дамыған ірі және ауырсалмақты дәндерді пайдалану өзінің әсері бойынша тыңайтқыш немесе өте жақсы өңделген топырақтың әсеріне пара-пар, сондықтан өнімді арттыру жолында тұқымды сұрыптауға жоғары да аталған екі шараға аударғандай көңіл бөлген дұрыс». Ірі тұқымдардың жоғары тиімділігі кейінгі кезеңдегі ғалымдардың жұмыстарында да дәлелденді (М.С. Савицкий, 1956; И.М. Коданев,1970; Г.В. Гуляев,1962; Н.И. Кулешев, 1963; П.П. Лукьяненко, 1968; ж.б.).

И.В. Алехин 100 жылдан аса жүргізілген эксперименттік зерттеулер нәтижелерін талдай келіп мынадай қорытындыға келген: ірі тұқымдар 9-11 жағдайдың 8-10 жағдайында кәдімгі тұқым мен ұсақ тұқымға қарағанда жоғары өнім береді, ал орташа тұқыммен салыстырғанда 5 жағдайдың төртеуінде осындай заңдылық байқалады. Ірі, біркелкі және биологиялық құнды тұқымдардан өнімнің жоғарылауы мен төмендеуінің мұндай қатынасы заңды құбылыс, ал ірі тұқымдардан өнімнің төмендеуі кездейсоқ жағдай немесе белгілі бір зерттеушінің таңдап алған тәсілінің ерекшелігімен байланысты.

Ірі тұқымдардың егістіктегі оң әсерін Қазақстанда жүргізілген зерттеулерде де әйгіленді. Бұрынғы Қазақ ауыл шаруашылығы институтының (В. Ферапонтов, 1967), Зырян селекциялық стансасында (П.Пискунов, 1965) және басқа ғылыми мекемелердің тәжірибелерінде ірі тұқымдармен себілген алқаптардан мол астық өнімі жиналған.

Ірі тұқымдардың артықшылығы көптеген ғалымдардың тұжырымы бойынша, оларда қорлық қоректік заттар көп жинақталған, ұрықтары ірі және т.б., осылар олардың биологиялық құндылығын сипаттайды.

Алайда, ірі тұқымдар мен орташа іріліктегі тұқымдардың құндылығы бір шамада болған тәжірибелер нәтижелері де белгілі.

В.Я. Юрьев атындағы Украина өсімдік шаруашылығы, селекция және генетика ҒЗИ-да И.Г. Стронаның жетекшілігімен бірнеше жыл бидай, арпа, тары ж.б. дақылдарымен жүргізілген зерттеулерде орташа және орташадан ірі тұқымдар барынша жоғары астық өнімін қалыптастырған, олар сорттың биологиялық ерекшеліктерін сипаттайды. Ал ең ірі және ең ұсақ тұқымдар не төмен немесе тұрақсыз өнім береді. Мұндай құбылысты Н.Г. Строна ірі тұқымдардың анатомиялық құрылымы борпас гипертониялық ағзалардан қалыптасқан, жеңіл жарақаттанады және тіршілікке қабілеттілігі әлсіз болып келетіндігімен түсіндіреді.

Солтүстік Қазақстанда да кезінде жаздық бидайдың тұқым ірілігін астық өнімі мен сапасына әсері жөнінде ірі зерттеу жұмыстары жүргізілді.

Біртұтас әдістемемен жүргізілген зерттеу жұмыстары мен өнімділік сапасын тұқым ірілігі анықтай алмайтын эксперименттік нәтижелер жинақталды. Біздің зерттеулер мен қазіргі «А.И. Бараев атындағы АШ ҒӨБ» РММ-нің бұрынғы тұқымтану лабораториясының зерттеулері осыған дәлел. Аталған лабораторияның деректері бойынша, оңтайлы себу мөлшерімен өсірілген Саратовская 29 жаздық бидайының әртүрлі фракцияларының астық өніміне айтарлықтай әсері байқалмады: оңтүстік қара топырағы жағдайында (Шортанды) әр гектарға 3,5 млн. өнгіш тұқыммен себілген танаптардан жиналған астық өнімі мынадай болды: кәдімгі тұқымнан (бақылау варианты) – 20,7; ірі тұқымнан - 20,7; ұсақ тұқымнан - 20,6; орташа тұқымнан - 21,0, орташа және ірі тұқым қоспасынан - 21,4 ц/га алынған.

