Студопедия Главная Случайная страница Обратная связь

Разделы: Автомобили Астрономия Биология География Дом и сад Другие языки Другое Информатика История Культура Литература Логика Математика Медицина Металлургия Механика Образование Охрана труда Педагогика Политика Право Психология Религия Риторика Социология Спорт Строительство Технология Туризм Физика Философия Финансы Химия Черчение Экология Экономика Электроника

Түйнек бактериялары мен бұршақ тұқымдас өсімдіктер симбиозын анықтайтын факторлар.




Топырақ ылғалдылығы. Түйнек бактерияларының оңтайлы даму ылғалдылығы ТЫС-тың (төменгі ылғалсыйымдылыктьң) 70% шамасында. Түйнек бактерияларының топырақта әлі даму мүмкіндігі бар ең төменгі ылғалдылық мөлшері - шамамен толық ылғалдылықтың 16% деңгейінде. Мұндай шектен төмен ылғалдылықта түйнек бактериялары әдетте көбеймейді, алайда өліп те калмайды, тек қана пәрменсіз күйде ұзақ сақталады.

Температура. Бұршақты өсімдіктердің, түйнек бактерияларының түзілуінің және азот фиксациясы қызметінің оңтайлы температуралары бір-біріне сәйкес келмейді. Түйнектердің түзілуі 0°С-дан біршама жоғары температурада жүре алады, ал азот фиксациясы тек 10°С-дан жоғары болғанда басталады. Барынша жоғары (максималды) азот фиксациясы бірқатар бұршақ өсімдіктерінде 20-25°С-дан жоғары жылылықта байқалады.

Топырақ реакциясы түйнек бактерияларының тіршілігі мен түйнектерінің түзілуіне көп әсер етеді. Түйнектердің түзілуі үшін әлсіз қышқыл немесе бейтарап орта қажет, рН = 3,5 болганда бактериялардың Rhizobium штаммаларының барлығы опат болады.

Нитрагин қолдану. Азот фиксациясын жасайтын бактериялардың түзілуі мен қызметін күшейту мақсатында дәнді бұршақ дақылдарының түқымдарын таза түйнек бактерияларымен (нитрагинмен) өңдеудің маңызы зор.

Түйнек бактерияларының қызметін пәрмендендіре отырып өсімдіктердің азотты қоректенуін жақсартатын микроэлемент - молибден. Ол азотфиксациясын күшейтетін нитратредуктаза ферментінің құрамына кіреді. Егер топырақта молибден жеткіліксіз болса (1 кг топырақта 0,15 мг-нан кем болғанда), онда оны қолданудың тиімділігі өте жоғары болуы мүмкін. Молибденнің тиімділігін топырақты известеу төмендетеді, өйткені бұл агрошара топырақтағы молибденді өсімдікке сіңімді түрге айналдырады. Тұқымды себу алдында өңдеу кезінде молибден мен нитрагинді бірге қолданғанда оның тиімділігі артады.

Дәнді бұршақ дақылдарын жинау ерекшеліктері.Сабақтары жапырылғыш өсімдіктерді (асбұршак, сиыржоңышқа, ноғатық) екі кезеңді тәсілмен (бөлектеп) жинаған тиімді, ал сабақтары жапырылмайтын өсімдіктерді (бөрібұршақ, ноқат, атбас бұршақ) тікелей орып және бөлектеп жинауға болады. Ылғалды аудандарда біркезеңді жинау тәсілі жақсы нәтижеге қол жеткізеді. Дәнді бұршақ дақылдарын дәнді астық дақылдарына қарағанда төменгі кесу биіктігінде жүргізген абзал, астыққа бастырғанда барабан айналымын минутына 450-460-тан асырмау керек, ал мұның өзі тұқымды ұсатудан сақтайды.

АСБҰРШАҚ

 

Халық шаруашылығындағы маңызы.Асбұршақ біздің елімізде барлық дәнді бұршақ егістігінің 80%-дан астамында өсіріледі. Оны азық-түліктік және мал азықтық дақыл ретінде өсіреді. Оның тұқымдары амин қышқылдарымен теңдестірілген белокқа бай (18-35%), олар жақсы пісірілуімен және жоғары дәмдік сапасымен ерекшеленеді. Пісіп-жетілген және шала піскен тұқымдары (жасыл асбұршақ), сонымен қатар көкөністі сорттарының жасыл бұршаққаптары консерві өнеркәсібінде пайдаланылады. Жасыл асбұршақ жемісінде 25-30% қант, көптеген дәрумендер (А, В1, В2 және С) және қартаюды баяулататын инозит пен минералды тұздар болады.