Тұқым ірілігінен астық өнімі мен сапасына әсері жаздық бидай үшін Солтүстік Қазақстанның қара-қоңыр топырақтарында кезінде қазіргі «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің» өсімдік шаруашылығы кафедрасының ғалымдарымен зерттелді.

Танаптық және лабораториялық зерттеу жұмыстары жұмсақ және қатты бидай сорттарымен жүргізілді (Саратовская 29 және Харьковская 46). Бидайдың екі түрінің де тұқымдары електі (решетный) талдау негізінде «Петкус» машинасында 3 ірілікке(фракцияға) бөлінді: орташа, ірі және ұсақ тұқымдар. Орташа тұқымдарға 50%-дан асқан қатар екі електен шыққан тұқымдар жатқызылды,орташа тұқымдардан ірілерін ірі тұқымдарға, ал ұсақтарын - ұсақ тұқым фракциясына жатқызылды. Төртінші вариант ретінде кәдімгі кондициялы тұқымнан ұсақ тұқымдар аластатылып «ірі+орташа» тұқым тобы құрастырылды. Бақылау вариантына мұқият тазартылған және семген барлық тұқымдары аластатылған кәдімгі кондициялы тұқым тобы (фракциясы) алынды. Екі бидай түрі сорттарының әрбір фракциясы жеке-жеке 5 себу мөлшерімен себілді: аймақ жағдайында кепілдемелермен ұсынылған жұмсақ бидай үшін 3,0 млн/га өнгіш тұқым, қатты бидай үшін -3,5 млн/га өнгіш тұқым, кепілденген мөлшерден 25 және 50% төмен және жоғары.

Үш жылғы зерттеу нәтижелері көрсеткендей, жаздық бидайдың екі түрінде тұқым ірілігіне қарамай өну қуаты мен өнгіштігінде айтарлықтай айырмашылықтар байқалмады. Тұқым іріленген сайын оның бастапқы өсу пәрменділігі (қарқындылығы) көрсеткіштері - 100 өскіннің массасы, тамыршалардың массасы мен саны артты (Кесте 5).

 

Кесте 5. Тұқым ірілігіне (фракциясына) байланысты жаздық бидайдың себу сапасының өзгеруі (орта есеппен 3 жылда) (Әрінов Қ.К., 1998)

 

Тұқым ірілігі (фракциясы) Ірілігі-не қарай тұқым шығы-мы, % 1000 тұқым-ның масса-сы, г Өну қуаты (энер- гиясы), % Лабора-тория-лық өнгіш-тігі, % Бастапқы өсу күшінің қарқындылығы
10 тәу-лікте құм бетіне шыққан өскін са-ны, дана 100 өскін-нің масса-сы, г 1 өсім-діктегі тамыр-шалар саны, дана
Жұмсақ бидай
Кәдімгі (бақылау) 100.0 31,5 4,86 3,8
Ұсақ 14,7 22,2 4,05 3,4
Орташа 63,0 30,8 4,75 3,8
Ірі+орташа 85,3 33,8 5,11 4,0
ірі 22,3 38,9 6,13 4,3
Қатты бидай
Кәдімгі (бақылау) 100,0 38,1 8,05 4,1
Ұсақ 18,6 27,3 6,55 3,9
Орташа 56,9 38,2 7,58 4,2
Ірі+орташа 81,4 40,4 7,92 4,4
ірі 24,5 46,1 8,60 4,5

 

Жаздық жұмсақ бидайда ірі, орташа және ірі тұқым фракцияларының басқаларына қарағанда танаптық өнгіштігінің жоғарылау тенденциясы байқалады. Қатты бидай тұқымының барлық фракцияларында, ұсақтан басқасында, танаптық өнгіштік шамамен бір деңгейде болды. Басқа тұқым фракцияларына қарағанда ұсақ тұқымдардың танаптық өнгіштігі 5-13 %-ға төмен болды.

Жаздық бидайдың астық өнімінің 12,8-17,6 ц/га бола отырып зерттеу жылдарында жалпы деңгейі ірі, орташа және ірі тұқымдар қоспасы, орташа тұқым фракцияларының астық өнімінде айтарлықтай айырмашылықтар байқалмады, алайда ұсақ тұқымдар көпшілік жағдайда статистикалық дәлелденген төмен астық өнімін береді. Бидайдың екі түрінде де барынша жоғары астық өнімін төменгі себу мөлшерінде қалыптастырып, ал ұсақ тұқымдар ең жоғары өнімді салыстырмалы жоғары себу мөлшерінде қамтамасыз етеді, басқаша айтқанда, әртүрлі іріліктегі тұқымдардың оңтайлы себу мөлшері сәйкес келе бермейді.

Тұқым ірілігіне байланысты алынған өнімнің астық сапасы қызығушылық туындатады. Біздің зерттеулерімізде жаздық бидайдың түріне, тұқымның ірілігіне қарамай астықтың көлемдік массасы (натуралық массасы) мен шынылығында айтарлықтай айырмашылықтар байқалмады. Ал ақуыз (белок) мөлшері жөнінде мынаны айтқан дұрыс: зерттеу жылдарында орта есеппен жұмсақ бидай астығында ол көрсеткіш 16,1-16,9%, ал қатты бидайда - 17,6-18,1% болды; ұсақ тұқымнан қалыптасқан астық өнімінде ақуыз мөлшерінің және технологиялық сапа көрсеткіштерінің төмендеу тенденциясы байқалды.

Сонымен, тұқым ірілігі мен біркелкілігінің астық өнімі мен сапасына әсеріне байланысты әдебиеттер деректері мен өзіміздің ғылыми зерттеу нәтижелерімізге сүйене отырып Солтүстік Қазақстан жағдайында төмендегідей қорытындылар мен өндіріске ұсыныстар (кепілдемелер) берілген, ал оның мәні мынада: бидай тұқымын себуге дайындағанда оны ірілігі бойынша сорттау және фракцияларды жеке-жеке егістікте себу тиімсіз; тұқымдық жадығатты мемлекеттік үлгіқалып талаптарына сәйкес себу кондициясына жеткізу мақсатында тұқым тобынан ұсақ әрі сапасыз тұқым бөлігін аластатса жеткілікті; орташа және ірі тұқымдардың тұқым тобынан жалпы шығымы 81-85 % құрайды; өндірістік жағдайда тұқымның осы толыққұнды бөлігін тиісті саңылаулы електерді (решеткаларды) бірден таңдап алып тазалаған дұрыс; нәтижесінде күрделі тұқым тазалағыш агрегаттардан оның өткізу саны азаяды, әрі тұқымның жарақаттануы төмендейді. Айта кету керек, бұл кепілдемелер Солтүстік Қазақстанның ауыл шаруашылығы өндірісінің үлкен аумағында қабылданып, енгізілген.

Тұқымның тіршілікке қабілеттілігі - тұқымның өнуге қабілеттілігі. Ол талданатын үлгідегі тірі тұқымның пайыз мөлшерімен сипатталады. Тұқымның тіршілікке қабілеттілігін мына жағдайларда анықтайды: тұқым тыныштық күйде жатқанда, мұндай тұқымдар төмен өнгіштікте, алайда тіршілікке қабілеттілігі жоғары болады; тұқым сапасы жөнінде шұғыл ақпарат қажет болғанда (тұқымды тіршілікке қабілеттілігі бойынша сатып, ақшадай есептесуді өнгіштігі бойынша іске асырады); көктеу мерзімі біткеннен кейін өнбеген, бірақ бөрткен тұқымдарды бағалау үшін. Тіршілікке қабілеттілікті анықтау үшін тұқымның тазалығын анықтағаннан кейін негізгі дақылдан 100 данадан екі үлгі санап алынады. Тіршілікке қабілеттілікті анықтаудың бірнеше әдісі бар: сілті ерітіндісінде тұқымның ісіну жылдамдығымен, люминесценттік әдіспен және тұқымды бояғыш заттарда боялу ерекшеліктері бойынша.