Наубайхана өнеркәсібінде нанның белоктық қоректілігін арттыру мақсатында бидай ұнына 10 % ұнтақталған асбұршақ ұнын араластырады, нәтижесінде дәмдік, нандық сапасы жақсарады.

Асбұршақ + қоңырбастар тұқымдастар қоспаларын сүрлемге, жасыл балаусаға және пішенге өсіріледі. Асбұршақ ұнын малға құнарландырылған мал азығы ретінде пайдаланады. Асбұршақтың 1 кг тұқымында 1,17 азықтық өлшем және 180-240 г қорытылатын протеин, 12,5 г лизин, 1,7 г метионин, 0,2 г цистин және 1,5 г триптофан болады; 1 кг жасыл балаусасында 0,13 азықтық өлшем, 25 г белок бар, ал 1кг сабанында тиісінше олар 0,23 және 31 - ге тең.

Асбұршақ көптеген дақылдарға тамаша алғы дақыл, өйткені ол топырақта 50-70 кг/га дейін азот қалдырады. Оның тамыр жүйесі қиын еритін фосфаттарды ерітетін кабілетімен ерекшеленеді. Оның сүрі танабын иеленетін және жасыл тыңайтқыш ретінде пайдаланылатын да маңызы айтарлықтай.

Дақылдың тарихы.Асбұршақ бұдан 20 мың жыл бұрын (тас ғасырында) бидай, арпа, тары, жасымық, атбас бұршақ, ноғатык, сиыржоңышқа және басқа өсімдіктермен қатар дақылға енген (өсіріле бастаған).

Соңғы археологиялық қазбаларға қарағанда егістік асбұршақтың отаны Алдыңғы Азия (Закавказье, солтүстік-батыс Иран, таулы Түркіменстан, ішкі Кіші Азия) елдері, бұларда оның ұсақ тұқымды формалары өсіріледі. Н.И.Вавиловтың жазуы бойынша ірі тұқымды асбұршақтар екінші шығу тегі орталығына - Шығыс жерортатеңізі - бейімделген.

Ботаникалық сипаттамасы, өсіру аудандары және астық өнімі.Асбұршақ дүниежүзілік егіншілікте өткен ғасырдың соңында 10 млн. га жерде өсірілді, астық өнімі 4-9 ц/га аралығында өзгерді. Оны кең түрде Европа елдерінде, АҚШ-да, Канада, Қытай және Үнді елдерінде өсіреді. Бүгінгі күні оның Қазақстандағы егіс көлемі 30 мың гектардай. Еліміздің құрғақшылықты оңтүстік және оңтүстік-шығыс аудандарында оның егістігі шамалы, бұл оның құрғақшылыққа нашар төзімділігі мен асбұршақ жемірімен жарақаттану қаупіне байланысты.

Асбұршақ (Pisum L) бірнеше түрлерді біріктіреді, олардың ішінде барынша кең тарағаны полиморфты P.sativum L - мәдени егістік асбұршақ (Сурет 24).

Оның бірнеше түр тармақтары бар. Бастылары: кәдімгі егістік асбұршақ (P. Sativum), ақ гүлді және тұқымдары бір реңді ашық түсті (ақ, қызғылт, жасыл) және далалық асбұршақ (Р.Arvense), қызғылт-күлгін және күңгірт түсті гүлдері бар, тұқымдары қоңыр, ойықты немесе бұрышты болып келеді, жапырақ серігі қызыл антоциан дақты.

Егістік асбұршақтың тағамдық және мал азықтық маңызы бар. Оны аршылған және қанттық сорттарына ажыратады. Аршылған сорттарында бұршаққаптың қабырғаларында қатты пергамент қабаты болады, оларды астыққа өсіреді. Қанттық сорттарында пергамент қабаты болмайды, олардың бұршаққаптарын жасыл күйінде тағамға пайдалануға болады.

Олар негізінен көкөніс шаруашылы-ғында өсіріледі.