Тұқымның ісіну жылдамдығы бұршақ тұқымдас өсімдіктерде (жоңышқа, беде ж.б.) КОН немесе NаОН сілтісінің 0,5% -ды ерітіндісінде өлі тұқым қабықтарының әртүрлі өткізгіштігіне негізделген. 20°C жылылықта 45 мин. өткенде тіршілікке қабілетті тұқымдар ісінеді, ал өлі тұқымдар ісінбейді.

Тіршілікке қабілеттілікті бояғыш заттарда анықтағанда (тетрозол, индиго- кармин немесе қышқыл фуксинде ) тұқымды алдын ала 18-20°C жылылықта белгілі бір уақыт аралығында (қара бидай, сұлы ж.б. - 1-2 сағ., арпа, күнбағыс - 4,5 сағ., бидай, жүгері-5-6, қарақұмық - 16-17, асбұршақ - 16-18 сағ. суда дымқылдандырады, сонан соң тұқымды ұзына бойымен тең екі жартыға бөледі (бидай, арпа, сұлы, жүгері, күріш), немесе тұқымдық қабығын алып тастайды (асбұршақ, күнбағыс, сиыржоңышқа т.б.), талдауға тұқымның бірінші жартылары алынады, ал екінші жартылары суы бар ыдысқа қалдырылады да қажет болғанда анықтауды қайталайды.

Тұқымды тетразолда бояу әдісі ұрықтық тірі клеткаларының түссіз хлорлы тетразолды формазанға айналдыру қабілетіне негізделген. Осының нәтижесінде тұқымның ұрығы қызыл түске боялады, ал өлі тұқымның ұрығы түссіз қалады. Бұл әдісті қолданғанда дайындалған әрбір жүз жартыкешті суда мұқият жуады, соңынан оларды стақанға салып үстінен 0,5%-ды тетразол ерітіндісін құяды да 20°C жылылықта 1 сағ. 30 мин. немесе 30°C жылылықта 40-50 мин. уақытқа қалдырады. Тиісті уақыт өткен соң тұқымды мұқият тексереді. Тіршілікке қабілетті тұқымдарға ұрығы боялған тұқымдарды жатқызады.

Тұқымның индиго-кармин немесе қышқыл фуксинде боялу әдісі ұрықтың тірі клеткаларының (жасушаларының) ерітіндіні өткізбейтін, ал өлі жасушалардың жеңіл өткізіп боялатын ерекшелігіне негізделген. Бұл әдісте стақандағы жуылған тұқым жартыкештеріне немесе қабығы алынған бүтін тұқымдарға 0,1%-ды индиго-кармин немесе қышқыл фуксин ерітіндісін зерттеліп отырған жадығат толық жабылғанша құяды. Белгілі бір уақыт өткеннен кейін (бидай, сұлы, арпа, жүгері, қарақұмыцқ ж.б. үшін 10-15 мин., асбұршақ, атбас бұршақ, майбұршақ, сиыржоңышқа т.б. -2-3 сағ.) тіршілікке қабілетті (ұрығы боялмаған) және тіршілікке қабілетсіз (ұрығы боялған) тұқымдарды есептейді. Тұқымның тіршілікке қабілеттілігін пайызбен екі үлгіні талдау нәтижелерінің арифметикалық орташа көрсеткіштерімен анықтайды; екі талдау нәтижелерінің ауытқулары МҮҚ талаптарынан аспауға тиіс; үлгілерді талдаудың нәтижелеріндегі айырмашылықтар рұқсат етілген ауытқулардан асып кетсе, анықтауды қайталайды.

Тұқымның өсу күші - тұқым өскіндерінің белгілі бір құм немесе топырақ қабатын жарып шығу мүмкіндігімен және жасыл өскіндерінің массасымен сипатталады. Бұл көрсеткіш егіс материалын, әсіресе тұқымның өну энергиясы төмен болғанда, аурулармен залалданғанда және тұқым зақымдануы мен олардың қалыпсыз өскіндері көп болғанда, бағалаудың қосымша әдісі. Тұқымның өсу қуаты 10-12 тәулік дегенде беткі қабатқа шыққан сау өскіндердің % саны мен жасыл өскіндердің 100 өскінге шаққандағы массасымен өлшенеді.

Өсу күші тек қана дәнді дақылдар, зығыр және күнбағыс үшін анықталады. Ол үшін негізгі дақылдың таза тұқымынан 100 данадан екі(ал күнбағыста 25 данадан 4 үлгі) үлгі санап алынады. Тұқым қалың қабырғалы шыны немесе керамикалық биіктігі 16 см және диаметрі 18 см сауыттарда көктетіледі. Сауытты саңылау диаметрі 1 мм елеуіштен өткізілген кварц құмымен толтырады. Зығыр мен дәнді дақылдардың тұқымдары үшін оны ең төменгі ылғалсиымдылықтың (ТЫС-тың) 60%, ал күнбағыс тұқымы үшін 15% мөлшеріне дейін дымқылдандырады. Ішінде бос қуыс қалмайтындай етіп құмды тығыздайды және бетін тегістейді , оның қалыңдығы сауыт ернеуінен 2 см төмен әрі дәнді дақылдар мен зығыр тұқымының сіңіру тереңдігіне тең болу керек , ал күнбағыс тұқымына төсеніш қалыңдығы 7 см болғаны дұрыс. Тұқымдарды сепкеннен кейін олардың бетіне 1,0-1,25 мм шамасындағы ірірек құрғақ ауа күйіндегі құммен дәнді дақылдарды 3 см , ал зығыр тұқымын 2 см қалыңдықта жабады. Барлық дақылдардың тұқымдары құмға сіңірілгеннен кейін сауыттың ернеуі жабылған құмнан 2 см биік қалуға тиіс. Дәнді дақылдар мен зығыр себілген сауыттардың беті шыны табақшалармен жабылады және тұқым 16-18 °C жылылықта жарықталған ортада көктетіледі. Жаңа жиналған тұқымдар алғашқы 4 тәулікте 8-12°C температурада көктетіледі. Алғашқы өскіндер шыны табақшаға жеткен кезде оны алып тастайды, ал өсу күшін 10 тәулікте анықтайды. Күнбағыс тұқымы себілген сауытты шыны табақшамен жаппайды және 20°C жылылықта көктетіледі, әрі өсу күшін12-ші тәулікте анықтайды. Егер қажетті температурамен қамтамасыз ету мүмкіншілігі жоқ болса, онда тұқым 25 °C –да көктетіледі де өсу күшін 9- тәулікте анықтайды.

1000 тұқымның массасы. Іссанада тұқымдық жадығаттың сапасын оның граммен алынған 1000 санының құрғақ-ауа массасымен де сипатталады. 1000 тұқымның жоғары массасы әдетте тұқымның ірілігімен байланысты Тұқымның мөлшері бірдей болғанда бұл көрсеткіш оның ішкі құрылымының тығыздығын сипаттайды және ондағы қорлық қоректік заттарды анықтайды. Өндірісте 1000 тұқымның массасын салмақтық себу мөлшерін есептеуге пайдаланады.

Көптеген танаптық дақылдардың 1000 тұқымның массасын анықтағанда негізгі дақыл тұқымдарын мұқият араластырады да іріктемей 500 данадан екі үлгі санап алынады,0,01- ке дейінгі дәлдікпен жеке-жеке өлшенеді; өлшеу нәтижелерін бір-біріне қосып, 1000 тұқымның орташа арифметикалық массасын табады. Бірінші және екінші үлгілердегі тұқым массаларының арасындағы айырмашылық орташа арифметикалық массаның 3%-нан аспаса талдау аяқталды деп есептеледі. Егер екі үлгінің өлшеу нәтижелеріндегі айырмашылық рұқсат етілген шамадан артық болса, онда үшінші үлгі сұрыпталады. Үшінші үлгінің өлшеу нәтижесін алғашқы екеуімен салыстырады және 1000 тұқымның массасы айырмашылығы барынша төмен үлгілермен анықталады.







Дата добавления: 2015-09-04; просмотров: 1530. Нарушение авторских прав

codlug.info - Студопедия - 2014-2017 год . (0.014 сек.) русская версия | украинская версия