Асбұршақтың тамыр жүйесі кіндікті, сабағы жапырылғыш. Тек қана штамбалы сорттарында оның жоғарғы жағы жуандап өседі, буынаралықтары қысқа және жапырылмайды. Жапырақтары күрделі қосқауырсынды, бұтақтанған мұртша-лармен аяқталады; сабақ негізінде екі ірі жапырақ серіктері болады. Гүл шоғыры - шоқгүл, жемісі - бұршаққап, 3-10 тұқымды.

Далалық асбұршақ (пелюшка) мал азықтық мақсатқа ғана тұқымға, пішенге және жасыл балаусаға өсіріледі. Оның бағалылығы - оны қоректік заттары тапшы, құмдақ топырақтарда өсіруге болады, ол өте ерте піседі және тұқым шаруашылығы тіпті солтүстік өңірлерде тұрақты, әрі жақсы сүрі жерді иеленуші дақыл.

Биологиялық ерекшеліктері.Асбұршақ - барынша ерте пісетін дәнді бұршақ дақылы. Өсіп - - жетілу кезеңі сортына және өсіру жағдайларына байланысты 70-тен 140 тәулікке дейін созылады. Сондықтан асбұршақ жақсы сүрі жерді иеленуші өсімдік барлық аймақтарда, ал ерте пісетін сорттары оның егіншіліктің солтүстік шекарасына - 68° с.б. - дейін созылады.

Асбұршақ – өздігінен тозаңданатын өсімдік, алайда жазы ыстық және құрғақшылықты жылдары ашық гүлденуімен қатар шамалы мөлшерде айқас тозаңдануы байқалады.

Өсе бастағанда және тіршілігінің алғашқы кезеңінде тамыр жүйесі қарқынды дамиды да жер үсті массасы баяу өседі. Осы кезеңде асбұршақты арамшөптер қатты басады. Тамырларындағы түйнектер 5-8 жапырақтары кезеңінде (көктеуден 1,5-2 аптадан соң) қалыптаса бастайды. Максималды өсуі гүлденудің басынан пісудің басына дейін байқалады.

Температураға, ылғалға және топыраққа талаптары. Асбұршақтың жылуға талабы жоғары емес. Оның тұқымдары 1-2°С-да өне бастайды. Оның өніп-көктеуіне 15-200С, ал дәндерінің толысып пісуіне – 22-260С жылылық оңтайлы деп есептеледі. Асбұршақтың сорттарына байланысты өсіп-жетілуіне қажетті белсенді температура жиынтығы 1300-17000С аралығында өзгереді. Асбұршақтың егін көгі қысқа мерзімді – 6-80С бозқырауды көтере алады.

Асбұршақ тұқымы өзінің массасының 100-110% мөлшерінде ылғал сіңіргеннен кейін ғана өне бастайды. Ол бүкіл тіршілік үрдісінде ылғалды біркелкі шығындамайды, барынша көп мөлшерде ылғалға қажетсінуі (қиын-қыстау кезеңі) бүрлену-гүлдену кезеңіне сәйкес келеді. Оның транспирациялық коэффициенті сорттарына, топырақ-климат және өсіру технологиясына байланысты 300-600 аралығында өзгереді. Жоғары астық өнімін қалыптастыру үшін қажетті оңтайлы ылғалдылық топырақтың төмен ылғал сиымдылығының (ТЫС) 70-80%-ды құрайды.

Асбұршақ - кұнарлығы жоғары «бидайлық» топырақтар дақылы. Ол үшін жеңіл құмдақ топырақтар, қышқыл және сортаң топырақтардың жарамдылығы шамалы.

Қазақстанда астыққа өсіруге рұқсат етілген және кең тараған сорттары:

Рамонский 77.Ресейдің қант қызылшасы ҒЗИ-да шығарылған. Түршесі - вульгатум. Сорт орташа мерзімде піседі, құрғақшылыққа төзімділігі жоғары, ауруларға орташа төзімді. 1000 тұқымның массасы 180-250 г. Ақмола, Ақтобе, Жамбыл, Батыс-Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстарында өсіріледі.

Неосыпающийся 1. Ресейдің Луган МАТС-да шығарылған, эвадукум түршесіне жатады. Сорт орташа мерзімде піседі, шашылуға жоғары төзімділігімен ерекшеленеді, зиянкестер мен ауруларға орташа төзімді. 1000 тұқымның массасы 180-240 г. Ақмола, Шығыс-Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарында өсіріледі.

Омский неосыпающийся. Ресейдің Сібір АШҒЗИ-де шығарылған, эвадукум түршесіне жатады. Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында өсіріледі.

Таловец 50. Ресейдің Орталық-Қаратопырақты белдеуінің АҒЗИ-де шығарылған, вульгаре түршесіне жатады. Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында өсіруге рұқсат етілген.

Өсіру технологиясы. Ауыспалы егістегі орны.Асбұршақка жақсы алғы дақылдар - өздерінен кейін топырақты арамшөптерден таза және жеткілікті мөлшерде қоректік заттар мен ылғал қалдыратын дақылдар. Оларға сүріден кейінгі жаздықтар және жақсы тыңайтылған отамалы дақылдар (картоп, тамыржемістілер, жүгері ж.б.) жатады. Асбұршақ қайталама егістікті нашар көтереді, өйткені аурулармен (фузариоз) залалданады және зиянкестермен (бізтұмсықтар, жемірқұрттар) жарақаттанады, топырақта нематодалар тез көбейеді. Асбұршақты жаздық дәнді астық дақылдарынан кейін себуге де болады.

Көптеген ғалымдар асбұршақты бұрынғы орнына 4 жылдан ерте орналастыруға болмайтынын кепілдейді.

Асбұршақтың өзі басқа дақылдар үшін жақсы алғы дақыл болып табылады. Оны жиі түрде екі жаздық астық дақылдарының арасына немесе дәнді дақылдар мен техникалық дақылдардың арасына орналастырады.

Асбұршақтың ерте пісетін сорттарын екпе сүрі жерлерге себеді және мұнда олар жаздық дақылдарға жақсы алғы дақыл.

Тыңайтқыш.Асбұршақ тұқымдарының әрбір центнері тиісті мөлшердегі сабанымен топырақтан 6,0-6,5 кг азот, 1,6-1,8 кг фосфор және 2,0-2,5 кг калий шығындайды. Оның қоректік заттарға барынша көп қажетсінуі бүрленуден гүлденудің соңына дейін. Гүлденудің соңына қарай ол қажетті мөлшердегі калийдің 60-тан 100 %-га дейінгісін және фосфордың 65%-ға дейінгі мөлшерін пайдаланады. Сондықтан фосфор мен калий тыңайтқыштарын күзде, топырақты негізгі өңдегенде енгізген жөн. Олар өсімдіктердің дамуын жақсартады және бактериялардың азот фиксациялық қызметін күшейтеді.

Нақты жағдайларға байланысты асбұршаққа 50-60 кг Р205 және 40-50 кг/га К20 енгізіледі.

Қоректік заттарға кедей топырақтарда және қолайсыз өсіру жағдайларында асбұршаққа себу алдында шамалы мөлшерде (30-45 кг/га э.е.з.) азотты тыңайтқыш енгізу қажет. Жоғары астық өнімін алуды жоспарлағанда азоттың мөлшерін 60 кг/га дейін арттырады. Асбұршақ үшін тікелей көң енгізілмейді, себебі жасыл массаның қуатты өсуіне және пісуді кешеуілдетуге ұрындырады. Дегенмен, қоректік заттары жетімсіз топырақтарда екпе сүрі танабына 20-30 т/га органикалық тыңайтқыштар енгізіледі.

Себумен бірге қатарларға сіңірілген (0,5 ц/га) түйіршіктелген суперфосфат жоғары тиімділікпен сипатталады. Қосымша тұқьім өнімі 2-4 ц/га жетеді. Фосфор тыңайтқышы асбұршақ өнімін арттырып қана қоймай тұқымның пісуін де жеделдетеді, бұл екпе сүрі жерде, әрі еліміздің солтүстік және шығыс аудандарында өте маңызды.

Топырақты өңдеу.Асбұршақты дәнді астық дақылдарынан кейін орналастырғанда алғы дақылды жинап алысымен топырақты 22-25 см терең қопсыту қажет. Себу алдында әдетте топырақ тұқымның сіңіру тереңдігіне культивацияланады, бір мезгілде тырмаланады.

Асбұршақты себу алдында топырақты шлейф-тегістегішпен тегістейді және катоктармен тығыздайды. Бүл асбұршақ тұқымьн топырақта біркелкі және берілген тереңдікке сіңіруге мүмкіндік береді және механикалық егін жинауды, әсіресе жапырылған асбұршақты, жеңілдетеді.

Тұқымды себуге дайындау. Себуге асбұршақтың тұқымдық кондицияға жеткізілген ірі және біркелкі тұқымдарын пайдаланады. Өну энергиясын, танаптық өнгіштігін арттыруда, қуатты егін көгін алуда және жас өскіндерді микроорганизмдерден, саңырауқұлақ аурулары мен зиянкестердің зақымдануынан сақтандыруда тұқымды дәрілеудің маңызы зор. Ылғалдандыра дәрілеудің тиімділігі барынша жоғары. Себуден 15-30 тәулік бұрын дәрілеген дұрыс. Ол үшін асбұршақ тұқымын ТМТД 80 % (3-4 кг/т), фундазол, 50 % (2,0 кг/т) улы химикаттарының бірімен ПС-10, «Мобитокс» дәрілегіш машиналарда дәрілейді (әрбір тонна тұқымға 10 л су араластырылады).

Ылғалды аудандарда және суармалы жерлерде асбұршақ тұқымын нитрагинмен өңдеу (инокуляциялау) жақсы нәтиже береді: өсімдік тамырларында түйнек бактерияларының түзілуіне мүмкіндік жасайды, азотфиксациясын күшейтеді және нәтижесінде астық өнімі артады. Ол үшін тұқымдық материалды еденге немесе брезент үстіне жазады да 1 гектар танапқа себілетін тұқым мөлшеріне есептелген шөлмектегі нитрагинді 1 л суға ерітіп, жайылған тұқымғы шашады, соңынан тұқымды әбден араластырады. Тұқымды көлеңкелі жерде өңдейді, ал себуді қақпағы жабылған сепкіштермен себеді (тікелей түскен күн сәулесі түйнек бактерияларын өлтірмеу үшін). Мұндай тұқымдарды сол күні себу қажет.

Себу жұмыстары. Себу мерзімі. Асбұршақты ерте жаздық астық дақылдармен бір мерзімде себеді, топырақтың беткі қабатындағы ылғалды жоғалтып алмай тұрғанда. Қазақстанның негізгі асбұршақ өсіретін аймақтарында бұл мерзім төмендегідей:

- Солтүстік және Орталық Қазақстанда – мамыр айының екінші онкүндігінің соңы – үшінші оңкүндігінің басы – 15-25 – мамыр;

- Оңтүстік Қазақстан облыстарында – сәуір айының екінші оңкүндігі – 11-20 сәуір;

Шығыс Қазақстанда – мамырдың екінші-үшінші бескүндігі – 6-15 мамыр.

Аталған мерзімдс себілгенде топырақ жақсы жылынады, сіңімді ылғал қоры жаппай және қуатты егін көгін алуға жеткілікті, оның өсіп-дамуындағы ылғалмен салыстырғандағы қиын-қыстау кезеңі - бүрлену-гүлдену - қолайлы ылғалдылық жағдайында өтеді, өйткені бұл жаздың екінші жартысында түсетін жауын-шашынга сәйкес келеді.

Себу тәсілі. Асбұршақты әдеттегі жаппай қатардағы тәсілмен себеді, ал тұқымдық алқаптарда жаңа келешекті сорттарды жедел көбейту үшін - кең қатарлы тәсілді қолданады. Біздің елімізде асбұршақ кәдімгі дәнді астық дақылдарын себетін сепкіштермен себеді.

Себу мөлшері. Қазақстанның барлық аймақтарында жаппай қатардағы тәсілмен қара-қоңыр және оңтүстік-қара топырақтарында 0,7-1,0 млн/га өнгіш тұқым, ал кәдімгі қаратопырақтарда 0,8-1,2 млн/ға өнгіш тұқым себіледі. Асбұршақ егістігін тырмалау қажеттігі туындағанда тұқымның себу мөлшерін 1,2-1,4 млн/га өнгіш тұқымға дейін арттыруға болады.

Ірі тұқымды асбұршақ сорттары үшін оңтайлы себу мөлшері 0,8-0,9 млн/га өнгіш тұқым. Салмақтық себу мөлшері ірітұқымды сорттарда 240-300 кг/га, ал ұсақ тұқымдыларда - 150-200 кг/га.

Тұқымның сіңіру тереңдігі. Асбұршақта тұқымдарының ірілігіне байланысты масақты астық дақылдарына қарағанда тұқымның сіңіру тереңдігі көбірек. Ол топырақ және метеорологиялық жағдайларға қарай: қаратопырақты аймақтарда тұқымды 6-8 см сіңіреді, құрғақшылықты аудандарда - 8-9 см. Егер көктем салқын және ылғалды болса, сіңіру тереңдігін 5-7 см дейін азайтады, ал солтүсік аудандардың ауыр топырақтарында - 4-5 см-ге дейін.

Егістікті күтіп-баптау.Оны себуден кейін бірден тығыздаудан бастайды. Бұл әсіресе көктем құрғақ болғанда және қуаңшылықты аудандарда тиімді. Топырақ жағдайларына байланысты егістікті көктегенге дейін және көктегеннен кейін тырмалау қажеттігі болуы мүмкін. Көктегенге дейін тырмалау топырақ қабыршақтары түзілгенде немесе арамшөптердің айтарлықтай мөлшерде өскіндері пайда болса жүргізіледі. Асбұршақ жақсы тамырланғанда (3-4 жапырақ пайда болғанда және олардың биіктігі 4-5 см-ге жеткенде) күннің екінші жартысында тырмалау қайталанады. Бұл уақытта өсімдіктерде тургор әлсіз болады да, олар онша сынғыш болмайды.

Асбұршақ егістігі арамшөптермен қатты ластанғанда гербицидтер қолданылады: біржылдық дара және қосжарнақты арамшөптерге қарсы асбұршақ көктегенге дейін топыраққа Прометрин, 50% (препарат бойынша 3-5 кг/га) бүркіледі; біржылдық қосжарнақты арамшөптерге қарсы Базагран 48% (3,0 кг/га) асбұршақтың 5-6 жапырақ кезеңінде егістік бүркіледі, біржылдық және көпжылдық қоңырбас тұқымдас арамшөптерге қарсы Фюзилад Супер 125 (1,0-2,0 кг/га) асбұршақтың 4-5 жапырақ кезеңінде егістік бүркіледі. Шіркейлер көбейіп кеткенде асбұршақ егістігі 40 % фосфамид препаратымен - 0,5-1,0 кг/га өңделеді.

Асбұршақ жемірқұрттары мен басқа зиянкестерге қарсы егістік асбұршақтың өсіп-даму кезеңінде Ровикурт, 25% (0,3 кг/га) бүркіледі.

Егінді жинау.Біркелкі піспеуі, піскен бұршаққаптардың жарылуға бейімділігі және сабақтарының жапырылғыштығы асбұршақ егістігін жинауда қиындықтар туындатады. Жақсы нәтижелер екі кезеңді жинау тәсілінде алынады.

Екі кезеңді (бөлектеп) жинаудың оңтайлы мерзімі асбұршақтың бұршаққаптарының 75-80 % сарғайғанда немесе тұқымдарының ылғалдылығы 30-40 %-ға жеткенде. Мұндай жағдайда барынша жоғары өнім және жақсы сапалы тұқым жиналады.

Дестелерді жинап бастыру СК-3, СК-4, Енисей-1200 және басқа комбайндармен іске асырылады. Дестелерді шабылғаннан кейін 2-3 тәуліктен соң тұқым ылғалдылығы 18-20 % жеткенде бастырады. Бұл жұмысты 3-4 тәулікте аяқтаған дұрыс, өйткені қатты кебіңкіреп кеткен дестелерде тұқым шығыны бұршаққаптарының жырылуы есебінен арта түседі.

Бір кезеңді (тікелей орып бастыру) егін жинау далалы құрғақшылық аудандарда қолданылады, мұнда асбұршақ біршама біркелкі піседі, ал дестелер желдің әсерінен бұзылады. Бұл үшін комбайндарда арнаулы реттеу жұмыстары жүргізіледі.

Бастырылған тұқым сақтауға кұяр алдында кептіріледі (14-15%-ға дейін) және күрделі астық тазалағыш құрылымдарда тазартылады. Тек қана тазаланған және кептірілген тұқымдар ұзақ сақталады.







Дата добавления: 2015-09-04; просмотров: 1403. Нарушение авторских прав

codlug.info - Студопедия - 2014-2017 год . (0.021 сек.) русская версия | украинская версия